10:01
Атбегілік арналары

ТАЙ-ҚҰЛЫННЫҢ СЫНЫ

Жүйрік құлын тумай жүйрік ат болмайтыны түсінікті қағида. Қазақта «ат тұяғын тай басар» немесе «өзіңнен құлын тумай атқа жарымайсың» дейтін қанатты сөздер бар. Сол себепті халқымыз құлындарға ерекше назар салып, мән берген. Тіпті, құрсақта жатқан құлынды сынайтыны жайлы бұған дейін де айтылды. Ат сыншыларына ортақ қағидат: жүйрік табар биенің құлыны төмен бітеді, яғни биенің қарны жер сызып тұрады дейді.

Сол сияқты сыншылар құлынды желіде де сынайды. Бие бауда, желіге байланған жүйрік болар құлындарды басқа құлындардан ерекшелеп, кеңсірік, желкесін ноқтаға қиғызбай мәпелейді. Кейін келе арда, тел емізіп сүйегін ақ жіліктендіреді. Көзден таса етпейді. Қасқырға жегізбеу жағын ойластырады. Ұры-қарыдан таса қауіпсіз орынға бағып-күтеді.

Тұлпар болар құлын үшін ерекше көңіл аударатын бір нәрсе оған алғашқы қырық күнде қулықтың сүтін, екінші қырық күн бойы қысырдың сүтін еміздеі. Алғашқы тоқсан біткен соң, құлынға түрлі жылқы аурулары жоламас үшін, жеміне қызыл дәрі қосып береді. Қазақтар оны «алтын күкірт» деп атаған.

 

Жүйрік тайдың сыны:

  1. Кеудесі кең, бүккіштеу, қарынсал, аузы, жағы, тұмсығы ұзын, үрпек жүнді, денесі түкті, қылшық басқан, алды-арты тең төртбақ, аяқтары жуан, шашалы, кірпік-қасы мол, арты талтақ, тізесі шор, буындары жуан, төсі шалқақ, мойыны ұзын, үстіңгі күрек тістері ақ, астыңғы тістері көгерген, асты-үсті қасқа тістері жымдасқан, түйе тісті, жан-жағына ұрлана қарағыш келеді.
  2. Ұйқышыл, түс көріп ұйқысырап шіңкілдеп кісінейді, айғыр болғыш, оқыранғыш, төрт аяқтап жатып күнге қыздырынғанды ұнатады. Тезегін тастаған соң иіскегіш, мінезі кең, үйіршіл, жуас, кісіге жуық келеді. Денесі дөңгелек бүккіштеу, еріндерінің айналасында ұзын сақалы бар. Алдыңғы аяқтары ішіне, артқы аяқтары сыртына қарай маймақ, төсі шығыңқы келеді.
  3. Дөненнен шыққан тұлпарды ашық аспан астында бас білдіреді. Таралып өссін деп, мойнына жібек арқан тағып сүйретеді. Бес жасқа келгенде бел қызығын көрсін деп, бес бедеуге салады. Алты жасқа келгенде, жануарды ақтатып (піштіріп, тарттырып), ерекше бағым-күтімге алады.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 228 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: