16:38
Арулар - асыл жандар

АЛЬБИНАНЫҢ АСУЛАРЫ

Қазақта келіннің жөні бөлек қой қашанда. «Тастай батып, судай сіңіп», ата-ененің көңілінен шыға білудің өз бір төбе болса, босағадан оң аяқпен аттап, мезгілі жеткенде, немере сүйдіру өз алдына құрмет-мәртебе ғой, шіркін.

Танысып қойыңыздар – Альбина Жасқайратқызы Оспанова. Осыдан сегіз жыл бұрын Бесқарағай ауылына келін боп түсті. Қазіргі таңда ауылдағы ветеринарлық пункттің білдей меңгерушісі болып табылады.

 Сонау Қарағанды облысының тумасы Альбина 2009 жылы Павлодардың іргесінде орын тепкен Красноармейка елді мекеніндегі аграрлы-техникалық колледжді ветеринар-дәрігер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Лебяжі ауданы орталығы Аққу елді мекенінде бастап, қол созым жерде көрші жатқан Бесқарағай ауылында жалғастырды.

Шаңырақ көтерген жары Әлкен Оспановпен бірге 2010 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Бесқарағай ауылына келді. Айта кетейік, жары Әлкен – Бесқарағай ауылының тумасы. Содан бері абыроймен еңбек етіп келе жатқанына осымен бес жылдың жүзі болып қалды.

Қашан да ақжарқын Албина осы уақыт аралығында ауылдың ветеринарлық жұмысын ұршықша шыр айналдырып әкетті. Қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Табанды еңбек арқасында ғой Бесқарағай ауылында ғана былтырғы жазда бірде-бір мал ауруы тіркелген жоқ. Малды уақтылы вакцинациялауда, профилактикалық емдік шаралар жүргізуде осалдық танытып көрген жоқ қой Альбина. Өзі басқарып отырған пунктте жары Әлкен мен жақында ғана қабылданған Б.Бушанова дәрігер қызметін абыроймен атқаруда. Нормативті-құқықтық құжаттаманы ресімдеуде де асқан сауаттылық бірден көзге түседі.

Осынау игі іс жоғары жақтан еленбей қалмады. Былтырғы жылдың 14 қарашасында Альбина Оспанова Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қолынан «Ауылдың үздік ветеринарлық дәрігері» номинациясында конкурс лауреаты атанып, Дипломмен һәм бағалы естелік сыйлықпен марапатталды.

Альбинаның айтуынша, кезінде Красноармейка аграрлы-техникалық колледжінде оқып жүргенде жастық жігерімен сондай танымал болыпты. Қандай бастамалар болса, белсенділігімен көзге түсіп жүріпті. Нәтижесінде, «Нұр Отан» партиясының Павлодар аудандық филиалының Мадақтама грамотасымен де марапатталыпты. Бірнеше көркемөнерпаздар байқауларында да топ жарған қуанышты сәттері аз болмапты.

Оң аяқты келін болып түскен Альбина Дина және Дилалйла есімді бүлдіршін қыздарды дүниеге әкеліп, екі жаққа да құт әкелді. Бүгінгі таңда үлкен қызы төрт жаста, ал кішісі екі жасқа келіп қалды.

Жалпы, мал дәрігері ауылда қат мамандықтардың бірі ғой. Қазіргі мектеп түлектері де бұл мамандыққа оқуға, шыны керек, «айналайын» десең де бара қоюы екіталай. Ал Альбина өз жары Әлкенмен бұл ескірген стереотипті сылап тастады да мамандықты игеріп, қазіргі кезде соның берекелі нанын жеп отыр. Өзі асқан абыроймен атқарып жүрген қызметі арқылы ел-жұрттың ықылас-ризығына шексіз бөленіп отыр.

Асылы, Альбина Жасқайратқызы Оспановаға жұмыста табыс, жанұяда құт-береке, салтанат-мереке тілеп, көктемнің алғашқы қарлығашы – Халықаралық әйелдер, аналар мерекесімен шын жүректен құттықтайық.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] 

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 804 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: