22:17
Айтыс додасы

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕЙ ЖЕЛКІЛДЕП

Әлбетте, айтыс – халық ауыз әдебиетінің бірегей түрі. Осыдан екі ғасырдай уақыт бұрын, яғни қазақ музыкасы дін мен дәстүр тұсауынан босатылған уақытта пайда болды және өздігінен халық шығармашылығы іспетті дами бастады. Аталмыш кезең халықтың негізгі музыкалық дәстүрі – инструменталдық, ән-күй, ақындық жанрының гүлденуіне мүмкіндік жасалған ұлттың шын мәнінде рухани қайта өрлеу дәуірі болды. Бүтінді бөлшектей айтқанда, айтыс – халық арасында ақын деп аталатын екі суырып салма жыршы арасындағы сайыс. «Сөзбен айқасу бәрінен де күшті» деп данагөй халық бекер айтпаса керек. Айтыс кезінде ақындар кез келген еркін тақырыпты өлеңмен өрнектейді. Фольклордың басқа нысандарынан ерекшелігі – айтыс жиналған халықтың алдында өткізіледі. Айтыскер ақындар алдын ала дайындықсыз сайысқа қатысады, жауапты өлеңмен ойдан шығарып кезек-кезек қайтарып отырады. Бұл сайыс алғырлықты, терең ойды, жылдамдықты талап етеді. Домбырамен, қобызбен және ыммен өз жауабын сүйемелдей отырып, қарсыласына өлең түрінде бірден әрі дәл жауап ойлап тауып, оны қалжыңмен де үйлестіріп отырады. Айтыс сайысатын ақындардың дарынын көпшіліктің тамашалауымен көрініс табады, өлеңмен айтыс кезінде оның жоғары талантын әділқазы халық бағалап, орнықты орнын береді, содан кейін жеңімпаз ақын халық арасында танымал бола бастайды. Айтыстың түп тамыры өте ертеде бастау алған. Ертеде той-думандарда, әдет-ғұрып салт-дәстүрлерде, үйлену тойларда көпшіліктің бірігіп айтуымен, қыз бен жігіттің сөз тіресуімен айтылған. Айтыс біртіндеп дамып, жетіле бастады. Үлкен және шағын поэтикалық айтыстардың мәтіндері осы күнге ауыздан ауызға беріліп жетті. Мысалы, Орынбайдың, Шөженің, Түбектің, Жанақтың, Біржанның, Сараның, Әсеттің, Ырысжанның, Сүйімбайдың және халық арасында ауызша тарап кеткен және ХІХ-ғасырда қазақ және орыс ғалымдары жазып алған басқа да ақындардың айтысы, бұлар біртұтас шығарма болды. Қазан төңкерісіне дейінгі айтыстардың идеялық мазмұны көбінесе халықтың тұрмысына, қоғамдық тіршіліктің толғақты мәселелеріне арналды. Айтыскер ақындардың көзқарасына және ұстанымына қарай айтыс әртүрлі деңгейлерде өрбіді. Айтыс батырлық, әлеуметтік теңсіздік, рулық күрес, отырықшы һәм көшпенді тіршілік, жеке бастың еркіндігі, әйелдер теңсіздігі, сауат ашу қажеттілігі тақырыптарына арналды. Ең соңында жеңімпаз анықталып, даңққа ие болады. Осылайша, айтыс поэзия, музыка, драмалық қойылым, айту шеберлігі сынды бірқатар өнердің жиынтығын береді. Айтыс сөз байлығын, сонымен қатар қазақтардың музыкалық мәдениетін, халық даналығын көрсететін дәстүрлі қазақ мәдениетінде үлкен орын алады.

Жасындай жарқырай, аққан жұлдыздай зымырай аз ғана өмір сүрген ұлтжанды қазақ қаламгері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жүз жиырма жасқа толу мерейтойы биылғы жылы аймақ көлемінде кең етек жая құрметтелуде. Осынау ақынды тұлғалату орынды ғой қашанда.

Жуырда Лебяжі ауданы орталығы Аққудағы Мәдениет үйінде Павлодар облысының мәдениет басқармасы бастауымен һәм аймақтық «Шаңырақ» көркемөнер орталығының, оның ішінде соңғы уақытта жас ақындар айтысын дамытудың айтулы майталманы, есімі белгілі айтыскер ақын Асхат Тұрғанбектің қостауымен облыстық «Жас дәурен» оқушылар арасында ақындар айтысы көңілден шыға мәреленді. Айтулы ұйқасты өлең өнері додасына аймағымыздың тұс-тұсынан он төрт өрімдей жас ақындар бас түйістірді. Атап айтқанда, Павлодар қаласының намысын Хафиз Қайролла, Байрон Мәрес, Саяхат Оразбек, дарындылар ордасы Баянауыл ауданы намысын Базарбай Азамат, Серік Ерқанат, Мақажанов Дастан, Арғынбай Азамат, Лебяжі ауданы намысын Әлібек Архат, Жанбау Марғұлан, Павлодар ауданы намысын Әбдірайымов Ердәулет, Қашыр ауданы намысын Башой Қуандық, Май ауданы намысын Бағлан Ерлан және Ақтоғай ауданы намысын жалғыз қыз ақын Бейсенбі Толғанай қорғады. Айтыс додасына әділқазылықты Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, аймақтық «Ертіс дидары» газетінің редакторы, ақын Арман Қани, облыстық «Найзатас» көркемәдебиет журналының редакторы, ақын, тілші Ғалымбек Жұматов, танымал айтыс ақыны Қуаныш Шарманов, аймақтық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі, ақын Жарқынбек Амантайұлы һәм осы жолдардың авторы ашық та адал атқарды.

Айтысты жүргізген Асхат Тұрғанбек бірінші айналымда жеті жұп жас ақындарды өзара айтыстырды. Әр өрімдей оқушы ақын өз сөз саптауында әйгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық тұлғасына мән беріп, айтыстың негізгі тақырыбын дәріптеді. Сонымен бірге ақындар айтысына тән өзіндік өрнектерге сай бір-бірін мінеумен, сынаумен, қағумен әуреленді. Қайсыбірі белгілі айтыс ақындарының мақамына салып бақты. Біршама сахна төрін шиырлап үлгерген кей жас ақындардың жинақтаған тәжірибесі байқалып қалса, осынау деңгейдегі суырыпсалмалық тартысқа тұңғыш түскендердің кібіртіктеп қалғаны да қылаң берді. Десек те әрбір айтыскер оқушы ақын бабынан жаңылмауға барын салды.

Екінші айналымда өзара үш жұп құраған таңдаулы жас ақындар кіл мықтыны анықтауды сахна төрінде ойқастатты. Айталық, павлодарлық Мәрес Байрон негізгі тақырыпқа қоса мемлекеттік тілдің әлі де аянышты жағадйын, қазіргі кезде күн тәртібі тұғырынан түспей жүрген діндегі адасуларды ортаға салса, қашырлық Башой Қуандық осынау айтысты тамашалауға келген көрермендердің екінші айналым кезінде тым сиреп қалғанын қынжыла сынаса, баянауылдық Базарбай Азамат осы айтысты тамашалап отырған сыңай танытып отырған кей оқушылардың ұялы телефондармен ойнап отырғанын мінеді.

Қандай да бір сәтті бастаманың тәтті мәресі болады. Бұл жолы да дода нәтижеленді. Әділқазылардың ортақ шемімімен бас жүлдені Оразбек Саяхат қанжығасына байлап қайтты. Бірінші жүлде павлодарлық Қайролла Хафизге бұйырса, екінші жүлдеге лебяжілік Жанбау Марғұлан ие болса, баянауылдық Базарбай Азамат үшінші жүлдені қанағат тұтты. Мәрес Бапйрон «Тапқыр ақын», Башой Қуандық «Ұшқыр ақын», ақтоғайлық нәзік жас ақын Бейсенбі Толғанай «Жас ақын» номинацияларына ие болса, Павлодар ауданынан қатысқан Әбдірайымов Ердәулетке Лебяжі ауданы әкімі А.А.Құрманованың арнайы сыйлығын аудан әкімі орынбасары А.Ж.Қасымова табыстады. Суырыпсалмалық өзара айтыс тартысына қатысқан басқа да оқушы ақындарға белсенділік таныта қатысқаны үшін дипломдар, сыйлықтар ұсынылды. Әділқазылар алқасының төрағасы Арман Қани өз сөзінде осынау оқушылар арасындағы айтыс додасын ұйымдастырған Павлодар облыстық мәдениет басқармасына, ақын Асхан Тұрғанбекұлы бастаған «Шаңырақ» облыстық көркемөнер орталығына, Лебяжі ауданы әкімшілігіне, Аққудағы Мәдениет үйіне деген шексіз ризалығын шын жүректен білдірді.

Әңгіменің шымылдығын түрердің алдында біраз жайттарға тоқталғанды жөн көрдім. Айтыс тақырыбын қозғағанда оқушы ақындар біртума ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық әлемін үстірттеу ғана насихаттады. Қайталанбас ақынның, ұлт зиялысының тұлғасын танытуда әлі де қосымша таным-білім керек екені байқалды. Демек жас ақындарды баптайтын ұстаздардың құлағына алтын сырға. Сонымен бірге сахна өнерінің бірегей айнасы болатын айтысты тамашалауға жиналған көрермендер де әдеп пен мәдениет ұстанғаны жөн. Себебі бастапқы бетте саны жағынан әжептәуір болып көрінген көрермендер қатары бірінші айналымнан соң іле жалғасын тапқан екінші айналымда сиректене сүйірлене түсті. Ол ол ма, оқушылардың басым бөлігі ұялы телефондарына жиі-жиі үнілумен болып, жас ақындардың өнерін тамашалауды далада қалдырды. Біле білсек, айтыс өнері біздің өңірде жиі бола бермейтін ерекше құбылыс қой. Өзіміздің бағамызды өзіміз түсірмейікші.   

Асылында, облыстық «Жас дәурен» оқушылар арасындағы ақындар айтысы көрермендер көңілінен шынайы шыққанына көз де, көңіл де жетті. Осынау өлең мен домбыра сазы үйлескен көркемәдеби өнер аққулық көрермендердің рухани дүниесін молынан бір байтты.

әділқазы алқасының мүшесі

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1534 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: