11:18
Абайтануға айқындама

МИССИОНЕР СЕРГЕЙМЕН КЕЗДЕСУІ

 1882 жылы Мәскеудегі Қасиетті Синод Алтай миссиясының бір бөлігі ретінде Семей қаласында Қырғыз (қазақ деп оқыңыз) миссиясын ашып, миссонерлікке діни қызметші Филарет Синьковский тағайындалған. Онан кейін 1895 жылы Омбы епсикопына бағынышты аталмыш миссия белгілі дәрежеде дербестікке қол жеткізді. Сол дербестік нәтижесі – үш жыл өткенде 1898 жылы тұңғыш миссонерлік шіркеу Ертістің екінші беті, қазағы көп «Заречная слободка» (қазіргі Жаңа-Семей( аумағына тұрғызылған. Епископ Андриан дегеннің басшылығымен. Шіркеу жанынан миссонерлік орталық ашылған (шіркеу ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қазір де қызмет істеп тұр).

Сөйтіп, Омбы епархиясының уәкілі Сергей (дұрысы – Сергий) деген миссионер жаңа шіркеудің ашылу оқиғасына орай Семейге келеді. Бұл шамасы 1898 жылдың күзі. Омбыдан жеткен уәкіл: «Бір оқымысты мұсылман менімен мәжіліске шықсын, егер жеңіліс тапса, мешіттерді түгел жабамын», - депті-міс. Дін басшысы имам, халфелер қаты сасыпты. Өзеннің қазақ жағы бетіне салынған алғашқы шіркеуден онсыз да үркіп, дүрлігіп отырған ғой.

Эпопеяның «Шайқаста» тарауында Мұхаң кеңестік қатал талапты ескере отырып, ел есінде қалған дүрбелең оқиғаны орыс зиялысы Ф.Павловтың аузымен былайша жеткіздеі: «...Бұл шіркеуді «миссия» деп атайды. Оны өзіңіз де білесіз. Ал осы миссияда кім тұрады? Үлкен дінбасылары тұрады. Анау Омскідегі генерал-губернатор дәрежесіндей Ақмола, Семей екі облысының дінбасысы – епископ тұрады. Ол епископ Андриан осы қазағы көп Слободка қаласына әдейі кеп орнаған. Неге? «Қазақтың, татардың халқын шоқындырамын», «Іслам дінінен христиан дініне ауыстырамын» деп келіп отыр»»

Сөздің қысқасы, дүрліккен мұсылман қауымы дін үгітшісі Сергеймен сұхбатқа «дінімізді қорғаса, сол қорғап қалар» десіп, қырдан Абайды алдыртқан ғой.

Кезінде Семей көлемінде аса ірі оқиға саналған сол кездесу жайында тағы Мұхаң: «Миссонер Сергей поппен мәжілісі жарасып, кең әңгімелеседі. Сүйте отыра, Дарвинде кісіні құлатып, ап кетерлік күш бар екен, бұған дін қазығыңды мықтап алмай, соқтығу қатер екен дейді», - деп жазады. Қысқа қайырған сөзден ұғылатыны – Абай мен Сергей оңаша мәжілісте Дарвин ілімін сөз еткен (бұл кезде атеизм елесі енді-енді кезе бастаған ғой).

Енді Көкбайдың естелігіне көз тігелік: «абайдың өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны: - Сергей: «Біздің Құдай адамдарға жақын, әр үйдің пұшпағында тұрады. Мұсылман дінінше Құдай алыс әрі күш иесі, қорқытушы, сондықтан Құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты», - деді. Оған мен: «Біздің Құдай – «Рахмани-рахим». Ол қуат иесі ғана емес, Рақым да қылушы, қуаты қара күш бастаған қуат емес. мапақаты бар қуат: әке мен баланың арасы сияқты, әкеше сүюші Ие», - дедім. Сонан кейін Абай христиан дінінің «үш жүзді Құдай» деген ұғымына қарсы дау айтыпты. «Бірлігіне үш жүзді болу сия ма? Сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма? – деп. Бірақ бұл сөзге Сергейдің не айтқанын білмеймін, Абайдың соңғы айтқаны: «Сергей дін жайынан аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонсоң мен де дін жайын қозғағам жоқ».

Тағы Көкең сөйлесін: «...Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әрекідікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ибраһим Құнанбаевич сендердің тістерің бататын кісі емес», - депті». Анығы, сол Сергеймен болған мәжілісте «Абай Сергейден жеңілмей, өз дінінің абұйырын аман сақтап шықты» деген сөз отыз рулы елге тарап, Абай ауылына үлкен құрмет-ғиззатпен аттанады.

Сергей поп кім болған? Әзірге Семей мұрағатының «Семипалатинск в Омской епархии» деген құжатынан алынған қысқаша деректі келтіре кетелік: «Сергий (Стефан Алексеевич Петров) – епископ Омский и Семипалатинский (1901-1903)».

Сонымен, 1898 жылғы «Сократ хакімнің сөзі» шығармасы және Сергий поппен сұхбаты Абайдың теология жүйрігі болып қалпыстасқанын аңдатады.

Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында былай дейді: «Абайдың еленбей келе жатқан ерекшелігінің бірі – оның «Ояну дәуірі» тудырған ұлылар сияқты бақытқа кенелмесе де, данте сияқты алды – қараңғы, заманы – жаңалыққа түрен салмаған кездің өзінде, ескілікті бұзып-жарып жаңа жол салуы болды». Парасатты ғалымның «жаңа жол салды» деуімен философ Абайдың ренессанстық рөлін дөп айтқаны анық.

Бүгінгі уақыт тұрғысынан қарасақ та, Абай қазақтың бас ақыны әрі бас ойшылы екені талассыз ақиқат. Тәубе делік, тәуелсіздігіміздің арқасында Абай философиясы жайлы ештеңеге қарайламай, ешкімге жалтақтамай пікірлерді ашық ортаға салатын күн туды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: