09:54
Абайтануға айқындама

АБАЙДЫҢ ДІНІ

 Абай дінді адамгершілік тәрбиеге қалай пайдаланды дегенге келейік. Бұл жайында Мұхаң: «...Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін, өте шартты түрде ғана шамалы, шақты жерге ғана керекке жаратты. Ал өзінің шынайы үлкен мүддесі, ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып түсіп, кең жатады» деп нақтылап береді.

Расында да, Абайда басты мұрат – гуманистік, адамгершілік ақиқаттарды қазақ қауымы санасына шөктіру. Ол үшін керегі – сенушілік. Асыл мұрада діншілдіктің иісі де жоғы содан. Дінге тек адамгершілік тәрбие көзі ретінде қарап, осы мақсатта онан өзіне керегін алды. Айталық, Алланың сүйікті құлы болуды Абай фаталистік мәнде емес, адамның еркіндігін іске асыру деп білді. Адамдық атын жоймауға, пендешілік мінезден арылуға, иманнан пайда алуға шақырады. Ал пайда алу жолдары қайсы? Ол – өз ақылың мен еңбегіңе сүйену. Ол – адамдық, ізгілік, яғни өзгеге жақсылық ойлау, шама-шарқыңша шапағат тигізу. Нәпсіге ерсең, Алланың мейірімінен құр қаласың – осыған илану.

«Өзі үшін ғана еңбектенген адам азап шегеді. Басқалар үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына ортақтасады», - деген екен немістің абыз ойшылы Гете. «Егер бір харекетті өзім үшін деп бастасаң бір кедергіден екінші кедергіге тап боласың. Ал көптің қамы деп бастасаң, жолың айқара ашылады». Бұл Лев Толстойдың сөзі. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың», - дейді Абай. Көрдіңіз бе, үш дананың ойлары бір сағада тоғысқан. Бұл арада «Құдайдың пенделеріне салған жолы қайсы?» деген мәңгі сұрақтың жауабы бар. Оны үш данышпан да: «Құдай жолы – жанашыр харекет, көпке пайдаңды тигізу», - деп ұқтырып отыр. Асыл қағиданы Абай өлеңінде былайша өрнектейді:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін. (1896 ж.)

(Бұл жерде арабтың «мазлұм» сөзі бейшара, бақытсыз адам деген мағынаны білдіреді).

Сөйтіп, діншілдік мәдениетке де, адамшылық та тұтқа бола алмайды. Барша ізгілік пен жақсылық, барлық мейірім жылы жүректен туады. Жан мен рух азығы да – жүректе.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан шын асыл – тастай көрме, -

деуімен ойшыл осы ақиқатты ашып береді бізге.

Абай поэзиясында жүрек культінің ерекше оры алатыны аян. «Абай рухы» атты кітабында жазушы Дүкенбай Досжан: «сайып келгенде, Абай жасаған жүрек культі оның ойшылдығы мен адам  болмысын терең білетіндігі – қазақ ақынын әлемдік әдебиет алыптары Шекспир, Гете, Толстой есімдерімен қатар қояды», - десе, бұл әділ бағаға толық қосыламыз.

Абай дін насихатшысы емес, Алланы танытушы, хикметін зерттеуші хакім. Бұл ретте академик Ғарифолла Есімнің: «Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану, яғни теология мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) де «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған», - деп мәлімдеуі орынды.

Сөз соңы, Абайдың діні деген таусылмайтын терең тақырып. Көзіміз жеткен екі анық мынау. Біріншісі – Абайдың діни көзқарастары бүгінгі жаһандану дәуірінде адамтырмас бағдаршам есепті. Ойшыл зайырлы қоғамға ауадай қажетті сенушілік пен жаңаша діндарлықтың негізін қалады. Екіншісі – Мұхаң айтқан: «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген тұғырлы тұжырым ешқашан да ескірмек емес.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 34 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: