16:19
Абайтануға айқындама

ӘБІШТІҢ ҚАЗАСЫ

Әбіштің жары Мағрипа Сүлейменқызы туралы айтайық.

Бұған дейін сөз етілген әбішке арналған цикл ішіндегі ең көлемдісі – Әбіштің әйелі Мағышқа Абайдың шығарып берген жоқтауы екені белгілі.

...Қоймады күйік бойыма ес,

Әбіш сынды жарымнан.

Айырылған соң барымнан,

Жалғанда болмас жұбаныш!

Ұзақ жоқтаудың аяғы бұл. Абай «жалғанда болмас жұбаныш» деп көрегендікпен айтқан. Әбіштің сүйегін Алматыдан ақшоқыға жеткізілген күні «Мағрипа талып қалды. Бір түн есі кірмей жатты... Сарғайып төсек тартып жатып алды. Бір жылдай шамада қайғыдан о да қайтыс болды», - деп жазады Әрхам Ысқақов. 22 жасында жан пида қылу?! Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Сейфілмәлік – Жамал, Қыз Жібек – Төлеге, Еңлік – Кебектер де махаббат күйігіне осылай өртенген. Олардың есімі ғасырдан ғасырға жетіп отыр. Бізді Мағрипа мен Әбіштің ұмыт қалуы ойлантады. Олардың керемет ғашықтығы жырланса, үлгі етілсе, аңызға айналса не сөкеттігі бар. Ол ұлы махаббат сезімнің куәгері Абайдың өзі емес пе. Тақырып роман, повесть, киносценарийге сұранып-ақ тұр...

Айтылмай қалып бара жатқан бір сөзіміз Абайдың сүйікті қызы Гүлбадан тағдыры жайлы. Гүлдей толықсып бойжетіп келе жатқан Гүлбаданды көкше Дүтбай болыс Дүйсеке деген інісіне айттырған екен. Дүйсеке дерттен шұғыл қайтыс болады да, сәби баласымен Гүлбадан жесір қалады. Жесір мұңлықты әй-шәйға қаратпай, жылмаңдаған пысық Дүтбай екі әйелінің үстіне үшінші әйел етіп алады. Абайға қызының аянышты халі қатты батады, айырып, қайтарып алуға ел сөзінен бір, шариғат жолынан екі именеді. Әбдірахман өлімінен кейін ауыр тиген осы Гүлбаданның күйігі болады. «Дүтбайға» деген өлеңінде:

Мұңды, жылмаң пішінін,

Кезек киіп, ел жиып.

Болыс болса, түсінің

Түксігін салар тырсиып (1899 ж.), -

деп, күйеу баласына ұнатпай, жиырылып қарауында осы күйіктің салқын сызы бар сияқты.

Сөзімізді белгілі абайтанушы, академик Зәки Ахметовтің мынадай пікірімен тиянқтағымыз келеді: «Абайдың шығармашылық тұлғасы жан-жақты. Ондай әрі ойшыл, әрі сыншыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездеседі. Ұлт ұстазы, қазақ әдебиеті классигінің осындай жан-жақты болуы да тегін емес».

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 39 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: