09:43
Абайтануға айқындама

ҚҰТТЫ МЕКЕН ЖИДЕБАЙДА

«Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, - деп жазады Тұрағұл, - сол үлкен үйге кірген соң дәулеттеніп, молы да, ел ортасындағы үйі де сол үй болып, әмісе сол үйінде отырып, басқа үйіне оқта-текте ғана келетін болды». Айтса айтқандай, Абайдың шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаған Еркежан бәйбішенің еңбегі өлшеусіз.

Ағартушылық қызметі тұрмыс-тіршілікте де жалғасын тапты. Абай қала үлгісімен жарық, ауасы кең үлкен үй салдыртады. Осы күнгі Жидебайдағы мұражай үйі күрделі жөндеуден өткені болмаса, Абай жобалаған сол бастапқы үлгіде толық сақталған. Ол ас бөлме, жатын бөлме, жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі дегендей, 5-6 бөлмеден тұрады. Үй іші түрлі жиһаздарға толы. Аулада Абай мінген пәуеске арба тұр, ет сақтауға және қазан-ошаққа арналған арнау орындар бар. Осының бәрі Тобықты еліне жайылған өнегелі жаңалықтар болып табылады.

Жидебайды бұрын да ел «үлкен ауыл» дейтін. Енді 1994 жылдан соң, Абай реми би ме, би емес пе, онда шаруа жоқ, әділдік іздеген көпшілік «Жидебай қайдасың» деп ағылып отырған. Осыған қамқор ақын Құнанбай кіндігінен тараған он арысқа мықты сүйеніш, тірек болғанын қосыңыз. Абай дүниеден өткенде Шәкерім: «Күдеріңді үздің бе, Сүйенішім мықты деп едің!» - демей ме. 1897 жылы әлдебір заңсыздық үшін сотқа тартылғанда тағы Абай араша болады. Ақынның қан қысымын көтеріп, жүйкесін жұқартқан осындай үлкенді-кішілі оқиғалар аз емес. Күллі Ырғызбай баласы Абайды пана тұтты, Абай бара өздерін сенімді сезінді.

Ақындық мектепке еге Абай кейбір ұрыны да «ұрлығыңды қой» деп қасына көшіріп алуды машық еткен. Соның бірі – Алдоңғар деген ұрының меңке деген әйел баласы Абайдың шайын құйып береді екен. Сол қыз балаға үйретіп қояды екен: «Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, солай ма, Меңке, дермін. Сонда сен «иә, солай» де», - деп. Кешке сөз ұғар-ау деген адамдар келіп қонақ болғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөйлеп-сөйлеп келіп, жорта сұрайды екен: «Солай ма, Меңке» - деп. Меңке: «Я, солай», - дейді, сонда әлгі қонақтар: «Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы», - деп таңырқасады. Кейде сөйлеп болған соң, осы сөзімнің жалғасын тапсаңдар, көк бөркімді берейін дейді, онысы қонақтың қытығын тарқататұғын ойыны. Тұрағұлдың естелігінен алынған бұл үзінді Абайдың тыңдаушы қауым назарын бақылауында ұстайтын тамаша психолог ұстаз болғанын аңдатса керек.

1890 жылға шекті Абайдың ақындық шабыты толассыз шалқыды. Сезім билеп, ақындық дарыны кемерінен асып төгілгенде қолына қалам алғыза қояды екен. Жұмбақтар да жазды. Экспромт өлеңдері қаншама. Ақындық қуаты, бабы кеміген жоқ. Сол қарқын әрі қарай да сақталуға тиіс еді. Алайда төл өлеңдері жылма-жыл азая түсті. Неге деп, себепті өлеңдерінен іздегенде, ақынның әлдебір тығырыққа тірелгенін аңдаймыз. Япыр-ау, сөзіне неге ермейді халқы? Әлде өлең сөз жеткіліксіз бе? бәлкім, ақыл-ойды, өсиетті еркін айтуға проза, сөз жанры керек шығар-ау. Мұны Мұхтар Әуезов: «Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады», - деп нақтылап айтады.

Сөйтіп, оңға ма, әлде солға ма дегендей, жол айырыққа жеткен Абайды мазалаған ойлар прозаға жетелеп, ойшылдық көкжиекке бастады. Абайдың ендігі негізгі шаруасы осы – ғақлия сөздерін қағаз бетіне түсіру болады. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 38 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: