09:30
Абайтануға айқындама

ҚҰТТЫ МЕКЕН ЖИДЕБАЙДА

1894 жылы Абай Жидебайға біржола орнықты. Ғажабы, Абайдың мекені қай жерде болса, сол жер ел кіндігіне, адамдық тәрбие ошағына айналып отырған. Құтты мекен Жидебайда ойшылдың қарасөздері һәм терең пәлсапалық өлеңдері дүниеге келді. 1894-1895 жылдары Абайдың ағартушылық қызметі мен ұстаздығы күшейе түспесе, әлсіреген жоқ. Яғни ақындық мектебі қайта жанданды. Әсілі, жас буынды тәрбиелеп, баулу – ұстаз хакім Абайдың сүйіп атқарған жұмысының бірі. Кітапты індете оқу, газеттерді жаздыртып алу да кәнігі әдеті. Яғни үй университеті жұмысын тоқтатпай жалғаса берген.

Абай жасырақ шағы ақшатау қыстауында Дарвинді ақтарып, Милль, Спенсерді шұқшия зерттеп, Нью-Йорк университетінің профессоры Джон дрэпердің кітабына басын шайқап, таңырқағаны аян. Енді кемеліне келіп, толысқан шағында көне грек, ежелгі Рим дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель, Сократ, гомер, Софолк еңбектеріне ден қояды. Екінші жағынан, Дрэпердің кітабын оқыған соң шығыс қайнары туралы көзқарасы өзгеріп, оған басымдық бере бастаған. «Күншығысым күнбатыс, күнбатысым күншығыс болып кетті» дейтіні сол.

Тұрандық ғұламалар Қожа Ахмет Йассауи, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқариден бастап, Қаюм Насыри, Шихабуддин Маржаниге дейінгі ойшылдарды үңіле зерттейді. Мұхтар Әуезовтің: «ХІХ ғасырдың екінші жарымында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының ішіне араласады... Олар Жәләлиддин Ауғани, Мұхамет Ғабуһи, Шихабуддин Маржани, Исмағұл Гаспринский. Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар», - деуі осы жайдан да хабардар етеді.

Маржанидің шәкірттері Семейде, Қарқаралыда бала оқытты. Солар арқылы Абайдың Маржаниді білуі заңды нәрсе. Ал әл-Фарабиді Абай білді ме? Қазқатың тамаша ғалымы Ақжан Машани осы мәселені «әл-Фараби және Абай» атты кітабында түбегейлі зерттей келе: «Абай әл-Фарабиді білді, оның мұрасынан тағлиматық ғибрат алды» деп жауаптайды. Оған дәлелдің бірі мынау. Қазандағы Ш.Маржани басқарған медреседе әл-Фарабидің кейбір ғылыми еңбектерінен дәрістер оқылған. Мұны 1960 жылы хазіреті Ақжан Машани Уфа қаласының мүфтиі Камал Башариден сұрастырып біледі. «Бізде әл-Фараби еңбектерінен көп дәрістер оқылған еді, - депті башқұрт мүфтиі. – Оны біз араб ғалымы деп білетін едік. Сіз оны қазақтан шыққан деп дәлелдесеңіз, ол зор еңбек».

Сөйтіп, Абайдағы хауас, ғақлия, нақлия терминдері мен «мүтәкәллимин мантикин» деген сөздердің мұсылмандық философия қайнарынан желі тартатыны анықталып отыр.

Жастар жағы «Дала уәлаяты», «Семипалатинские ведомости», «Тәржіман» деген басылымдарды Абайдың үйінен көріп, танысты. Тігінділерді көп парақтап, сүйіп оқыған Шәкерім, кейіннен «Тәржіман» газетінің тұрақты оқырманы болды. Аталмыш газет 1895 жылдарға дейін ел-елге жайылған. Газеттің иесі И.Гаспринский (сүйегі – қырым татары) оны Ресей империясы құрамындағы барша түркітілдес халықтарға ортақ басылымға айналдырды. Тұтас түркінің зор тәрбиешісі болды. Шәкерім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында былай деп жазады. «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп пайдаландым».

Әрине, Абай тек кітап оқып, жазу жазумен отырмаған. Оған мүмкіндік те шектеулі – Жидебай, мейлі, Бақанас жайлауы болсын, қалың бұқара Абайды іздеп табатын кіндікке айналып отырды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 32 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: