21:51
Абайтануға айқындама

АСЫЛ МҰРАНЫҢ САҚТАЛУ ТАРИХЫ

Ойшыл ақын 1897 жылдан соң, шығармашылық мұрасының жиналуын қалаған екен. Оған себеп – баулыған жұртының соңына ере бастағанына, шығармалары халқына қажеттігіне нық сенеді. Бұл жөнінде М.Әуезовтің айтатыны: «Өз өлеңдерін 1898 жылға шейін жиғысы келмегені: Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қйоғандығынан болған сияқты». Бұл жерде Мұхаң өлеңдері десе де, бұл пікір Абайдың «Ғақлия» кітабына да айтқаны. «Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отыратын ел оқушылары, - дейді ұлы жазушы аталған еңбегінде, - қара сөздер шыға бастаған соң, мұны өлеңнен кем көрмейтін болып алған. ...Қара сөздер кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы молдалардың қолына түсіп, соларда шашылмай аман сақтап қалған ғой деймін».

Мұхаң «маңайындағы молдалар» дегенін нақтылап өтелік. Әуелі қартаң Ғабитхан Ғабдылназарұлы және оның өкшесін басқан Кішкене молда атанған Мұхаметкәрімді еске алуға тиістіміз. Екеуі 1882-1895 жылдар арасында ақын өлеңдерін алғаш көшіргендер, былайша айтқанда, Абайға «хатшы» болғандар. Ал 1896 жылдан соң Мүрсейіт бастатқан бала оқытушы молдалар (Дайырбай, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Кішкене молданың баласы Махмұт, т.б.) көшіре бастаған. Тағы да Мұхаңа жүгінелік: «Ғабитхан, Кішкене молда сияқты жасы үлкендері өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын... 1896 жылдан бері қарай көшіретін болды».

Өкінішті, қарасөздерінің түпнұсқасы сақталмаған. Кейбір деректерге қарағанда, қолжазбалар ақынның Әйгерімнен туған кенжесі Зікәйілдің қолында болған. Қатал саяси қудалау, қуғын-сүргін басталған тұста Абайдың өз қолымен жазылған басқа да мұралармен бірге жерге көміліпті (Әйгерімнің зираты ішіне деген сөз бар), кейіннен табылмай қалыпты. Абұйыр болғанда, ғақлия сөздердің көшірмелері жақсы сақталған. Көшірмелердің бүгінгі күнге жеткендері – 1905, 1907 және 1910 жылдардағы Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары.

Біреу біледі, біреу білмейді, Абай өзінің қарасөздерін екі қолжазба кітапқа топтаған: бірі – «Ғақлия», бірі – «Ғақлиат-тасдиқат». Абайдың хатшысы Мүрсейіт, әрине, оларды сол қалпында, екі кітап қылып көшіріп отырған. Өйткені, бұлар жазылған уақыты жағынан да, ішкі мағынасы да мүлде екі бөлек туындылар ғой.

Алдыңғысы – «Ғақлия» көлемі жағынан шағын-шағын 41 бөлек шығармалар жинағы, бұл кітапты Абайдың қазаққа арнағаны күмәнсіз. Мәселен, «біздің қазақ» деген тіркесті әр сөзінен дерлік кездестіреміз.

Кітап «Ғақлияда» өз атауымен енген екі сөз бар: «Сократ хакімнің сөзі» (қазіргіше 27-сөз( және «Насихат» (37-сөз). «Сократ хакімнің сөзі» атты еңбек «Ғақлияның» бастапқы нұсқасына (мүрсейіт көшірмесіне) енбеген. Себебі, кейініректе, кітап тәмамдалған соң, шамасы 1898 жылы жазылған. Ал «Насихат» деген Абайдың нақыл-афоризмдері. Мұхаңның білуінше, олар «Ғақлия» кітап аяқталар тұста, яғни 1896 жылдан жинастырылған. Кітаптың соңына тіркелгені сол. Жиыны 23 афоризмнің мүрсейіт көшірмелерінде 16 ғана болған екен, өзге жетеуін мұхаң өзі тауып қосқан.

Енді Абайдың өзі «Ғақлиат-тасдиқат» деп атаған (қазіргіше «38-қарасөз») екінші кітапқа келер болсақ, ол табиғаты бөлек шығарма. Ол біртұтас зерттеушілік еңбек, дұрысы, теологиялық трактат. Бұл – бір. Екінші белгісі – трактат берісі мұсылмандық, әрісі күллі адамзаттық руханият проблемаларын шешуге арналған.

Мүрсейіт Бікеұлының (1860-1917) көшірмесіне оралайық. Олар жиыны – үшеу: 1905 жылғы қолжазба кітабы Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми кітапханасында, ал 1907, 1910 жылғы қолжазбалар мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде сақтаулы. Абай мұрасының асыл нұсқасы – оригиналы ретінде сүйенетініміз осы үш қолжазба кітап. Бір «әттеген-айы» - оригинал, яғни мүрсейіт көшірмелері ешқашанда жарық көрген емес. қателер өріп жүрмегенде қайтеді, мәтіннің дұрыс-бұрысын тексеру шектеулі болса. Текстолог маман Амантай Исин. «Абай сөзінің тірек жазбалары мен алғашқы жинағындағы айырмашылықтар кейінгі бірде-бір басылымда толық көрсетілген емес», - деп ашына жазады, оның үстіне: «1945, 1948, 1961, 1977 жылдардағы жинақтарда негізгі мәтін мен түсініктемелер арасындағы кереғарлық және қате сілтемелер айқын. Негізгі мәтінді бір адамдар, ал түсініктемелерді басқалар дайындаған». Бұл пікірге толық қосыламыз.

Сөйтіп, Абай жинақтарында текстологиялық қателер көп болуына Мүрсейіттің үш қолжазбасы ешқашанда баспа бетін көрмеуі өз «үлесін» қосты. 1909 жылы Кәкітай мен мен Тұрағұлдың арқасында Абайдың тұңғыш жинағы тасқа басылды. Ол бойынша тексерейін десең, онда өлеңдері түгел емес әрі қарасөздер жоқ.

Абайдың өзі «Ғақлиат-тасдиқат» («Хақиқатты таныту» деген мағынаны білдіреді) деп ат қойған қорытынды шығармасы тұнған діни танымдар. Ондай «залалды» дүниені баспаға беру, сөз жоқ, шоқты жалаңаяқ басқанмен бір. 1933 жылғы толық жинақта екі абайшыл тұлға. Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров «Тасдиқты» бүркемелеп, өзге қарасөздер арасына тықпалады. Із-түзсіз жоғалмасын деп. Осымен, қарасөздердің рет саны да өзгеріске түсті. Қазіргі күні «38-қарасөз» деген атауға ие даналық еңбектің сақталу тарихы, міне, осы.

Қорытып айтқанда, Абай 1891 жылға шекті өлең сөзбен айтқан ой-пайымын, сынын әрі қарай қарасөз, прозамен жалғастырды. Өлең шіркінді тек ішке сыймай кемерінен асып төгілген сәттерде ғана жазып тастайды. Ағартушылық өзегі – заманды түзету идеясы десек, ойшылдық мұраты – заманды емес, адамды түзету болып табылады. Абай қазақтың болмысы мен мінезін зерттеуге сол үшін де құлықты болды деуге бейілміз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 25 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: