21:00
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

Уәлихан / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің мал жайылатын жері. Қарақала (Черное) елді мекенінен 15 км жерде орналасқан. Халқының саны 6 адам (1970 жылы) болған. Уәлихан – антропоним, ер адамның есімі.

Уызбай / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі болған. Уызбай – антропоним, ер адам есімі. 1936 жылы елді мекенде Стаханов атындағы ұжымшар құрылды. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Кагановский ауданының құрамында болды.

Үшінші Бесжылдық / Ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің «Майқарағай» кеңшарының бұрынғы бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Майқарағай елді мекенінен 28 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 8 адам (1999 жылы) болған. 1938 жылы қазақтардың 10-15 жанұясы Алтайдан оралып (30-жылдары басталған ашаршылық кезінде Алтай өлкесіне көшуге мәжбүр болған), Ежов атындағы ұжымшарды құрады. Ежовты «халықтың жауы» деп жариялағаннан кейін ұжымшарға «Третья Пятилетка» («Үшінші Бесжылдық») деген атау берген.

Шарбақты ауылдық округі / Округ Жабағылы, Төсағаш, Шарбақты, Керей ауылдарын қамтиды. Округтің орталығы – Шарбақты ауылы. Аққу ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 километр жерде, қарайғайдың бауырында, Шарбақты көлінің жағасында (көлдің аумағы 6,8 шаршы километр) орналасқан. 1999 жылғы мәлімет бойынша 1461 адам тұрды. Ауылға таяу көлемі 400 гектар Лебяжі табиғи заказнигі бар. Осында балалардың жазғы демалыс лагері жұмыс іседі. Ұжымдастыру басталғанда мұнда «Алтын аспан», кейінірек «Жас еңбек» ұжымшары құрылды. 1957 жылы «Зори Октября», «Жас еңбек», «Қазантай», «Жаңа ауыл» ұжымшарлары және Лебяжі машина-тарктор стансасы біріктіріліп, қой өсіруге маманданған «Лебяжі» кеңшары құрылды. Шарбақты осы кеңшардың орталығы болды. 1960 жылы оның құрамынан «Майқарағай» кеңшары бөлініп шықты. Шарбақтыға таяу Тілеуберді көлінің жағасында аудандағы тұңғыш балық артелі құрылып, 50-жылдардың басына дейін жұмыс істеді. Жабағылы – бұрынғы Майқарағай кеңшарының бөлімшесі әрі Бесқарағай орман шаруашылығының кардоны. 300-ден астам адам, түгелдей дерлік қазақтар тұрады (2002). Мектепте сабақ қазақ тілінде жүреді. Төсағаш – Шарбақтыдан 32 километр, бұрын кеңшар бөлімшесі, 1999 жылығы есеп бойынша 362 адам тұрады. Халқының 99 пайызы жергілікті ұлт өкілдері. Керей ауылы – қазақтардың осы өлкеге қоныстануы тарихының өзінше бір беті. «... в то же время с северо-запада устремились сюда керей, спустя 50 лет по приходе рода уак, в 1975 году пришли к ним керейцы из рода Кудайберды, которого мы находим в Кызылагачевском и Теренгульском волостях» - міне, осы аталар бұл жерді мекен етіп, тарихта атын қалдырған. Бірақ бұл жерде айқындай түсетін бір мәселе бар. Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің арғы атасын тарата келе Сибан, Көшебе, Тарышыны бір атаның балалары деп көрсетін, уақтардың бұйдалыны ноқтағысы (көш бастаушы) санағаны тәрізді, Сибанды ноқтағасы деп көрсетеді. Осыған байланысты ел аузында «Көшебе Керей – көр Керей, көше алмайды Сибансыз, Тарышыға жан беріп, Көшебе өлді имансыз» деген қаңқу сөз де қалған. Бірақ ол Көшебені жерлеуден туған сөз емес, керісінше мадақ деп түсінген орынды: ағайынды үш адам енші бөлісіне келгенде аға Тарышы інісіне күмән кельітірп, ортақ үлестен қақпайлаған соң, Көшебе батыр қазақтың ескі ғұрпымен кепілдікке жүреді, «жан береді». Рәсім бойынша терең ор қазып, үстін киізбен жауып, көзін байлап, ордан жүйрік атпен қарғып өтуге тиісті болады. Өтсе – сөзінің шындығы, орға жығылса – күмәнді іс. Шын ерлердің ғана бел шеше алатын дәстүрі. Көшебе батыр ордан орғып өтіп барып, арғы жағында аты сүрініп кетіп, мойын омыртқасы үзіліп мерт болған дейді шежіре. Осы оқиғадан соң Тарышылардың жал қарағайды қуалай көшуі ойға сыйымды. Тарышыдан Күрсәрі, одан Есенәлі, одан Құдайқұл, одан жоғарыда сөз болып отырған Құдайберді тарайды. Құдайбердіден – Оразымбет, Жәдік, Берлібай, Балапан, Жанбай, Тілеубай, Танабай, Қойлыбай, Айымбет, Кенжебай, Ысқақ. Ал Керей ауылының тумасы әнші Темірболат Арғынбайұлы – Ақсары керей – Күрсарымен аталас. Бұдан шығатын түйін – Лебяжі ауданының аумағына керейлердің өзге рулардан да және «Ведомосторда» көрсетілген уақыттан озықтау келіп, қоныс тебуі ықтимал. Қазан төңкерісінен соң Керейде мойынсерік (ТОЗ), кейінірек ұжымшар ұйымдасты, соңынан «Лебяжі» кеңшарының бөлімшесі болды.

Шақа ауылдық округі / Шақа мен Бәйімбет ауылдары енеді. Барлық тұрғын халқының саны 800-ден сәл астам адамды құрайды (1999). Екі ауыл да қарағайлы орман ішінде орналасқан. Округте жалпы көлемі 126 мың шаршы километр табиғи заказник бар. Сирек кездесетін аң-құсқа, дәрілік өсімдік түрлеріне бай. Бәйімбет – Бәсентиін руының бір тармағының атымен аталған. Шақа атауы туралы нақтылы дерек жоқ.

Шабар / Ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округтің орталығы Қарақала (Черное) елді мекенінен 12 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 389 адам (1999 жылы) болған, көпшілігі – қазақтар – 383 адам. Елді мекен «сазды (батпақты) қоныс» деген мағынада айтылған Шабар қонысының атауымен аталған. Шабар – адам аты, антропонимнен туындаған.

Шақа / Елді мекен, ауылдық округ орталығы. Елді мекен Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 180 км және Аққу ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 115 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 726 адам (1999 жылы) болған. Басым көпшілігі қазақтар болып келеді (648 адам). Елді мекен қарағайлы орман арасында орналасқан. 1996 жылға дейін орыс тілінде Чека түрінде қате жазылып, қазіргі кезде елді мекен Шақа атауына ие болды. 1938 жылы Шақа ауылында «Третья Пятилетка» ұжымшары құрылды. 1944 жылы ұжымшар Галкин ауданына қараған. 1957 жылы Лебяжі ауданына қайтарылып берілді. Шақа адам аты да болуы мүмкін. Ғылыми тұрғыдан алғанда «шақатты жер» мағынасына саяды.

Шарбақты / Елді мекен, ауылдық округ орталығы. Елді мекен Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 152 км және Аққу ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 1461 адам (1999) болған. Басым көпшілігі қазақтар болып келеді, олардың саны 1213 адам. Елді мекен «шарбақпен қоршалған қоныс» деген мағынаны білдіретін Шарбақты көлінің атауымен аталған. 1930 жылы Шарбақты елді мекенінде «Жас Еңбек» ұжымшары құрылды. 1939 жылға дейін елді мекен Бесқарағай ауданына қарады. 1957 жылы орталық мекені Шарбақты ауылы болып келетін қой өсіру кеңшары құрылды. 1963-1964 ж.ж. аралығында кеңшар Павлодар ауданының құрамында болды.

Шәмші / Ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Қарақала (Черное) елді мекенінен 6 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 378 адам (1999 жылы) болған, олардың көбі – қазақтар – 372 адам. Шәмші – антропоним, адам есімінен туындаған.

Шелекқалған / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округі, Шарбақты елді мекенінен 60 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 7 адам (1970 жылы) болған. Шелекқалған – «шелек қалып қойған қоныс» мағынасында айтылады.

Широкое (Шүрегей) / Ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық аймақтың орталығы Жамбыл елді мекенінен 3 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 290 адам (1999 жылы) болған, олардың көпшілігі – қазақтар – 197 адам. Елді мекен Шүрегей қонысында орналасқан көл атауымен аталған. Көлдің маңында шүрегей үйректері мекендегендіктен атауын алған. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, «Шүрегей» сөзі орыс тілінде бұрмаланып «Широкое» түрінде өзгеріске ұшыраған.

Шоқтал / Ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Шақа елді мекенінен 9 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 340 адам (1999 жылы) болған, олардың көпшілігі – қазақтар – 340 адам. Шоқтал – «шоқ» – «шоқталдар өскен тоған» деген мағынада айтылады. 1941 жылы Шоқтал ауылында Амангелді атындағы ұжымшар құрылды. 1944 жылға дейін Шоқтал Лебяжі ауданының құрамында, 1944-1957 ж.ж. аралығында Галкин ауданының құрамында болып, 1957 жылы қайта Лебяжі ауданына енгізілді.

Шоқша / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінен 16 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 4 адам (1970 жылы) болған. Жергілікті тұрғындар үлкен емес пішіндегі қоныстың ерекшелігіне байланысты атаған. Генонимнен туындаған атау.

Шолаққарасу / Ленино (Әйтей) ауылдық кеңесінің бұрынғы қонысы. Шолаққарасу «қысқа (үлкен емес( өзен. 1931 жылы елді мекенде «Жаңатаң» (1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін) ұжымшар құрылды. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Кагановский ауданының құрамында болды. Жамбыл ауылдық округіне қарайды.

Шөптікөл / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің орталығы Жамбыл елді мекенінен 18 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 2 адам (1970 жылы) болған. Шөптікөл – «шөп мол өсетін көл».

Шұбыртпалы / Бұрынғы елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының тұрағы. Шақа елді мекенінен 20 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 74 адам (1970 жылы) болған. Шұбыртпалы – геноним, Арғын тайпасы Қаракесек руының бір тармағының атауы.

Шыңырау / Бұрынғы ауылдық елі мекен, Шарбақты ауылдық округінен 35 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 5 адам (1970 жылы) болған. Шыңырау – «терең құдық» мағынасында айтылады.

Ямышев ауылдық округі / Ямышев, Қызылқоғам, Тілектес ауылдары кіреді. Орталығы – Ямышев ауылы. Павлодар-Семей автомобиль жолының бойында, аудан орталығынан 56 километр жерде, теңіз деңгейінен 144 метр биік қыратта орналасқан. 1999 жылғы санақ бойынша халқының саны – 1509 адам, қазақ және орыс ұлттарының ара салмағы шамамен тең. Қазақтар оны көнеден «Тұзқала» деп атаған. Ямыш атауының шығуы туралы бірнеше жорамал бар: монғолдың «ям» – «пошта» деген сөзінен, тереңде жатқан көл дегеннен шығуы ықтимал саналады. Ал көне картада – Еміш деп көрсетіледі. Яғни «жеміс» сөзінен шығуы мүмкіндігі де жоқ емес. Қашан салынған туралы дерек таласты. 1715 жылдан 1838 жылға дейін Ертіс әскери шебінің бекінісі, 1838 жылдан 1854 жылға дейін казактар поселкесі, 1868 жылдан Семей облысы Павлодар уезі Ямышев болысының орталығы. 1928 жылдан шаруа болысы құрамында, 1928-1939 ж.ж. Павлодар ауданына қарады, 1939 жылдан Лебяжі ауданының құрамында. Мұнда 1920 жылы тұңғыш коммуна орнады да, соңынан коммуна негізінде «Красный луч» ұжымшары құрылды. 1930 жылы Лебяжі машина-трактор стансасы құрылып, ол 1957 жылы техника жөндеу стансасы болып өзгертілді. 1961 жылы оның қызметі «Казсельхозтехника» бірлестігіне берілді. 1957 жылы Лебяжі машина-трактор стансасы мен «Қызылқоғам» ұжымшарының негізінде қой өсіруге маманданған «Қызылқоғам» кеңшары ұйымдасып, шаруашылықтың орталық мекеніне айналды. 1994 жылы кеңшар У.Сыздықов атындағы акционерлік қоғам болып қайта құрылды. 1971 жылы Ямышев тұсында Ертіс жағасында «Вечерние зори» демалыс үйі салынды. Ямышев округі тұрғындарының жалпы саны – 2349 адам (1999). Ямышевта Орта Азия мен Сібірді зерттеуші, этнограф және ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Григорий Николаевич Потанин туған. Ямышев тұсында Ертіс жағасынан палеонтологтар көне замандарда болған Стенон жылқысының, көне сайғақтың, хазар жылқысының сүйектерін тапты. Тілектесте 1939 жылы мойынсерік (ТОЗ) ұйымдасты. Бір жылдан соң «Тілектес» ұжымшары болып қайта құрылды. «Қызылқоғам» кеңшарының бөлімшесі, артынша мұнда У.Сыздықов атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік орналасты. 300-ге тарта адам тұрады (1999). Көне атауы – «Қарауыл ауылы» (ру аты Арғыннан – Қуандық, одан Атығай, Қарауыл. Атығай Көкшені мекендейді. Қарауыл руы, тарихи деректерге қарағанда, Ертістің оң қапталына XVIII ғасырда қоныстана бастаған). Қызылқоғам (тарихи атауы Қаракесек ауылы) – Павлодар-Семей тас жолы бойындағы көне мекендердің бірі. 500-ден астам тұрғыны бар (1999). Бұл ауыл туралы сөз болғанда ауызға ең алдымен Қызыләскер мектебі ілінеді. Ол мектеп 1928 жылы салынды. 60-жылдардың ортасына дейін ана тілінде дәріс беретін аудандағы бірден-бір оқу орны болды. Осыдан Қызыләскер мектебінің тарихын ауданда оқу-ағарту ісін ұйымдастыру тарихы десе де боларлық. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 431 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: