15:34
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

Первомайка / Шақа ауылдық кеңесінің бұрынғы ауылдық елді мекені. Елді мекен атауы 1 Мамыр – Халықаралық еңбекшілер күні (қазір Қазақстан Республикасы халықтары бірілігі күні) құрметіне байланысты қойылған. Қазір Шарбақты ауданы Шалдай округіне қарасты аумақ.

Перекат / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округі елді мекенінен 8 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 7 адам (1970 жылы) болған.

Петровка / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округінің қонысы болған. Шақа елді мекенінен 30 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 41 адам (1970 жылы) болған.

Подпуск (Босбос) / Ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округі «Бесқарағай» мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытының бұрынғы бөлімшесі. Елді мекен Ертіс өзенінің оң жағасында, ауылдық аймақтың орталығы Бесқарағай елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 108 адам (1999 жылы) болған, көбі – қазақтар – 107 адам. Босбос ауылы 1745 жылы Сібір шекара шептерін басқарған генерал-майор Х.Т.фон Киндерманның бұйырығымен Ертіс әскери шебінде редут ретінде құрылды, 19838 жылы Сібір казактар әскерінің Семияр станицасының казактар ауылына айналды. Елді мекен тік жағалаудан Ертіс өзенінің жайылмасының құламасына байланысты «Под спуск» деген мағынада айтылады. 1931 жылы елді мекенде «Талпын кедей» ұжымшары құрылды, 1941 жылы ұжымшардың атауы «Первое Мая» атауына өзгертілді.

Сазқұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі болған. Сазқұдық – «сазды жердегі құдығы бар (қоныс)».

Самарбет / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округі. Жамбыл елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 10 адамды (1970 жылы) құраған. Самарбет – «қазан тәрізді жер бедері бар қоныс». Самарбет – антропоним, «Самардың беті» мағынасына сәйкес келеді.

Сарыөзек / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Майқарағай елді мекенінен 30 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 140 адам (1970 жылы) болған. Сарыөзек дәлме-дәл «сары (тұнбалы) өзен (ағын)» деген мағынада айтылады.

Сасыққұдық / Лебяжі ауылдық округінің бұрынғы ауылдық елді мекені. Сасыққұдық – «иісі жаман құдығы бар (қоныс), суы тұрып қалған құдық». 1938 жылы елді мекенде «Игілік» ұжымшары құрылған, ол 1944 жылы Жамбыл атындағы ұжымшар болып өзгертілген. 1939 жылға дейін елді мекен, ұжымшар Бесқарағай ауданына қараған.

Сасықоба / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Майқарағай ауылынан 16 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 10 адам (1970 жылы) болған. Сасықоба – «иісі жаман мола орналасқан (қоныс)» деген мағынада айтылады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы жерде эпизоотия (жұқпалы ауру) ауруынан өлген үй жануарларын көмген.

Сенбі / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінің қонысы. Қазы елді мекенінен 18 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 13 адам (1970 жылы) болған. Сенбі – «сенбі, яғни аптаның сенбі күні», ер адам есімі. Сенбі – «Сенбінің (қоныс)» мағынада айтылады.

Серікбазы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округі орталығынан 12 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 8 адам (1970 жылы) болған. Серікбазы – «Серіктің базасы (ауласы)» мағынада айтылады.

Солнечный / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Баймолдин ауылдық округінің қонысы. Семей облысы Павлодар уезінің Крестьянский болысында 1914 жылы қоныс аударушы шаруалар Солнечный ауылының негізін қалады. 1926 жылы Бүкілодақтық халық санағының мәліметтері бойынша Романов ауылдық кеңесінің Солнечный ауылында 35 шаруашылық болып, 183 адам тұрған (оның ішінде 88 ер адам, 95 әйел адам). Елді мекеннің қазіргі атауы Тақыр болып өзгертілді.

Солтүстік бозалаң / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының бөлімшесі болған. Ауылдық кеңес орталығы Шақа елді мекенінен 42 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 91 адам (1970 жылы) болған. Солтүстік бозалаң – «боз (селеудің бір түрі) өсетін алаң, далалы қоныс» деген мағынада айтылады. Қазір Шарбақты ауданы Шалдай ауылдық округіне қарайды.

Стахан / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі болған. Жамбыл елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 7 адамды (1970 жылы) құраған.

Тайбағар / Бұрынғы ауылдық елді мекен. Тайбағар (Арғын-Бәсентиін ішіндегі ру атасы), адам атымен аталған қоныс. 1935 жылы елді мекенде «Бәйімбет» ұжымшары құрылды, ол 1941 жылы Амангелді атындағы ұжымшар болып өзгертілді. Шақа ауылдық округіне қарады.

Тақыр / Ауылдық елді мекен, Баймолдин ауылдық округінің бұрынғы бөлімшесі. Ауылдық аймақтың орталығы Баймолдин елді мекенінен 6 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 432 адам (1999 жылы) болған. Көбі – қазақтар – 310 адам. Тақыр – «сазды, өсімдіктер нашар өсетін жер». Бұрынғы атауы – Солнечный. 1929 жылы Тақыр ауылында Тельман атындағы ұжымшар, 1935 жылы «ҚазКСР 15 жылдығы» атындағы ұжымшар құрылды. 1944 жылға дейін елді мекен Цюрупин, 1944-1957 ж.ж. аралығында Галкин ауданының құрамында болды.

Талдықұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының кордоны. Шақа ауылынан 40 км қашықтықта орналасқан елді мекен болған. Халқының саны 2 адамды (1970 жылы) құрағана. Талдықұдық – «талды жердегі құдық (тал бұталарының арасындағы құдық)».

Тарақты / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округіне қараған. Тарақты – геноним, тура мағынада «тарақ сияқты» тарақ түріндегі таңбасы бар Орта жүз руының атауы.

Тасболат / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің Майқарағай елді мекенінен 8 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 6 адам (1970 жылы) болған. Тасболат – антропоним, ер адам есімі.

Тегістік / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 72 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен «Тегістік» ұжымшарынң атауымен аталған. Бұл 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін пайда болған және «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін идеологиялық атаулардың бірі.

Тельман / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл атындағы кеңшардың бөлімшесі болған. Халқының саны 15 адамды (1970 жылы) құраған. Елді мекен атауы халықаралық коммунистік қозғалыс көсемі, неміс қайраткері Эрнст Тельман (1886-1944) құрметіне байланысты қойылған. Қазіргі уақытта жойылып кеткен атау.

Тереңкөл / Ауылдық елді мекен, Баймолдин ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Баймолдин елді мекенінен 24 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 110 адам (1999 жылы) болған, тегіс – қазақтар. ХІХ ғасырдың ортасынан 1928 жылға дейін Тереңкөл Семей облысындағы Павлодар уезінің Тереңкөл көшпелі болысының орталығы болған. Елді мекен 1933 жылға дейін Бесқарағай, 1933-1940 ж.ж. аралығында Цюрупин, 1940 жылдан бастап Лебяжі ауданының құрамында болды. ХХ ғасырдың 30-50 ж.ж. Тереңкөл ауылдық кеңесінің К.Маркс атындағы ұжымшардың орталық мекені болған. Тереңкөл дәлме-дәл «терең көл» дегенді білдіреді.

Тереңқұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 7 км қашықтықта орналасқан. Тереңқұдық дәлме-дәл «терең құдық» дегенді білдіреді.

 

Тоғызқұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Баймолдин ауылдық округінің бөлімшесі. Баймолдин елді мекенінен 5 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 103 адам (1970 жылы) болған. Тоғызқұдық – «тоғыз құдығы бар қоныс», «су қоры мол» дегенді білдіреді.

Тоғызқұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің қонысы. Халқының саны 8 адам (1970 жылы) болған. Тоғызқұдық – «ттоғыз құдығы бар қоныс», «су қоры мол» дегенді білдіреді.

Төртсары / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің қонысы. Халқының саны 15 адам (1970 жылы) болған. Төртсары тура мағынада «төрт сары» – геноним, Арғын тайпасының Бәсентиін ішіндегі ру тармағы.

Төсағаш / Ауылдық елді мекен. Округ орталығы Шарбақты ауылынан 32 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындар саны 362 адам (1999 жылы) болған, көбі – қазақтар – 359 адам. Төсағаш атауы қарағай орманы баурайында орналасып, жер бетінің ерекшелігін сипаттайды. Қарағай төсінде орналасқан ұғымға сәйкес келеді. 1929 жылы Төсағаш ауылында Төсағаш ауылдық әкімшіліктің «Зори Октября» ұжымшары құрылды. 1940 жылға дейін ұжымшар Бесқарағай ауданына қараған.

Тілектес / Ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округі «Қызылқоғам» кеңшарының бұрынғы бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Ямышево елді мекенінен 11 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 308 адам (1999 жылы) болған, көбі – қазақтар – 244 адам. Елді мекен өз атауын бұрынғы «Тілектес» ұжымшарынан алған.

Тілеуберді / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің бөлімшесі, халқының саны 20 адам (1970 жылы) болған. Тілеуберді – патроним, геноним (Бұлтын-Қыпшақ-Сүйіндік-Арғындардың бір тармағы). Антропонимнен туындаған. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 409 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: