21:09
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

Малыбай ауылдық округі / Қазантай және Малыбай ауылдарын қамтиды. Қазантай ауылы 1928-1935 ж.ж. Цюрупа, 1935-1940 ж.ж. Бесқарағай ауданына қарады. 1940 жылы Лебяжі ауданының құрамына берілді. Социалистік Еңбек ері, Лениногор полиметалл комбинатының металлургі Бике Айдарханов (1918) осы ауылдың тумасы. 1999 жылғы есеп бойынша ауылда 440 адам тұрды. Тұрғылықты халық негізінен қазақтарды (97,2 пайыз) құрайды. Ертістің оң қапталына XVIII ғасырда өтіп қоныстанған Уақ-Бәсентиін ұрпақтары. «Қазантай» атының шығуы туралы бірегей дерек жоқ. Облыстық өлкетану мұражайынан алынған құжатта «қазан іспеттес қоныс» деген түсінік беріледі. Бұл – жаңсақ, ұшқары түсінік. Қазантайдың тұрған жері – қарағайға сұғына енген жазық. Екі түрлі жорамалға тоқталайық: қазақта «қазан ат» деген ұғым бар. Ол бестігінде тарттырылып, әбден бабына келіп, белі қатқан, жорыққа мінетін жылқы. Бұл жорамалдың осал тұсы – қазақ тайды атқа теңеп әспеттемесе керек-ті, ұқсатып айтпаса. Екіншісі – Қазантай сөзі инверсия нәтижесінде пайда болуы ықтимал. Бұл біздің тілімізде ұшырасатын құбылыс. Қараңыз: кей ғалымдар «қазақ» сөзінің этимологиясын ақ қаздан (тотем) шығарады: ақ қаз – қазақ. Олай болса Қазантайдың қазақтың ұлттық діліне тән қонақжай мол қолдығына, жомарттығына қатысты «тай қазаннан» шығуы да негізсіз емес. Осы ауылда он шақты отбасы Жомартовтар тұрады. Дұрысы олар Елубаевтар болу керек-ті. Көнекөз қариялардың айтуында Елубай-Жомарттың үлкен әжесі (Қонысбайдың шешесі) Бөшек тайқазаны оттан түспейтін мол қолдылығы үшін ел арасында Майкемпір атанып кетіпті. «Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды», ата-бабамыз осы жерге келіп сонау XVII ғасырда қоныс тепкенімен аласапыран аштық жайлаған заманда бас сауғалап Алтайдың Родин ауданына төңкерілген екен аталарымыз. Мен сол жақта тусам керек-ті. Бірақ ат қоныстан қол үзген оны тәркі қылғанмен тең нәрсе ғой, әкеміз Қайырбай өзінің кіндік қаны тамған жерге бүкіл туысымызды үдере көшіп алып келді. Сонда айтатын: тай қазаны оттан түспеген анамыздың атымен аталған жұрт осы деп. Бәлкім қиястау да шығар, бірақ Қазантай атауына менің өзге жорамалым жоқ». Ақиқатында, Сатыбалды Жомартұлының бұл сөздерін теріске шығаратын да, растайтын да да нақты дерек жоқ. Малыбай – ауылдық округтің орталығы. Мұнда 1958 жылы «Малыбай» мал бордақылау кеңшары ұйымдасты. Ол 1976 жылы «Лебяжі» аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігі болып қайта құрылды. Ауыл Малыбай көлінің (көлемі 12,4 шаршы километр) жағасында орналасқан. Округте жиыны 1128 адам тұрады (1999). 1984 жылы ашылған Малыбай қазақ орта мектебінде 2001-2002 оқу жылынд 159 шәкірт білім алды. Бұл – Малыбайдың бергі тарихы. Ал арғысы қазақтардың Ертістің оң қапталына өтіп, қазіргі Лебяжі ауданы аумағына қоныстана бастаған кездерге тереңдейді. Тарихи деректерге қарағанда Малыбайды ертеде керейлер мекендеген. Бұл туралы ел аузында мынадай аңыз сақталған: Малыбай деген батыр бастаған керейдің бір ауылы осы жерге келіп қос тігеді. Жері шүйгін болғанымен мал судан таршылық көрген соң Малыбай үлкен ойпаттың ортасынан құдық қазуға жарлық етеді. Қанша қазғанмен су шыға қоймаған соң батыр қарағайдың бір басын үшкірлеп, жерге қағуға бұйырады. Қанша адам жабылып оны кері суырып ала алмаған соң батырдың өзі түсіп, ырғап-ырғап, жұлып алғанда атқып шыққан суға тұншығып батыр қаза табады. Су тез жайылып, көлге айналған екен. Содан көлдің аты Малыбай аталған. Осы аңызымен қабат Малыбайдың ақиқаты – Ертістің оң қапталында XVIII ғасырдың соңын ала бірінші қоныс салған Уақ-Бәсентиін ұрпақтары өз алдарына шаңырақ көтеріп, көсем сайлап, қарадан хан көтерген. Бірақ оның ғұмыры ұзақ болмаған. Байбөрі батыр Кенебайұлы жылға жетпей дүние салған. Сол кездердің ескерткіші – Байбөрінің бейіті осы Малыбайдан 3-4 шақырымдай, ертеректе Шоқша аталған жердегі ескі қорымда жатыр. Жазуы әбден өшкен гранит құлпытас қана осы жерде атаулы бір адам жатыр-ау деп нұсқайды. Байбөрінің бесінші ұрпағы Еркін Садуов осы Малыбайда 80-жылдары кеңшар директоры болды. еркіннің інісі полковник Ғазиз Садуов Солтүстік Қазақстан облысында Ішкі істер басқармасының бастығы болды. Қазір Республика Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы.

Майқарағай ауылдық округі / Майқарағай, Қорт, «Үшінші бесжылдық», Шоқтал ауылдары кіреді. Орталығы – Майқарағай ауылы. Тұрғындарының жиын саны – 1811 адам (1999). Ауылдық округ 1957 жылы құрылды. 1960 жылы «Лебяжі» кеңшарының құрамынан бөлініп шығып, негізінен қой өсіруге бағытталған «Майқарағай» кеңшары құрылды. Ол 1978 жылы асыл тұқымды қой өсіретін зауыт болып өзгерді. Кеңшарда қазақтың ақбас ірі қара мал табынын қалыптастыруға бағыт алынды. Үшінші бесжылдық – Майқарағайдан оңтүстік-шығысқа қарай 28 километр жерде жатқан шағын ауыл. 1999 жылы мұнда бірнеше шағын шаңырақ қана болды. 1938 жылы ашаршылық кезінде ішке ауған он-он бес отбасы оралып, осында Ежов атындағы ұжымшар ұйымдастырды. Ежовтың халық жауы деп жариялануына байланысты ұжымшар «Үшінші бесжылдық» атын алды. (КСРО халық шаруашылығын дамытудың 1938-1942 ж.ж. арналған үшінші бесжылдық жоспары 1937 жылы қабылданып, бекітілген). Кейін ұжымшар таратылып, кардон болып қалды. Шоқтал – ауылдық округ орталығынан 20 километр жерде, 340 адам (1999), тегіс қазақтар тұратын ауыл. 50-жылдары «Путь к коммунизму» орман шаруашылығы болды. Шоқтал ауылы – қазақтардың Ертістің оң қапталына өткен кездерінде ірге тепкен, екі ғасыр шамасы тарихы бар елді мекен. Оның іргесін салған Уақтың Жансары руы мен Бәсентиіннің Көшен, Шүрек-Сағынай рулары. Кеңестер заманында мұнда Амангелді атындағы ұжымшар болды. бұл ауылдан Қазан төңкерісіне дейін қажылыққа көп адам сапар жасаған. Мешіт-медресе ұстаған, ғылымға ұмтылған. Жақсының соңы – орта дәрежелі діни білімді, кейіннен Абай атындағы ұжымшар төрағасы болып, елге қызмет еткен Шоман Тоқсанбайұлы ақсақал еді. Осы үдеріс қазірге дейін жалғасып келеді. Жалғыз Шоқталдан 11 ғалым шыққан. Қорт (Мерғалым ауылы) – ХІХ ғасырдан белгілі аудандағы көне елді мекендердің бірі. Уақтың Жансары руы ішіндегі Қорт атасының атымен қойылған (патроним). Өткен ғасырдың 30-жылдарында мұнда Сталин атындағы ұжымшар болды. Кеңшарластыру кезінде – Майқарағайдың бөлімшесі болды. 1999 жылғы санақ бойынша мұнда 539 адам тұрды. Тегістей дерлік жергілікті ұлт өкілдері. Қорт Қазақстан ғылымына үш есім қосты. Қорт ауылының атын Ертістің Павлодарға қарасты өңірінен шығып, республикаға мәшһүр еткендер: сынықшы Мерғалым Мұқтарханұлы Ғабдуллин (1935-1985), экстрасенс емші Үміт Ахтанқызы Сүбәтілова.

Майқарағай / Ауылдық елді мекен, 1957 жылдан бастап ауылдық округтің орталығы. Елді мекен Аққу ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 100 км және Павлодардан оңтүстік-шығысқа қарай 165 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 607 адам (1999 жылы) болған. Елді мекендегі басым ұлт – қазақтар – 520 адам. Майқарағай атауын қарағай орманы арасында Майқарағай көлі, қонысына байланысты алған. Тура мағынада «майлы қарағай» мағынасында айтылады. 1960 жылы «Лебяжі» кеңшарынан бөлініп шықты. Ол 1978 жылы асыл тұқымды қой өсірумен шұғылданатын зауытына өзгертілді. 1960 жылы «Майқарағай» (асыл тұқымды қой зауыты) кеңшары құрылды.

Майқы / Ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округі елді мекенінен 36 км қашықтықта орналасқан. Халық саны 8 адам (1970 жылы) болған. Майқы – (Керей-Абақтардың бір тармағы) генонимнен туындаған.

Малиновка / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің қонысы. Ауылдық округ орталығы Жамбыл елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан. Малиновка елді мекені 1914 жылы Украинадан қоныс аударушылардың Млиновка селосы атауы негізінде пайда болған деген жорамал бар.

Малсоры / Бұрынғы ауылдық кеңесіндегі «Бесқарағай» кеңшарының бөлімшесі. Бесқарағай елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 16 адам (1970 жылы) болған. Малсоры – «батпақтанған сортаңда жайылып жүрген малы бар қоныс».

Малыбай / Ауылдық елді мекен, округ орталығы. Елді мекен Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 126 км қашықтықта және Аққу ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 688 адам (1999 жылы) болған. Көбі – қазақтар – 606 адам. Елді мекен жабайы жануарлар мен балыққа бай Малыбай көлі мен Малыбай қонысының атауымен аталған. Сөзбе-сөз Малыбай атауы «малға бай» дегенді білдіреді. Малыбай ауылы – ер адамның есімі, геноним (Керей тайпасының тармағы). Малыбай 1958 жылы құрылған.

Маралды / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің бөлімшесі болған. Шарбақты елді мекенінен 12 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 24 адам (1970 жылы) болған. Маралды – бұрын осы маңда марал жануарының болғандығын дәлелдейтін географиялық атау. Бұл жерде көл және қарағай орманы бар. Көлдің жағасында кезінде пионер лагері де орналасқан еді.

Мырзатал / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының тұрағы. Шақа елді мекенінен 30 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 6 адамды (1970 жылы) құраған. Мырзатал – «қалың тал бұталарға бай (қоныс)».

Наманай / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округінің қонысы. Наманай – геноним, Арғын тайпасындағы Қаракесек руының бір тармағы. 1937 жылы Наманай ауылында «Теегістік» ұжымшары құрылған. 139 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Май ауданының құрамында болды.

Новоастраханка / Бұрынғы ауылдық елді мекен. 1907 жылы Семей облысында Павлодар уезінің Крестьянский болысында қоныс аударушы шаруалар Новоастраханский ауылының негізін салған. Елді мекен атауын келімсектер Астрахань қаласы атауынан алған және оған «Ново» сөзін қосқан. Астрахань – Ресейдегі қала, Еділ өзенінің атырабындағы аттас облыс орталығы. 1926 жылы бүкілодақтық халық санағы мәліметтері бойынша Ямышево ауылдық кеңесінің Новоастраханка ауылында 25 шаруашылық болып, 120 адам тұрған (оның ішінде 64 ер, 56 әйел адам).

Ойнақ / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің бөлімшесі мен мал жайылымдық жері. Тұрғындардың саны 7 адам (1970 жылы) болған. Ойнақ дәлме-дәл «рйын-сауық үшін ашыұ жер» дегенді білдіреді. Жергілікті тұрғындар осы жерде құрлардың ойындары өтті деп те айтады.

Октябрь / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округінің «Бесқарағай» орман шаруашылығының кордон тұрағы. Шақа елді мекенінен 45 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 10 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісіне байланысты аталған. Октябрь – Юлиан күнтізбесі бойынша күнтізбенің 10-айының атауы. Ежелгі Рим күнтізбесінде жыл наурыз айының бірінші күнінен басталып, сегізінші ай октябрь болған.

Орловка / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық кеңесінің «Победа» ұжымшарының (Шарбақты ауданы) жеке тұрағы болған. Ауылдық округ орталығы Шақа елді мекенінен 27 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындарының саны 110 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен өз атауын Орлов тегінен алған.

Ортақұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округі Шарбақты елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан елді мекен. Халқының саны 11 адам (1970 жылы) болған. Ортақұдық – «орта құдық», суы аз дегенді білдіреді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 517 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: