20:26
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

Қылыағаш ауылдық округі / 1939 жылы құрылды. Оған Бесқарағай және Босбос (Подпуск) ауылдары кірді. Жалпы тұрғын халқының саны 1381 адамды құрады (1999). Бесқарағайдың тарихи атауы – Шұңқыр су, сондай-ақ бертінге дейін Көкүй деген қосарлы атпен аталып келді. Мұнда Ресейден қоңыс аударған Серемин деген бай Қазан төңкерісіне дейін қой ұстаған. Осы отардың және Голощекин атындағы ұжымшар отарының негізінде 1932 жылы кеңшар ұйымдасты. «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының үш шопаны – Жанпейіс Сыздықов, Балғабай Оспанов, Жұмабек Жанғожин – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. бесқарағай аймағы өзінің әсем табиғатымен, жануарлар дүниесінің сан-алуандығымен көз тартады. Оның тоғайында қалампыр, долана, қарақат тәрізді жеміс-жидектре мен шипалы шөптер қалың. Қараләйлек, кіші ақтырна, әупілдек, жылқышы, құс тәрізді құстар мекендейді, қызыл балық қыстап, уылдырық шашады. Босбос (Подпуск) – Лебяжі ауданындағы көне елді мекендердің бірі. Ол Сібір шекара жүйелерінің әскербасы генерал-майор Киндерманның жарлығымен Ертіс әскери линиясындағы редут ретінде 1745 жылы салынған. 1838 жылы Сібір казак әскері Семияр станицасының казак поселкесі болып өзгертілген. «В 28 верстах от Лебяжьего отдаляются бугры от Иртыша и придешь опять в низкую совершенно соленную и иловатую равнину, в которой в шести верстах увидишь Подпускную станицу с развалившимся деревянным укреплением и восемью домами», деп жазады Петр Симон Паллас 1770 жылмен белгіленген жол-жазбаларында. Босбос ХХ ғасырдың 20-жылдарында контрреволюциялық бүліктердің тірек пункттерінің бірі болды. Кеңес жылдары мұнда аудандағы тұңғыш жергілікті өнеркәсіп артелі ұйымдастырылды. Соқыр Омар (Темірғалыұлы) осы Босбос тұсында қолға түсіп, қызылдардың қолынан қаза тапты. Босбос тұсынан палеонтологтар оңтүстік пілінің, Стенон жылқысының, Шлоссер түйесінің, эласмотерия мүйізтұмсығының, тағы басқа көне дәуір жануарларының қаңқасын тапты.

Қазы ауылдық округі / Қазы және Қызылұз ауылдарын біріктіреді. Қазы ауылы осы аттас көлдің (аумағы 5,7 шаршы километьр) етегінде орналасқан. Халқының саны – 814 адам (1999). Кеңшар құрылғанға дейін №23 қой кеңшарының бөлімшесі болды. «Қазы» кеңшары 1961 жылы Жамбыл атындағы және СОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшардың жерлерінде ұйымдасты. Қазы атауының шығуы туралы нақты дерек жоқ. Жердің шұрайына қарап қойылды ма екен деп жорамалдауға болады. Павлодар облысының энциклопедиясында көрсетілген «Этнонит (Уақ тайпасы, Жансары руы, Кенебай тарабы)» деген жолдар дерексіз: Кенебайлар Малыбай, Қазантай ауылдарын мекендеген, бұл жерде көне замандарда Игілік руының ауылдары болған. Бертініректе Найман руы қоныстанып, ұжымшар құрады. Қызылтұз ауылы осы жердегі Қызылтұз тұзды көлінің атымен аталған. Суы қыста қатпайды, алыстан алқызыл болып жатады. Көлде артемия-салмина емдік жәндігі өмір сүреді. Теріскей жағынан ертеректе тұз өндіретін болған. Көлдің қара батпағы емдік мақсатта (радикулит, остеохондроз т.б.) пайдаланылады. Бастапқыда Қызылтұз жеке ұжымшар болып, соңынан «Игілік», «Соревнование» ұжымшарларымен Жамбыл атындағы ұжымшарға бірікті. 60-жылдары «Қазы» кеңшарының бөлімшесі болды.

Қызыләскер ауылдық округі / Орталығы – Қарақала (Черное) ауылы. Павлодар-Семей тас жолының бойында, облыс орталығынан 79, Аққу ауылынан 33 километр жерде, дөңесте орналасқан. 1999 жылғы санақ бойынша 1810 адам тұрады. Тұрғындарының 80 пайызға жуығы – жергілікті ұлт өкілдері. Мұнда 1929 жылы Голощекин атындағы қой кеңшары ұйымдасты. Голощекин халық жауы болып ұсталған соң оның аты №23 кеңшар болып өзгертілді. 1966 жылы СОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшар болып өзгерді. Кеңшардың тарихына аға шопандар Нәскен Тиіштенов, Ақан Бисекеновтің, Қазыбек Жапаровтың есімдері алтын әріптермен жазылды. Бұл шаруашылықтың ұжымдасуының басында ағайынды Жұмағұл және Болат Даржұманов сияқты азаматтар тұрды. 1958 жылы осы шаруашылықтың аға шопаны Күләй Шарбақбаева Социалистік Еңбек Ері атағын алды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1981 жылы оның баласы Қабдылнәсір Ерғалиұлы Шарбақбаев та осындай жоғары атаққа ие болып, өңіріне Алтын Жұлдыз қадады. Ауылдық округ бұрынғы Қаракесек ауылында құрылған Қызыләскер ұжымшарының атымен аталады. Округ орталығы Қарақалаға 1957 жылы көшірілді. Округке Қарақала, Құмсуат, Шабар, Шәмші ауылары кіреді. Барлық тұрғындар саны – 2640 адам (1999). Қарақала іргесі XVII ғасырдың бас кезінде қаланған көне мекендердің бірі. Оны тұрғызған орыс колонистері болуы әбден ықтимал. Себебі ХІХ ғасырға дейін Ертістің қос қапталында бес (кейіннен он) шақырымдық аймақта қазақтарға қоныстануға тиым салынды. Қызыләскер ауылдық округіне қарайтын елді мекендер патша заманында әскери қызметтен босаған казактарға үлеске берілген жерлер екендігіне олардың ертеректе 1-ші, 2-ші, 3-ші хутор аталуы да жанама түрде дәлел бола алады. Бір деректерде Қарақала атауы «Қара көл» дегеннен шыққан деген жорамал келтіріледі. Бұл дерексіз нәрсе. Бертін келе екінші хутор Шабар, үшінші хутор Шәмші болып өзгертілді. Екеуі де әйгілі адам аттары: Шәмшиден осы жерлерді мекендеген Игілік руынан шыққан қажы, ал Шабар – ғұлама оқымысты адам болған.

Қадыр / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 2 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 26 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен ер адамның есімі, антропоним Қадыр қонысы атауымен аталған.

Қазақ КСР 15 жылдығы / Лебяжі ауданындағы бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 14 адамды (1970 жылы) құраған. Елдік мекен 1935 жылы құрылған бұрынғы ұжымшар атымен аталған.

Қазантай / Ауылдық елді мекен, Малыбай ауылдық округінің («Лебяжі» аудандық ауыл шаруашылық бірлестігінің бұрынғы) бөлімшесі. Елді мекен ауылдық округ орталығы Малыбай елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан.

Қазы / Ауылдық елді мекен, 1966 жылдан бері ауылдық округ орталығы. Елді мекен Қазы тұзды көлінің жанында, Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 106 км жерде, Аққу ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 42 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 814 адам (1999 жылы) болған, олардың көбі – қазақтар – 657 адам. Қазы – ер адамның есімі, геноним (Уақ тайпасының Жансары руының Кенебай тармағы) болуы мүмкін. Қазы – 1961 жылы құрылған бұрынғы «Қазы» кеңшарының орталық мекені. 1933-1934 ж.ж. аралығында кеңшар Павлодар ауданының қарамағында болды.

Қалқалы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 30 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 13 адамды (1970 жылы) құраған. Қалқалы – «суық ауа-райынан қорғайтын қалқасы бар, ықтасынды қоныс».

Қалша / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің қонысы. Бесқарағай елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 28 адам (1970 жылы) болған. Қалша көліне – «кішкене (көлемі бойынша шағын) көлге» байланысты аталған.

Қамыстыкөл / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің қонысы. Ямышево елді мекенінен 27 км қашықтықта орналасқан. Қамыстыкөл тура мағынада «қамысы бар көл» - «қалың қамыс құрағы өсетін көл».

Қараауыл / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің шалғай учаскесі. 1931 жылы елді мекенде Қызыләскер ауылдық кеңесіне қарасты «Тілектес» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Павлодар ауданының құрамында болған. Қараауыл қоныстың алыстан қарайып көрініп тұруына байланысты аталған.

Қарағанды / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Шарбақты елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 13 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен Қарағанды қонысының атауымен аталған. Қарағанды – «аласа тікенекті бұталар қараған көптеп өсетін» атау дегенді білдіреді.

Қаракесек / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің «Қызылқоғам» бөлімшесі. Қаракесек – Арғын тайпасының ру атауы. 1929 жылы Қаракесек елді мекенінде Қызылқоғам ауылдық кеңесінің «Қызылқоғам» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Павлодар ауданына қараған.

Қарақала / Ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің орталығы. Елді мекен Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 79 км және Аққу ауылынн солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 1810 адам (1999 жылы) болған, олардың көбін қазақтар – 1404 адам құраған. Елді мекен сөзбе-сөз «қара көл» дегенді білдіретін көлдің атауымен аталған. Қарақала алғашқы рет Қаракөл – 1929 жылы Голощекин атындағы кеңшар ретінде құрылған СОКП ХХІІІ съезі атындағы бұрынғы қой өсіру кеңшарының орталығы болған. 1963-1964 ж.ж. аралығында Павлодар ауданына қарады.

Қараман / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінің шалғай учаскесі болған. Қазы елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 8 адам (1970 жылы) болған. Қараман – ер адам есімі, жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, қоныс өз атауын адам атынан алған. Бұл қоныста Қараман атты кішігірім өзен ағып жатыр – («тасты өзен»). Қараман – геноним (Уақ тайпасындағы Жансары – Кенебай руының тармағы).

Қаратал / Лебяжі кеңшарындағы бұрынғы ауылдық елді мекен, қазіргі Шарбақты ауылдық округіне қараған. Халқының саны 11 адам (1970 жылы) болған. Тал, шілік т.б. ағаштардың қаулап өсуіне байланысты қойылған.

Қасымбаза / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округіне қарасты мал жайылатын шалғай учаскесі. Халқының саны 7 адам (1970 жылы) болған. Қасымның базасы мағынасында айтылады.

Қималы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің шалғай учаскесі. Ямышево елді мекенінен 40 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 20 адам (1970 жылы) болған. Қималы ауылы 1914 жылы Семей облысы Павлодар уезі Павлодар болысында құрылған.

Қоздау / Бұрынғы елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің мал жайылатын шалғай учаскесі. Жамбыл ауылынан 12 км жерде орналасқан қоныс. Халқының саны 15 адам (1970 жылы) болған. Қоздау тура мағынада «қоздау», қозылар туған қоныс мағынасына сәйкес келеді.

Қорт / Елді мекен, Майқарағай ауылдық округіне қарасты бөлімшесі. Елді мекен ауылдық аймқтың орталығы Майқарағай елді мекенінен батысқа қарай 7 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 542 адам (1999) болған, олардың ішінде 539 қазақ. Қорт – патроним, Уақ тайпасының Жансары руының тармағының атауы. 1928 жылы Қорт ауылында Сталин атындағы ұжымшар құрылды. Ал 1941 жылы – бұл ұжымшардың атауы «Жаңаауыл» атауына өзгертілді. 1939 жылға дейін Қорт ауылы Цюрупин ауданына қарады. Кейін Сталин және Жаңаауыл ұжымшарлары біріктіріліп, Қорт атауы пайда болды. 1996 жылы Мерғалым атауы болып өзгертілді. Қорт ауылыынң атын Ертістің Павлодарға қарасты өңірінен шығып, ресчпубликаға мәшһүр еткендер: сынықшы Мерғалым Мұқтариханұлы Ғабдуллин (1935-1986); Қазақстанның халық емшісі Үміт Ахтанқызы Сүбәтілова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі бекмұрат Уахатов, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Е.Б.Бәденов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент М.Мергенбаев, география ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Т.Сапаров, т.б.

Қостең / Бұрынғы Лебяжі кеңшары, Шарбақты ауылдық округіне қарасты мал жайылатын жері. Шарбақты ауылынан 43 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындар саны 4 адам (1970 жылы) болған. Қостең – «екі тең бөлінген (қоныс)» мағынасында айтылады.

 

Құлатай / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 33 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 5 адам (1970 жылы) болған. Құлатай тура мағынада «Құла тай» – геноним (Қыпшақ тайпасындағы Бұлтын руының тармағы). 1935 жылы Қазантай ауылдық кеңесінің Құлатай ауылында «Құлатай» ұжымшары құрылған, кейін ол 1941 жылы Абай атындағы ұжымшар болып өзгертілді. 1944-1957 ж.ж. аралығында елді мекен Галкино ауданының құрамында болды.

Құмсуат / Ауылдық елді мекен, қоныс. Қызыләскер ауылдық округіндегі бұрынғы бөлімше. Қарақала (Черное) елді мекенінен 5 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 63 адам (1999 жылы) болған. Елді мекендегі басым ұлт өкілдері – қазақтар – 63 адам. Елді мекен Құмсуат қонысы бойынша аталған – «түбі құмды болып келетін ыңғайлы суаты бар қоныс» дегенді білдіреді.

Құрөлең / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің шалғай учаскесі. Шарбақты елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 9 адам (1970 жылы) болған. Құрөлең (өлең өсетін қоныс), «шалғынды жайылымы бар қоныс» мағынасында айтылады.

Қызылағаш / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының кордоны. Шақа елді мекенінен 23 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 2 адам (1970 жылы) болған. Қызылағаш – «қызыл ағаш өсетін (қоныс)». 1930 жылы Қызылағаша ауылында «Қызылағаш» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Май ауданының құрамында болды.

Қызылқоғам / Ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің бұрынғы бөлімшесі. Елді мекен Ямышево елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 532 адам (1999 жылы) болған. Көбі – қазақтар – 511 адам. Елді мекен «қызыл (жаңа, революцияшыл) қоғам» дегенді білдіретін бұрынғы «Қызылқоғам» ұжымшарының атауымен аталған.

Қызылтұз / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінің бөлімшесі. Тұрғындардың саны 189 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен «қызыл (таяз сулы, тұзды жұқа қабатымен сипатталатын) көл» дегенді білдіретін Қызылтұз көлдің атауымен аталған. 1938 жылы Қызылтұз ауылында «Қызылтұз» ұжымшары құрылды.

Қызылшілік / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округіне қараған. Халқының саны 14 адам (1970 жылы) болған. Қызылшілік – өз атауын шіліктің (аласа тал) түріне байланысты алған. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 442 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: