08:30
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Інжілде жеккөрінішпен суреттелуіне қарамастан, пұтқа табынушылықта қорқынышты ештеңе жоқ еді. Ерекше махаббатпен жасалған құдай бейнесін – берілмейтін ақиқатты кейіптеген пұтпен шатастырып алғанда, ол сорақылық болып көрінетін. Кейіннен яһудилер, христиандар мен мұсылмандар абсолютті ақиқаттың дәл осындай символдарын дамыта келе, индуистік және буддистік көзқарастарға жақын идеяларға ойысты. Дегенмен мұндай адамдар саусақпен санарлықтай еді. Қалғандары ондай талпынысқа құлық танытпады. Олар өздерінің Құдай туралы түсініктері – «Оның жоғары құпиясымен нақт үлеседі» дегенге аңғалдықпен сенді. «Пұттар» дінінің қауіптілігі яһуди патшасы Иосияның билік құрған заманында, б.д.д. 622 жылға қарай айқындала бастады. Ол Яхвемен қатар ханаандық құдайларға сиынуды қолдаған өзінің ізашарлары Манассия (б.д.д. 687-642) мен Амонның (б.д.д. 642-640) жүйесіз қисыннан өзгертуді армандады. Тіпті Манассия ғибадатханаға Асираттың бейнесін орнатып, оның айналасында құнарлылық культі өркен жайған еді. Израилдықтардың көбі Асиратты құрмет тұтып, тіпті оны Яхвенің жұбайы деп иланғандықтан, бұл салттарда Құдайды кемсіту бар деп, тек сеніміне шынайы берілген иеговалықтар ғана деп ойлады. Алайда Иосия Яхве культін нығайтуды көздеп, ғибадатханада жөндеу жұмыстарын бастады. Жұмысшылар бүге-шігесіне дейін барлығын қайта жаңалап жатқан кезде, басты дін қызметшісі Хелкия Мұсаның Израил ұрпағына оқып берген соңғы уағызы туралы хикая баяндалған ескі қолжазбаны тауып алады. Хелкия кітапты патшаның көшірмешісі Шафанға ұсынады, ал ол оны Иосияға дауыстап оқып береді. Оқиғаны ақырына дейін тыңдаған жас патша ауыр тебіреніске түсіп, үстіндегі киімін жыртады: Яхвенің оның ата-бабаларына неліктен ашулы болғаны енді түсінікті болды. Олар Мұсаның бұлжымас өсиеттерін толық бұзған екен!

Хелкия тапқан «Заң кітабы» қазір біз «Қайталанған заң» ретінде танитын мәтіннің маңызды бір бөлігі болғанына еш күмән жоқ. Дінді қайта жаңартушылардың қолына дөп түскен бұл «табылым» турасында түрлі жорамалдар айтылған. Тіпті бәз біреулер кітапты құпия түрде Хелкия мен шафанның өздері жазды деп есептеген. Оған Иосия жиі кеңесіп тұрған көріпкел әйел Алдама (Олдана) көмектескен-мыс. Бізге нақты белгілі ештеңе жоқ, бірақ бұл кітап – жетінші ғасырдағы израилдықтардың соны сипаттағы төзімсіздігін бейнелейтіні сөзсіз. Мұса өзінің соңғы уағызында өсиетті жаңа негізгі қағидамен – израилды Құдайдың таңдағаны идеясымен толықтырады. Яхве өзінің жұртын басқа халықтан жақсы болғаны үшін емес, оған деген үлкен махаббатының нәтижесінде даралайды. Есесіне, Ол өзіне толық мойынсұнуды және басқа құдацлардан мүлде бас тартуды талап етті. «Қайталанған заң» өзегінде кейін индуистер үшін сенім символына айналған мына сөздер тұрды:

«Тыңда (шема), Израил: Құдай, біздің Құдай (Яхве – біздің элохим), Құдай – жалғыз (эхад), бар. Құдайыңды жақсы көр, бүкіл жүрегіңмен, бүкіл жаныңмен, барлық күшіңмен. Саған Мен бүгін өсиет етіп тұрған осы сөздер жүрегіңде болғай!».

Израилды Құдайдың таңдауы оны гойимдардан оқшаулады, сондықтан мәтін авторы Мұсаға мына талаптарды айтқызды: Уәде Етілген Жерге келісімен, Оның халқы жергілікті халықтармен байланысқа түспеуі керек – «олармен одақ құрма және оларды аяма!». Аралас некеге де, қарапайым әңгімелесуге де тыйым салынды. Бірақ, ең алдымен, израилдықтар ханаандық дінді жермен-жекен етіп жоюы керек. «Олардың құрбандық орындарын бұзыңдар, бағандарын қиратыңдар, ағаштарын кесіңдер де, пұттарын өртеңдер», - деп үгіттеді Мұса. – Өйткені сен Жаратушы Құдайыңның (Яхве, біздің элохимнің) қасиетті халқысың, сені Жаратушы Құдайың жер бетіндегі басқа халықтардың ішінен өзінікі болсын деп таңдады».

Шеманы бүгін қайталай отырып, иудаситер оны монотеистік тұрғыдан талқылайды: Жаратушымыз, біздің Құдайымыз – жалғыз. Алайда «Қайталанған заң» авторы мұндай биікті бағындырмаған. «Яхве эхад» онда «Құдай – жалғыз» дегенді білдірмеген еді, Яхве тек сиынуды керек еткен Құдай болды. Басқа құдайлар бұрынғыдай қауіпті болып қала берді: олардың культтері тартымды болып, израилдықтарды яхведен бас тартқызулары мүмкін еді. Ал Ол қызғаншақ Құдай болатын. Егер Израил Оның заңдарына бағынатын болса, онда Ол оларды жарылқап, әл-ауқатты етеді, олай болмаған жағдайда еврейлерді қорқынышты жаза күтіп тұр:

«... Иеленуге бара жатқан жерлеріңнен қуыласыңдар. Құдайың сені жердің мына шетінен ана шетіне, барлық халықтың арасына таратып жібереді, сол жерде саған да, аталарыңа да, ағаш пен тасқа, беймәлім құдайларға қызмет етесіңдер... Өмірің дәл алдыңда ілініп тұрады, күні-түні дірілдеп, өміріңе сенімсіз боласың. Денеңді жайлаған жүрегіңнің дірілінен, көргендеріңнің себебінен, таңертең сен: «о, кеш келсе екен!», ал кешке: «о, таң атса екен!» - дейсің».

Жетінші ғасырдың соңында, Иосия патша мен оның қарамағындағылар осы сөздерді естіген сәтте, израилдықтар келесі саяси қауіптің қарсаңында тұрған еді. Осының алдында ассириялықтардың бетін қайтарып, ақырында Мұсаның болжаған жазасына ұшыраған, он солтүстік тайпаның тағдырынан өздерін аман сақтады. Бірақ б.д.д. 606 ж. Бабыл патшасы Навупаласар ассириялықтарды талқандап, өз империясының негізін қалауға кіріседі.  (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 188 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: