Күй аңызы

АРМАН

Бір ауылда той болып, сол тойға Тілендіұлы Нұрғиса арнайы шақырылыпты. Өзі той болған соң, оған Нұрғиса шақырылған соң, әрине, күй тартылады. Күйді, әрине, Нұрғиса тартады. Елдің де күткені сол, күй тартылған сайын тыңдаушы жұрттың айызы қанып, желпіне түседі. Жұрт желпініп, қошамет көрсеткен сайын Нұрғисаның арқасы қозып, домбырасын қырық құбылтады. Тыңдаушының делебесі одан сайын қозады. Жұрт осылайша мәз–мейрам болып жатқанда, бір ақ сақалды қарт құйған мүсіндей болып, шеттеу отырады. Бейне бір тас керең адам секілді, тартылып жатқан күйге селт етпейді. Әрбір күйді тартқан сайын қолпашты қардай боратқан көпшілік Нұрғисаны одан сайын қолқалай түседі. Еті қызып алған Нұрғиса домбыраны төсіне қойып, басына шығарып, шырқ үйіріп тартады. Тыңдаушы көпшіліктің есі шығып, одан сайын үздіге түседі.

Тек, әлгі шеткерірек отырған ақ сақалды қарт сол құйған мүсін сияқты қалпынан селт етер емес. Нұрғиса болса арқаланып алған, домбырасын одан сайын бебеулетіп, одан арман безілдете түседі. Әлден уақытта делебесі қозған бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башайыңызбен тартады дейді ғой, башайыңызбен тартыңызшы!» деп өзеурейді. Нұрғиса болса сұраушыны жалындырмайды, кебісті қағып тастап, домбыраны башайымен қағады. Жұрт қыран–топан, айран–асыр, таң–тамаша.

Бірақ, шеткеріде отырған қарт қана, селт етпестен, сол тұнжыраған қалпынан танбайды. Содан, күйдің неше атасы тартылып, әннің неше атасы айтылып, тыңдаушының құмары қанып, түннің бір мезгілі болған кезде Нұрғиса тынығып, дем алмақшы болады. Қонақтарды алдын–ала сайланған үйлерге бөліп–бөліп жатқызу үшін тарата бастайды. Нұрғиса болса, бағанағы құйған мүсіндей тұнжыр қарттың үйіне бөлінеді. Үйге келеді. Тап–тұйнақтай қонақ түсетін үй екен. Нұрғисаның көзіне төрде ілулі тұрған қозы қарын қызыл домбыра алдымен шалынады. Домбыра көрсе Нұрғисада тағат қала ма, қызыл домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, домбыраның көмейі күмбірлеп, көкірегі өксиді екен. Нұрғиса қызығып кетеді де, үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейінші!» дейді. Үй иесі самарқау қалпымен Нұрғисаның бетіне барлай қарап алады да: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы!» - дейді. Қарттың үні мүлде түңілгендей, дені дұрыс күй тыңдаудан күдерін үзгендей болып естіледі.

Нұрғиса болса дүние төңкеріліп түскендей «Ах!» дейді. Күн ұзынғы қолпаштың, күн ұзынғы марапаттың бәрі желге ұшқандай, бәрі жалған сияқты жаны құлазып сала береді. Ол аздай–ақ, сол сәт әкесі Тіленді марқұмның дәл жаңағы қарт сияқты «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тартар болар» деп отыратын сөзі есіне түсіп, одан сайын құмығыды. Тап бір әке өсиетін аттанғандай, күйші әкесінің арманына қылау түсіріп алғандай, жан–дүниесі әп–сәтте әптер–дәптер болады. Сол сәт көкірігінен «Ах, арман–ай!» деген сөздің қалай лықсып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Нұрғиса тұғырдағы қырандай дүр сілкініп, есін жияды. Сол қалпында домбыраны үгітіп жіберердей құшырлана бауырына басып отырып, жөргектен құлағына сіңген ескі сарынды сұңқылдатып қоя береді. Күй қолымен емес, жүрегімен тартылады. Тереңнен тепсініп шыққан шұңғыла сарын гөй–гөйлеп, небір нақышты иірім–қайырымдар өзінен-өзі құйылып арманымен қауышқандай сезіне беріледі.

Күй аяқталады. Нұрғиса қарсы алдында қақшиып отырған қартқа қарайды. Қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап, мүлде басқа күйге түскен. Сол қалпы ботадай елпілдеп: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» дейді. Нұрғиса сонда ғана өзіне өзі келгендей болып, көңілі орнына түседі...

Сөйтсе, бұл қартыңыз соғысқа барғанға дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілгенмен, көкірек сау, күйге ынтық көңілін өзінше аулап, домбырасын баптап қояды екен. Міне, осы қарттың алдында тартқан күйін Нұрғиса кейін «Арман» деп атап жұртқа жайса керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (23/04/2024)
Просмотров: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: