АЛАУ, №12 (170), 29/04/2016

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #12(170)

********************************************************************************

Ақпарат кеңістігі

ҚАУІПСІЗ ҒАЛАМТОР

Көз ілеспес жылдамдықпен дамып отырған ақпарттық-коммуникациялық технологияның орасан зор пайдасымен бірге опық жегізер зиян-залалы да аз емес өкінішке орай. Бұл хақында айтудай-ақ айтылып жүр, жазудай-ақ жазылып жүр. Әсіресе жаһандық ғаламтор қауіпсіздігі басты назарда. Екінің бірінде ғаламторға қосылу мүмкіндігі бар. Онан алынатын ақпараттың жақсысы да бар, жаманы да жетерлік.

Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің барлық сыныпта «Қауіпсіз ғаламтор» атты сынып сағаттары қос тілде өткізілді. Оқушылармен бірге ата-аналар жиналысында осынау тақырып аясында компьютердің зиянды жақтары мен пайдасы, компьютер пайдалануда қауіпсіздік ережелері һәм қауіпсіз интернет жайлы баяндалды.

«Ғаламтордың  пайдасы мен зияны » атты дөңгелек үстелге информатика пән мұғалімдері жауапты болды. Интернеттің пайдасы мен зияны жайында слайдтар көрсетіліп, оқушылар екі топқа бөлініп өз ойларын ортаға салды. Айталық, бірінші топ интернеттің зиянды, ал екінші топ ғаламтордың пайдалы жақтарын тілге тиек етті.

Бастауыш сынып жетекшілерінің бірлесуімен 1-4 сынып оқушылары арасында «Ғаламтор – бұл...?» атты сыныптан тыс іс-шара өткізілді. Апта бойы оқушылардың жинаған ақпараттар бойынша сұрақтар мен тапсырмалар қорытындыланды. Оқушылар барлық сұрақтар мен тапсырмаларды жақсы орындап, өз білімдерін көрсетті.

Сол сияқты 1-4 және 5-6 сыныптар арасында суреттер сайысы өтті. 5 орыс сыныбы компьютерде  Paint бағдарламасы бойынша суреттер салды. Акция қорытындысы  жалпымектептік сапжиында  нәтижеленді, белсенділік танытқан оқушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.

Бұл бағытта «Интернет ресурстарды қолдану мәдениеті» атты тақырыпта оқушылар эссе жазған болатын. Барлық сынып қатысып, өз ойларын қағаз бетіне жазып берді. Ең жақсы деген эссе акция қорытындысында ынталандырылды.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

   

ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

ОЙ ҚАЛАЙ БӨЛІНЕДІ ЖӘНЕ ОЙДЫ ҚАЛАЙ ЖИНАҚТАЙДЫ?

Сабақ оқығанда, ойды жинақтай білу дағдыға байланысты. Кішкентай кезінен бастап бұған дағдыланбаған оқушылар есейгенде де сабақ оқығанда, ойын жинақтай алмайды.

Сабақ оқығанда, ойды бөлетін маңызды екі себеп бар, олар:

  • Сабақ оқу дағдысының олмауы;
  • Ойды мазалаған басқа себептердің болмауы.

Сабақ оқуға деген құлшынысы болмаса, табысқа жету де соншалықты қиындай түседі. Сабақ оқығыңыз келмесе, онда ол – басқа нәрсе жасағыңыз келіп тұр деген сөз. Алдыңызда екі таңдау бар: сабақ оқу немесе оқымау, қайсысын таңдасаңыз да, екеуінің де қандайда бір нәтижесі, салдары болады. Қайсысын мойныңызбен көтере алсаңыз, соны таңдаңыз.

Сабақ оқыған кезде, «басқа оқушылардан төмен ұпай жинау, сынақтан нашар баға алу» секілді ойлар сізді мазалайтын болса, бұл ойлардың қыспағынан құтылудың жолын қарастыруыңыз керек.

Қызығушылығыңыз бен қабілетіңізді табысқа жетуіңізге жеткіліксіз деп ойлайсыз ба, әлде уайымыңыз алаңдаушылықтан туындап отыр ма?

Кейбір оқушылар кітап бетіне қарап, қанша отырса да, өзін бейне бір ояу отырып түс көріп отырғандай сезінеді. Бұл – өте жиі кездесетін жағдай. Алайда бұл жағдай сіздің сабақ оқуыңызға кедергі келтіретіндей күйге жеткен болса, онда «есіңді жи, дәл қазір қиялдап отыратын уақыт емес» деп, өзіңізге ескерту жасаңыз.

Керексіз сұрақтармен ойыңызды мазалай бермеңіз, әр нәрсенің өз уақыты бар. Ойыңызға келген мәселені шешу қолыңыздан келетін болса, онда сабаққа отырмаста бұрын оны шешіп тастаңыз. Ал егер мүмкін болмаса, онда кейінірек қолға алармын деп, бір жерге жазып қойғаныңыз өзіңізді жеңілдетеді.

Сезіміңізден туындаған проблемаларды (ғашық болу, қызғану т.б.) уақытша жинастырып қойыңыз, шуақты күндер әлі алдыңызда.

Сабақ оқып отырып, тақырыптағы кейбір майда-шүйде нәрселерге көп үңілмеңіз, әуелі, тақырыптың негізгі ойын түсінуге тырысыңыз. Сабақ оқитын жердегі басқаларадың даурықпа сөздеріне құлақ салмаңыз. Үйренетін нәрселеріңіз шашыраңқы, жүйесіз болмасын, мүмкіндігінше схема сызып, мәліметтерді топтастырып, ойыңызды нақтылаңыз. Әр жерге бір қарамай, нені үйренгіңіз келсе, соған ғана ой бөліңіз.

Қайтсем де осыларды үйренуім керек деп, миға шамадан тыс ауыртпалық салған адам оқығандарын түсіне алмайды, есінде сақтай алмайды. Ми дәл компьютер жады секілді жұмыс істейді. Кілттеніп қалған жадыға ештеңе сақтай алмағаныңыз секілді, кілттеніп қалған миыңыз да ештеңе қабылдай алмайды. Олай болса, сабақ оқу техникаңызды қайтадан бір қарап шығыңыз, ойыңызды жинақтаңыз, үнемі үйренген нәрселеріңізді қысқаша жазып алып, жадыңызды жандандырып отырыңыз.

Ойды жинақтай білу үшін:

  • Не үшін сабақ қоитыныңызды еске түсіріңіз;
  • Сабақ оқимын деп нақты шешім қабылдаңыз;
  • Оқитын тақырыбыңызды өзіңіз қызығатын қалыпқа келтіріңіз;
  • Айналаңызды жинастырыңыз;
  • Жоспарлы және жүйелі түрде дайындалыңыз;
  • Дайындық барысында пәндерді ауыстырып отырыңыз:
  • Өзіңізге сеніңіз және жақсы нәрселерді ойлаңыз;
  • Дайындыққа отырмастан бұрын, зейініңізді және денеңізді жақсылап тынықтырып алыңыз.

ҚАЛАЙША ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ САБАҚ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

Үйрену психологиясы жағынан алғанда, егер бір әрекеттің артынан оны орнықтыратын екінші бір әрекет жасалса, бірінші әрекеті орныға түседі және дағдыға айналады. Нәтижелі және жүйелі түрде сабақ оқуды дағдыға айналдыру үшін, осы тәсілді өзіңізге қолданып көріңіз. Бұл тәжірибе бойынша, әрекетіңізді екі түрлі жолмен орнықтыра аласыз:

  1. Қысқа мерзімді марапат

Бұл тәсіл, негізінде, сізге өте таныс тәсіл. Бала кезімізде әке-шешеміздің «Ойыншықтарыңды жинасаң, далаға шығасың», «Тамағыңды жесең, балмұздақ алып берем» секілді сөздерін бәріміз де естігенбіз. Бұл тәсілдің қисыны мынау:

Дағдыға айналдырмақ болған бір (А) әрекетті жасалуы ләззат беретін (Б) әрекетімен орнықтырса, (А) әрекеті орнығады, дағдыға айналады.

Сабақ оқу сізге ұнамауы мүмкін. Егер сабақ оқу дағдысын қалыптастыруды ойласаңыз, сабақты өзіңіз ұнататын бір әрекеттен бұрын орындаңыз. Сонда өзіңіз ұнатқан істі жасау үшін, сабақ оқуңызға тура келеді. Мысалы, спорт жайлы сайтты ұнататын оқушы өзіне мынадай шарт қою керек: «Күн сайын күнделікті спорт жаңалықтарын оқу үшін, мұншама уақыт сабақ оқып бітіруім керек». Осылайша күнде белгілі бір уақыт сабақ оқуды жоспарға енгізген боласыз.

Алайда кейбір оқушылардың бұл тәсілді теріс қолданып жүрген жайы бар. Сабақ оқуға кіріскен бір оқушы біршама уақыттан кейін жалығады да, «Біраз интернетке қарайыншы, сабақты содан кейін жалғастырамын», - деп компьютердің алдына отырады. Бұл жағдайда қарама-қайшы әрекет дағдыға айналады. Сабақ оқу емес, жалығу дағдыға айналады. Сөйтіп, сабақ оқуға бастаған сайын артынша жалығып қоя береді.

Сабақ оқуды орнықтыру үшін сан алуан марапат түрін таңдаңыз:

  • қыдыру;
  • достарыңызға телефон соғу;
  • ас бөлмеге барып, бір тағамдар жеу т.с.с.

Сабақ оқу әрекетін орнықтыру үшін өзіңізді марапаттағанда, сабақ соңында қол жеткізетін сыйыңыз бен сабақтың көлемі бір-бірімен үйлесу керек. Бір алма жеу үшін біршама уақыт сабақ оқу жеткілікті болуы мүмкін, дегенмен досыңыздың үйіне бару үшін, одан да көп сабақ оқуыңызға тура келеді. Сонымен бірге, бұлай бір әрекетті дағдыға айналдыру үшін, сабақтың тақырыбы, мөлшері, уақыты нақты белгілену керек.

  1. Ұзақ мерзімді марапат

Бұл марапат түрі ұзақ мерзімде бітетін жұмыстарға қатысты қолданылады. Бұл жерде мақсат етілген нәтиже мен нәтижеге қол жеткізілгенде берілетін сый үлкен болу керек. Мысалы, «Осы айдың соңында ҰБТ-ға дайындық сынағынан белгілі бір ұпайдан жоғары жинасам, ауылдағы нағашыларымның үйіне барамын немесе мектеп ұйымдастырып жатқан саяхатқа қатысамын» түрінде сөз беру ұзақ мерзімді марапатқа жатады.

Жоғарыда айтылған екі марапат түрінде де міндетті түрде нәтижеге жеткенде ғана сый берілу керек. Бұған толық бағынуыңыз керек. Әйтпесе жүйелі түрде дайындалудың орнына жүйелі түрде сабақ оқымау дағдысы орнығатын болады.

Бұл екі тәсілді жүзеге асырған кезде алдыңыздан шығатын қиындықтардың ең үлкені – құрбы-құрдастарыңыздан келетін қысымдар. Көбіне досыңыз шақырған уақытта, сабағымды оқысам ба, оқымасам ба деген ойға қаласыз. Алайда мынаны есіңізден шығармаңыз: біршама уақыт өзіңізді сабақ оқуға мәжбүрлесеңіз, достарыңыз да бұл ісіңізге құрмет көрсететін болады.

Сәтсіздікті жою

Оқушылардың сабақтардағы сәтсіздігі тек қана сабақ оқу техникасы мен дағдыларындағы қателіктерден туындамайды. Оқушылар өзінің қабілеті жетпейтін пәнді немесе саланы таңдауы мүмкін. Мектепке немесе дайындық курсына барып келуі мүмкін, дегенмен бұл ісі нақты қойылған бір мақсатқа, іштей қалаған бір арманға негізделмеген болуы мүмкін.

Жеткілікті деңгейде ынта-ықыласы болмауы мүмкін. Ата-ананың мәжбүрлеуімен мектепке немесе дайындық курсына баратындарда бұл жағдай көптеп кездеседі. Оқушының мақсаты мен бұл сабақтар арасында байланыс болмауы мүмкін немесе оқушы бұндай байланысты көрмеген болуы мүмкін. Бұл жағдайда болған оқушылар өмірдегі мақсаттарын тағы бір талқыға салғаны дұрыс. Мақсаттарының арасында ЖОО-да оқу бар болса, онда бұған сабақ оқу арқылы ғана қол жеткізетінін білу керек.

Оқушылардың сәтсіздігі кейбір жағдайларда оқу, жазу, сөйлеу, сөздік қордың аздығынан немесе білімінің жеткіліксіздігінен туындайды. Кейбір терминдер мен тіркестердің мағынасын қате үйренген болуы мүмкін немесе бұлардан хабарсыз болуы мүмкін. Бастауыш сыныптан бері өзін дұрыс жетілдірмеген болуы мүмкін. Алайда жетістікке жеткісі келетіндер үшін бұлар сылтау емес. Қандайда бір проблема болмасын, оны шешудің жолын қарастырғандар нәтижеге қол жеткізеді.

ТЕСТ ШЕШУДІҢ ҚАНДАЙ ТЕХНИКАЛАРЫ БАР?

Цицерон: «Барлық үлкен істер кішкентай бастамалармен болады», - деген. ҰБТ-ға дайындалғыңыз келсе, алдымен тест сұрақтарын шешуден бастаңыз. Жалпы саны 125 сұрақтан тұратын ҰБТ-да табысқа жету дайындық барысында шешілген жүздеген, тіпті мыңдаған сұрақтың нәтижесінде қалыптасқан білімге байланысты. Тәжірибе – ең маңызды табыс, өйткені әрбір сұрақ сізге нағыз үлкен сыақ алдында тәжірибе береді. Сынақта сұрақтарды көріп, не істерін білмей, абыржып отыратын талапкер болғыңыз келе ме, әлде өзіне сенімді тәжірибелі талапкер болғыңыз келе ме? Сұрақтар – тосқауыл емес, керісінше, тосқауылдарды аттап өтуге көмектесетін құралдар.

ҰБТ-ға дайындалған барлық оқушының бір ғана мақсаты бар: ол – табысқа жету. Алайда оқушылардың барлығы сынақан сүрінбей өту үшін дайындалу керектігін біле тұра, керегінше дайындалмайды (дайындала аламайды), өйткені олар үшін мәжбүрлі іс емес, таңдаулы іс. Егер дайындықты мәжбүрлі іс деп қабылдаса, сол кезде сабақ оқитын еді. Таңдауға келгенде, оқушылардың көбі дайындалмауды таңдап жатады.

Жоғары оқу орны сіздер үшін болашаққа ашылған есік болса, сол есікке баратын жол дайындалудан өтеді. Дайындалу деген – көп сағат бойы бүкіл тақырыптарды жаттау үшін тер төгу емес. Бүкіл тақырыптарды өлең секілді оқу дайындалуға жата ма? Әлбетте, олай емес. ҰБТ сұрақтарының көбі ойлануды қажет етеді, сондықтан жаттандылықтан гөрі мәліметтің мол болуы көп көмек береді, тәжірибе маңызды рөл ойнайды. Ал тәжірибе – жауап берілген сұрақ санымен өлшенеді.

Сұрақтарға жауап беру арқылы мәліметтерді үйренуді немесе пысықтауды «Сұрақтармен үйрену тәсілі» деуге болады. Бұл тәсіл бойынша, бір сұрақ алдымыздан шыққанда, оған жауап іздейміз. Алдымен іштей бұл сұраққа жауап беретінімізді ойланамыз. Сосын ойланған нәрселерімізді жүзеге асыруға тырысамыз. Егер сұраққа жауап бере алмасақ, онда сол сұраққа қатысты тақырыпты бір қарап шығу керек. Сосын қайтадан сұрақты шешіп көру керек. Тағы да жауаптай алмасақ, бұл – біздің ол тақырыпты дұрыс түсінбегендігіміздің белгісі.

Егер ҰБТ біз үшін маңызды болса, жауапсыз қалған сұрақтар бізді мазалай бастайды. Егер ҰБТ біз үшін маңызды болмаса, «бір сұрақтан не шығады дейсің» деп, ол сұрақты жоққа балап, әрі қарай өтіп кете береміз. Жауапсыз қалған сұрақтың маңызын түсінсек, онда дереу сол сұрақтың шешілу жолын білетін біреуден сұрап білуге тырысамыз. Оның жауабын достарымыз да білуі мүмкін, я мұғалімімізден де сұрап біле аламыз. Осылайша бір сұрақты немесе бір тақырыпты үйреніп аламыз.

«Сұрақтармен үйрену тәсілін» қысқа уақытта белсенді әрі табысты түрде жүзеге асырғыңыз келсе, мыналарға мән беріңіз:

  • Бәлкім, осы уақытқа дейін мұғалімдеріңізден «сұрақты түсіну – оны шешудің жартысы» деген сөзді естіген боларсыздар. Оның үстіне Эйнштейн бұл көрсеткішті 50%-дан 75%-ға шығартып, сұрақты түсінудің маңызын нақтылай түскен;
  • Сабақты мұғалімнен тыңдамас бұрын оқулықтағы сол тақырыпқа бір қарап шығыңыз;
  • Сабақты зейін қойып тыңдаңыз және керекті жерлерін қағазға түртіп алып отырыңыз;
  • Сабақта айтылғандарды сол күні қайталап шығыңыз;
  • Сабақты түсінген соң, сұрақтарға жауап беруге кірісіңіз;
  • Сол тақырыпқа қатысты жауапсыз қалған сұрақтарыңыз көп болса, тақырыпты қайтадан оқыңыз;
  • Сұрақтарға жауап берген кезде, сұрақтың негізінде берілгендерді және сізден сұралғандарды белгілеңіз;
  • Бір тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап бермес бұрын, сол тақырыпты жақсылап меңгеріп алыңыз. Сұраққа жауап бере отырып, ол тақырыпты түсініп-түсінбегеніңізді анықтайсыз;
  • Мақсатыңыз ҰБТ болса, онда ҰБТ-да шығатын сұрақтармен жұмыс істеңіз;
  • Сұрақтарға белгілі бір уақыт бөліп жауап беріңіз, өйткені ҰБТ сынағында біліміңіз емес, сол білімді қолдана білу жылдамдығыңыз өлшенеді, сондықтан 210 минутта 125 сұраққа жауап беріп бітіруіңіз керек;
  • Әрбір сұраққа мұқият жауап беруге тырысыңыз, өйткені дәл сондай сұрақ сынақта алдыңыздан немесе қате жауап берген сұрағыңыздың дұрыс жауабын іздеп табыңыз;
  • Күнде белгілі бір мөлшерде сұрақтар жауап беруге тырысыңыз. Сұраққа жауап беруге дағдыланыңыз;
  • Сұрақтың берілгенін, тапсырмасын түсінбей жатып, жауаптарын оқуға асықпаңыз. Бұл ас мәзіріне немесе бағасына қарамай тапсырыс бергеннмен бірдей. Алдымен сізден не сұрап тұрғанын анықтап алыңыз. Бұл сіздің сұраққа аз уақытта әрі дұрыс жауап беруіңізге көмектеседі;
  • Барлық бес жауапты оқып шықпай тұрып, өзіңіз білген жауапты белгілемеңіз, өйткені кейбір сұрақтар нақты жауапты талап етіп жатады;
  • Бір сұрақтың жауабына күмәндансаңыз, ол сұраққа бірнеше сұраққа жауап берген соң қайта оралыңыз;
  • Қателескен сұрақтарыңызға қарап, үмітсіз болмаңыз, уайымдамаңыз, өйткені әрбір қате сұрақтың дұрыс жауабын үйренсеңіз, сол – сіз үшін үлкен олжа,
  • Жауабын таба алмаған сұрақтарыңызды ойлап, абыржымаңыз. Кез келген оқушының жауап бере алмайтын сұрақтары болады;
  • Мәтін-сұрақтарды көріп, «ұзын сұрақ қиын» деп ойлап, оны оқымай тастап кетпеңіз. Ұзын мәтінді сұрақтардың жауабы көбіне соол мәтіннің ішінде жасырын тұрады;
  • Дұрыс жауапты тезірек тапқыңыз келсе, қате деп тапқан жауаптарды сызып тастап, қалған жауаптарына ғана үңіліңіз.

ЖЕКЕЛЕГЕН ПӘНДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АҚЫЛ-КЕҢЕСТЕР

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ

  1. Әрбір істің белгілі бір мақсаты болады, сондықтан Қазақстан тарихын оқығанда бірінші кезекте «туған елімнің, туған халқымның тарихын біліп алуым керек» деген мақсат қою керек;
  2. Келесі кезекте тарихқа дайындалудың жоспарын құру қажет. Мысалы өз уақыты мен ыңғайына қарап, күніне 1-2 сағат дайындық жасау қажет. Әрине, дайындықтың ең жақсысы тұрақты түрде болғаны, яғни күндегісін- күнде кітапты ашып, ҰБТ-ға дайындалу керек;
  3. Дайындық кезінде алдымен Қазақстан тарихының бүкіл курсын, яғни ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі аралықты толығымен ең кемі 1 рет оқып шығу керек. Сол кезде сізде Қазақстан тарихы бойынша жалпы түсінік қалыптасады;
  4. Өйткені сіз дайындықты бірден тест жаттаудан бастасаңыз, онда жаттаған мәліметтеріңіз 2-3 аптада ұмытылып кетеді. Қазақстан тарихы бойынша жалпы түсінікті қалыптастырғаннан кейін, тарихты конспектілеп дайындалу кезеңі басталады. Конспекті жазғанда өз ыңғайыңызға түсінікті, әдемі және қысқа түрде жазғаныңыз дұрыс. Конспект жазудың ең тиімді әдісі: белгілі бір тақырыпты оқып шыққаннан кейін (1-2 немесе одан да көп рет) есіңізге қалған ақпаратты қағаз бетіне түсіру. Сол кезде оқып алған мәліметтеріңіз ойыңызда жақсы сақталады. Кейін конспектілеріңізді ҰБТ-ға дейін 1 немесе 2 айда бір рет қайталап оытрғаныңыз дұрыс;
  5. Тестілерді шешекен кезде, жауап беруге қиналған кейбір сұрақтарға сұрау белгісін қойыңыз. Одан кейін мектеп оқулығынан немесе сол тақырыпқа қатысты көмекші оқу құралдарынан іздеп тауып, астын сызып қойыңыз;
  6. Тестілерді шешекен кезде асықпағаныңыз дұрыс, өйткені ҰБТ сұрақтарында бір-біріне ұқсаса сұрақтар өте көп;
  7. Асықпаңыз, ең алдымен сұрақтың қай кезеңге, қай тақырыпқа жататындығын анықтап алыңыз. Содан кейін сұрақтың бес нұсқасының ішінде мүлдем дұрыс жауапқа қатысы жоқ нұсқаларды сызып тастаңыз. Бұны істеген кезде сіздің алдыңызда енді бес нұсқа емес, 2,3 нұсқа ғана қалады. Бұл сіздің дұрыс жауап беру мүмкіндігіңізді 50-70 пайызға көтереді;
  8. Тарихи даталарды немесе тарихи тұлғалардың есімдерін есіңізге сақтаған кезде ассоциациялар құрғаныңыз жөн, яғни 1837 жылындағы «7» санын және 1847 жылындағы «7» санын байланыстыру арқылы есіңізге сақтауға болады;
  9. Әбілқайыр ханды алатын болсаңыз, Қазақстан тарихында екі Әбілқайыр болғанын есіңізден шығармауыңыз жөн. Біреуі Көшпелі өзбек мемлекетінің билеушісі болса, екіншісі Кіші жүздің ханы болған. Осындай мәліметтерге назар аударғаныңыз жөн;
  10. Дайындық үстінде жолдастарыңызбен бір-біріңізге сұрақ-жауап қою әдісі де тиімді, өйткені бір-біріне сұрақты түсіндіру адамды жалықтырмайды және бұл жерде есте сақтау қабілетіңіз жетіледі. «Дұрыс сұрақ қоя білу – ғылымның жартысы»;
  11. Соңында оқыған мәліметтерді үнемі қайталап отыруңыз қажет, өйткені адам көп уақыт бойы қайталамаған нәрсесін тез ұмытады.

 

МАТЕМАТИКА

  • Математика пәнінен дайындық кезінде, мектепте немесе дайындық курсында мұғаліміңіз түсіндірген негізгі ұғымдарды және шығарған мысалдарды жақсылап жазып алуға тырысыңыз. Үйге келген соң, тақырыптарды қайталап, жақсылап пысықтап алып, сұрақтарға жауап беріңіз;
  • Сұрақтарға жауап бергенде, жеңілінен қиынына қарай, әсіресе, шешімі көрсетілген сұрақтардан бастағаныңыз жөн. Осылайша шеше алмаған сұрақтарыңыздың шешімін іздестіруге мүмкіндігіңіз болады;
  • Ең соңында тақырыпқа қатысты тест сұрақтарын шешіп, дұрыс немесе қате болғандарының пайыздық көрсеткішін шығарыңыз. Қате жіберген сұрақтарыңызды қайтадан шешіп көріңіз;
  • Формулаларды жаттағанша, формуланы жиі-жиі қолданып, есте сақтаудың жолын қарастыру керек;
  • Жеңіл сұрақтардың өзіңіз нақты білетін қате нұсқаларын сызып тастап, дұрыс жауапты тезірек табуңызға болады;
  • Математикалық сұрақтарға амалдарды міндетті түрде жазбаша орындаңыз;
  • Қалайша әліпбидегі әріптерді білмеген адам оқи алмаса, жаза алмаса, дәл сол секілді математиканың негізгі қағидаларын білмеген оқушы да тақырыптарды түсінбейді;
  • Амалдарды орындай алатындығыңыз математика тақырыптарын үйрене алатындығыңызды көрсетеді, өйткені бір ғимараттың беріктігі іргетасының мықтылығымен өлшенеді, сондықтан уақыт өткізбестен, мүлдем білмейтін тақырыптардан емес, аздап білетін тақырыптарыңызға дайындалуға бастаңыз. Егер тақырыпты аздап білетін болсаңыз, бұл тақырыптарды толық үйренуге мүмкіндігіңіз бар;
  • Тақырыптарды түсінгендігіңіз ол тақырыпты үйренуге шамаңыздың келетінін көрсетеді. Амалдарды орындауға қатысты қабілетіңіздің аздығы сұрақты аз шешкендігіңізді көрсетеді. Амалдарды орындау қабілетіңізді арттырудың ең тиімді жолы – көп сұрақ шешу. Аз сұрақпен жұмыс істеген адам мен көп сұрақпен жұмыс істеген адам аз жатыққан спортшы мен көп жаттыққан спортшының жағдайына ұқсайды. Екеуінің айырмасын өзіңіз таразылап көріңіз. Сізге қалай пайдалы түрде өткізу керектігін жоспарлаңыз;
  • Жүйелі түрде сабақ оқыңыз, оқымысты оқушылармен жарысыңыз және тест жинақтарымен көп жұмыс істеңіз.

ГЕОМЕТРИЯ

  • Геометрия пәні әрі көзге, әрі зейінге бағытталған пәндерден. Тақырыптарды үйренген сайын, сұрақтарға жеңіл жауап беретін, әрі жауап берген сайын, ләззат алатын боласыз. Геометрия сабағына дайындалуды екі кезеңмен жүргізуге болады:

Тақырыптарды меңгеру

Геометрия тақырыптарын оқығанда, сізге көмектесетін біреу керек болады. Тақырыптарды кезек-кезегімен оқып шығып, ерекшеліктерін жазып отырып, қайталап шығатын болсаңыз, меңгеруіңіз оңай болады. Тақырыптардың ретіне мән беріңіз, өйткені геометрияда тақырыптар бір-бірімен тығыз байланысты, әрбір тақырып өзінен бұрынғы тақырыпқа негізделіп отырады. Берілген мәліметтерді пысықтап, шешу жолы көрсетілген мысалдарды көптеп оқыңыз. Тақырыпты меңгердім деп ойласаңыз, тест сұрақтарына жауап бере бастасаңыз болады. Қателіктеріңіз бар болса, сол сұраққа қатысты тақырыпқа тағы бір қарап шығыңыз.

Тест сұрақтарын шешу

  • Сұрақта берілген мәліметтерді фигураға дұрыс орналастыра біліңіз;
  • Ізделінді нәтижеге жету үшін, фигурадағы мәліметтерді анықтаңыз, «не үшін берілген?», «қалай қолдансам болады?», «бұл мәлімет неге керекті?» деген сұрақтар қойыңыз. Сонда зейініңізде сол тақырыптың мәліметтері көз алдыңызға келеді;
  • Фигура сызуға мән беріңіз және керекті көрсеткіштерді фигураның үстінде жасаңыз. Бұдан сіз уақыт ұтасыз;
  • Жаттанды түрде емес, қиынды түрде теңдеу құрып, бір-біріне байланысты мәліметтерден пайдаланып, проблеманы тұжырымдаңыз;
  • Дұрыс амалдар және жеңілдіктер жасап, нәтижеге жеткендігіңізге көз жеткізіңіз. Бұның бәріне қарамастан, барлық сұрақты шеше алмауыңыз мүмкін;
  • Бұл сұрақтарды шешу үшін пән мұғалімінен көмек сұраңыз.

Асылында, білім алудың белгілі бір уақыты немесе орны болмайды. Кез келген жер, кез келген уақыт аралығы ҰБТ-ға дайындық үшін ыңғайлы болады. Ең бірінші кезекте өзіңіздің болашағыңыз үшін жұмыс жасаңыз.                                                                               Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/05/2016)
Просмотров: 703 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: