АЛАУ, №10 (168), 18/03/2016

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #10(168)

********************************************************************************

Нұрсұлтан Назарбаев. Еркін елдің ертеңі

ӨТКЕНГЕ ҚАРАП, ЕРТЕҢІНДІ ТҮЗЕ!

  • Уақытты таңдамайды – онда өмір сүреді.
  • Уақыт жылдам, ол өзінің жаңа тәртіптерін ұсынады және ешкімді де күтіп тұрмайды.
  • ...болашаққа үнілу қиын, өткенді өзгерту мүмкін емес.
  • Ақпарат пен мәдениет ағыны ғаламдық деңгейде күрт үдеген қазіргі таңда «Жер ортасы – Көктөбе» деп тапжылмай отырып қалуға болмайды.
  • Тарихты тудырушы да, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастау-бұлағы да – халықтың өзі.
  • Тәуекелі тұратындардың ғана қолы жетпесе, Тәуелсіздік бола ма? Азаппен, арпалыспен келмесе, Азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?
  • Алда тұрған сын белестерден білекке-білек, жүрекке-жүрек, тіекке-тілек қоса білсек қана, абыройлы өте аламыз.
  • Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.
  • Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: «Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?!» деп ой-санасын қамшылауы керек.
  • Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
  • Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, өзін қамшылауға тиісті.
  • Ұлттық намыс – ұлы ұғым.
  • Өзімізді жамандай бергенде, бізге жақсылықты кім әкеледі?!
  • Тарих – өткеннің сабағы, адағының кейінгіге өнегесі.
  • Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз жөн.
  • Өткенге қарап, ертеңінді түзе.
  • Өмір де аққан дария сияқты: бір орнында тұрмақ емес.
  • Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы.
  • Тарихты елдің азаматтары жасайды.
  • Ұлылар қашан да халықты рухани асылдандырып отырған.
  • Ақыл табылмай тұрып, ештеңе де табылмайды.
  • Ұмтылсаң – ұтарсың.
  • Жоспардан өмірдің өзі батыл тәжірибеміз көрсетіп отыр.
  • Тапқаныңды ғана тарата аласың, қолыңда барыңды ғана бөліске саласың.
  • Тарихи сенімділік – біздің ұлы тірегіміз.
  • Алмағайып кезең – кісінің басына үлкен сын

Нән Наурыз нақыштары

НАУРЫЗ КЕЛДІ ЕН ДЕ ДАРХАН ДАЛАҒА

Наурыз келді ен де дархан далаға,

Алақайла үлкен-жас һәм бала-шаға.

Суық қыстың, аяз-боранның беті қайтты,

Түрленер жанды-жансыз көктем шыға.

 

Қарасақ, қар еруде, суға айналып,

Көңілді бұлақ жарысуда, арна салып.

Жыл құстары әнге басты көк аспанда,

Қайтып келді біздің жақты бетке алып.

 

Менмұндалап көріне бастады Жер ажары,

Жылы леппен аймалайды жел самалы.

Бүршік жаруға әсте әзір тал һәм терек,

Әлсіз қыстың құтыруы енді шамалы.

 

Ұлыс күні – Наурыз-мейрам мерекесі,

Аққа жақ бұқараның берекесі.

Бірін-бірі шын жүректен құттықтауда,

Бірлікпенен беки түссін ел іргесі.

 

Наурыз келді ен де дархан далаға,

Көктем жетті адыр-белес, сай-салаға.

Төрт түлік мал жайылымға енді шығар,

Сең қозғалар, үйіп мұзды кемер-жағаға.

 

Қыдыр ата сый етер бақ пен бақыт,

Жер-ана жамылар жасыл барқыт.

Үр жаңа жыл баршаға игілік берсін,

Өмір-жалған жайнай түссін бейне жақұт.

 

Наурыз-көже – жеті тағам үйлесімі,

Бек нығайсын тату ұлттар келісімі.

Наурыз келді ен де дархан далаға,

Жақсы жағынан шарықтасын адам есімі.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

  • 2016 жылғы 17 наурызда мектебіміздің мәжіліс залында «Наурыз құтты болсын!» атты игі дәстүрге айналған мереке ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары сахнада көркемөнерпаздығымен қадірменді көрермендер көңілінен шығуға барын салды. Әсіресе 1, 3, 4 қазақ сыныптарының, 5 қазақ және орыс сыныптарының, 7-8 орыс сыныптарының қосқан үлестерін ерекше атап өткеніміз абзал. Сондай-ақ ата-аналар тарапынан қатысқан Күнбаев Қайыргелді ағаға, шашу рәсімін орындаған мектеп мұғалімі Түсіпова сәния Нұрқайдарқызына, әншілік өнерімен көрермендердің патша көңілдерінен барынша шыққан мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Сейітова Ләйлә Қазбекқызына айтар алғысымыз шексіз. Ал мектеп асханасында жылдағы тамаша дәстүр бойынша жеті тағамнан тұратын «Наурыз-көже» сусыны әзірленді. Оның дәмін татқандардың ризалығында шек болған жоқ.
  • Енді екі күннен соң мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шығады. 20 наурыздан 1 сәуірге дейін дем алатын оқушылар 2 сәуірде төртінші тоқсанды бастайды.

Жұмбақтар жаһанында

/№09(167) санда берілген 34 жұмбақтың жауаптары: Қақпан; Ұршық; Соқамен жер жырту; Қайшы; Ет мылжалайтын машина; Термос; Пеш; Самаурын; Иіс сабын; Айна; Бұршақ; Қауын, қарбыз; Бақшадағы қарақшы; Трактор; Поездың вагоны; Ұшақ; Жер серігі;Сүңгуір қайық; Велосипед; Күнтізбе; Сүзгі; Аспан; Жұлдыздар; Жұлдыздар және аспан; Айдың шуағы; Күн; Жаңбыр; Өзен; Су; Мұз; Тамшы; Жер; Жаз бен қыс /

  1. Табақ толы алмас

Таңда түк те қалмас.

  1. Үлкен шанақ, ұлы шанақ.

Іші толы қызыл шабақ.

  1. Түнде шоқтанады,

Күндіз жоқ болады.

  1. Көктемде, қыста,

Кез келген тұста

Тұрады жеті ат,

Біреуін ұста.

  1. Уақыты жоқ ұзақ ойлар,

Там үстінде тайлақ ойнар.

  1. Көзге көрінбес,

Қолға ұсталмас.

  1. Көлден асар,

Белден асар.

Күннен мықты,

Желден осал.

  1. Ағаш басында ақ түбіт.
  1. Өсімдіктің анасы,

Анасы һәм панасы.

  1. Жазбен сырлас,

Күзбен мұңдас.

Құлап түссе,

Сүйегі сынбас.

  1. Мезгілсіз піспейді,

Піспей түспейді.

Шыңнан құласа,

Шекесі іспейді.

  1. Алты айда бір қарыс.

Бір айда алты қарыс.

  1. Бұтақ басында бір дорба ұн.
  1. Қыз басында қызыл жаулық.
  1. Ағаш басында ажарлы қыз.
  1. Бір табын малым бар,

Шетінен қасқа.

  1. Бір жыл егіледі,

Жеті жыл толысады.

  1. Жіпсіз тізілген,

Кезінде үзілген.

  1. Білесің бе, қандай тауық?

Бір тауық

Жұмыртқасын жер астында жүр тауып?

  1. Басын шапсаң – қаны жоқ,

Балапанының саны жоқ.

  1. Ағаш басында сары алтын.
  1. Шашы – жерде,

Басы – көрде.

  1. Сырты жасыл мәрмәр да,

Іші шәрбәт, бал-шекер.

  1. Бермегін сен бұлдана!

Бір данасы – мың дана.

  1. Асты тақта,

Үсті тақта.

Ортасында

Жасыл мақта.

  1. Қара тауық қарны жарық,

Онсыз жұрттың күні ғаріп.

  1. Қызыл өгіз жатты – қалмады,

Көк өгіз кетті – келмеді.

  1. Бойы бір қарыс,

Сақалы қырық қар.

  1. Сондай жарық жан-жағы,

Тас қараңғы ар жағы.

  1. Сондай жарық жан-жағы,

Түбі бірақ қараңғы.

  1. Аш өзегі майлады,

Басына сәлде байлады.

  1. Судағы балықтың

Құйрығы жаныпты.

ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

  «ШЫНЫМЕН НЕ ҚАЛАЙСЫЗ ЖӘНЕ ҚАЗІР СОҒАН ҚАТЫСТЫ НЕ ІСТЕП ЖАТЫРСЫЗ?»

Өміріңіз бен сезімдеріңізді бақылауыңызға ала аласыз, сабақ оқуға да оп-оңай кірісе аласыз. Бұны іске асыру үшін, «үшінші тіл» ойлап табуыңыз керек. Үшінші тіл сізді өзіңізге лайықты өмір сүргізетіндей тіл болу керек, сізге бұйырмау керек, сізді қорқытпау керек. Мақсаттарыңызды белгілеп, бар ынтыңызбен сабақ оқуға мықтап кірістіңіз. Алайда атқаратын істерңізді санаңызға сіңдіре алмасаңыз, алға қойған мақсатыңыз және оны жүзеге асыратын күш-жігеріңіз ештеңеге жарамайды. Мысалы, математика пәнін сүймейті және бұл пәнді оқымайтын бір оқушының өзінің үшінші тілін қалай қолданатынын зерттеп көрейік.

Математика

Болымды ой: «ҰБТ-ға керекті пән әрі мені мақсатыма жеткізеді».

Болымсыз ой: «Мен үшін ең қиын сабақ. Үйренуім өте қиын».

Үшінші тіл: «Математикаға уақытымды көбірек бөлемін. Түсіне алатын тақырыптарды анықтаймын да, көбіне сол тақырыптарға дайындаламын. Математика пәнінде менің де үйрене алатын тақырыптар бар шығар».

Нәтиже: Математика сабағында үйрене алатын тақырыптарға дайындалу және ынтаның артуы.

3) Уақытыңызды дұрыс пайдаланыңыз:

Көп адамның шағымданғаны секілді, уақыт «өте тез» емес, әдеттегідей «тұрақты жылдамдықпен» өтуде. Табысты және табыссыз адамдарға тепе-тең түрде берілген бір нәрсе бар: ол – уақыт. Барлығына берілген бір күн 24 сағаттан, аптасы 7 күннен, айы 30 күннен тұрады.

Табысты кісілер – өз уақытын өзі таңдаған мақсаттар үшін жоспарлы және жүйелі түрде қолдана білгендер.

4) Сабақ оқу жүйеңізді қайтадан қарап шығыңыз:

Адамның сабаққа дұрыс дайындалуына кедергі келтіретін тұзақтар:

  • өтілген тақырыптарды жүйелі түрде қайталап тұрмау;
  • қиындық туғызған сабақтарды кейінге қалдыру;
  • сабаққа дайындалуды үздіксіз түрде жүргізе алмау;
  • жоспарсыз сабақ оқу;
  • пәндер бойынша жеткіліксіз мәлімет;
  • сабақ оқығанда, музыка тыңдау;
  • телефонмен ұзақ сөйлесу;
  • шешім қабылдай алмау;
  • теледидар мен компьютерге көп үңілу;
  • қателіктерден дәріс алмау;
  • айналаңыздың сізге деген сұранысының көп болуы;
  • сабақ оқуды аяқсыз қалдыру;
  • көп уайым (сенімсіздік);
  • сабақ оқып отырып, қиялға беріліп кету;
  • жатып оқу;
  • сабақ оқитын жердің шашылып жатуы;
  • ынтаның аздығы;
  • уақытты реттей алмау;
  • шешімсіз жатқан отбасылық немесе жеке проблемалар.

Ә) Ортаның сабақ оқуға қолайсыздығы

Бұл бөлімде сабақ оқуды жоспарлау арқылы жақсы нәтиже алу үшін сабақ оқитын жерді қалай ретке келтіру керектігі жайлы айтылады.

Сабақ оқу үшін орындыққа отырған оқушының ойын бөлетін нәрселер не сырттан келеді, не өзінің ойынан туындайды. Соған байланысты сабақ оқитын жердің белгігі бір тәртіпте болуы үйренуді жеңілдетеді.

Барлық адамдар үшін қолайлы жұмыс істеу үлгісін көрсету мүмкін болмаса да, сабаққа дайындалатын орынға қатысты ынтаны әжептәуір арттыратын кейбір қағидаларды айтуға болады.

Жұмыс бөлмесі және жұмыс үстелі

©Егер мүмкін болса, сабақ оқуға арнайы бір бөлме жабдықтау керек;

©Сабақ оқитын орында, ең кемінде, үстінде жазу жазатын үстел және оның жанында дайындық кезінде керек болатын кітап, дәптер, қалам т.с.с. заттар салынатын сөре болу керек;

©Жұмыс үстелі терезенің алдында тұрмау керек, себебі жазда ыстық, қыстыгүні суық мазаңызды алады;

©Бөлмеңізге ілінген сурет, портрет, афиша т.с.с нәрселер ойыңызды бөліп қана қоймай, сабаққа деген ынтаңызды да азайтады;

©Сабақ оқыған адамның алдына көлеңке түспеу үшін жұмыс үстелін жарықтың түсуіне қарай орналастыру керек;

©Жұмыс бөлмесінің ауасын терезені немесе есікті ашу арқылы жиі-жиі тазартып отыру керек.

Орындық

©Кейбір кісілердің сабақ оқығанда қолданатын арнайы жайлы бұйымдары болады, дегенмен орындық пен креслоның тым жайлы болмағаны жөн;

©Отыратын орындығыңыз сабақ оқуыңызға кедергі келтіретіндей, мазаңызды алатындай болмау керек.

Тыныштық

©Сабақ оқитын орын тыныш болу керек. Сабақ оқығанда жиі кездесетін әдет – музыка тыңдап отыру. Бұл жерде, әрине, «Мен музыка тыңдап отырып, сабақты жақсы оқимын» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда жүргізілген зерттеулер мынаны көрсетіп отыр: адамның миы бір сәтте бірнеше мәліметті алса да, тек біреуін ғана қабылдай алады.

Жұмыс үстелі

©Жұмыс үстелін тек қана сабақ оқу үшін қолдануға тырысыңыз. Егер сол үстелдің үстінде компьютер ойынын ойнасаңыз, тамақ ішсеңіз, ұйықтасаңыз, яғни сабақтан тыс әрекеттер жасасаңыз, онда уақыт өте келе, сабақ оқып отырып, сол істерді қалай жасағаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз, сондықтан жұмыс үстелін тек сабақ үшін қолдануыңыз керек, оған көзіңіз түскен сайын, «сабақ оқу керек» деген ой туу керек.

Теледидар немесе компьютер

©Музыка тыңдау жайыл айтқандарымыз теледидар мен компьютерге де қатысты. «Бір жақтан сабақ оқиын, екінші жақтан теледидар қарап отырайын» деген сөз дер бос әңгіме. Бір уақытта екі іс істеу екі кеменің басын ұстағанмен бірдей. Ондай адам құрдымға батады;

©Теледидарды қосқанға дейін немесе теледидар тұрған бөлмеге кіргенге дейін өзіңізді бақылай аласыз, одан кейін өзіңізді бақыламақ түгіл, теледидарға байланып қалғаныңызды өзіңіз де білмей қаласыз;

©Күнделікті ісіңізді бітірмей тұрып, теледидарға жақындамаңыз;

©Сабақ оқу кезінде үзіліс жасағаныңызда, сол аз уақытты миды тынықтыруға арнаңыз, бірақ қалайда «10 минут теледидар қарай тұрайыншы» демеңіз, өйткені бұл әрекетіңіз 10 минутпен шектеліп қалмайды.

Телефон

©Сабақ оқуғ кіріспес бұрын, телефоныңызды бақылауға алыңыз;

©Телефонды бақылауға алу үшін, өзіңізге қатал талаптар қойыңыз. Белгілі бір уақыттарда ешкіммен сөйлеспеңіз, тіпті телефон соққан кісілерді ескертіңіз. Бұған өкпелеп қалады деп ойламаңыз, біршама уақыттан кейін өздері де бұған үйреніп кетеді және сабақ оқитын уақытыңызда сізге телефон соқпайтын болады.

Жантайып жатып сабақ оқу

©Оқушылар көбіне жазу немесе есеп шығару секілді жұмыстарын үстелде отырып орындайды да, қалған жұмыстарын диванға (төсекке) жатып алып орындайды. Алайда бұлай сабақ оқудың бір-ақ нәтижесі бар: ол – ұйқы;

©Ұйқыны бақылайтын бөлім мида орналасқан. Мидағы ұйықтау орталығы бұлшық еттерден келген мәліметке қарап, денеге «ұйықта» деген бұйрық береді. Бұлшық еттер босаңсығанда, мидың осы бөліміне «ұйқыға дайындал» деген мәлімет жібереді. Соның нәтижесінде көбіне ұйықтап тынады;

©Жатып оқудың ең қатерлі нәтижесі – сабақ оқи бастасымен ұйқының келуіне ағзаның үйреніп қалуы.

Б) Ағзаның қажеттіліктері

Ағзаның қажеттіліктері – адамның ең негізгі қажеттіліктері. Адам ағзасы өмір сүру үшін, өзіне қажетті нәрселерді қамтамасыз ету керек. Сабақты дұрыстап оқимын десеңіз, алдымен ағзаңыздың қажеттіліктерін орнына келтіріңіз.

Мысалы, аш қарынға сабақ оқу жеткілікті нәтиже бермейді, өйткені ми оқылып жатқан тақырыпты емес, сол кездегі өзін мазалаған жағдаймен шұғылданып жатады. Бұл жағдайда ойыңыз қайта-қайта бөлініп, сабақты дұрыстап оқи алмайсыз.

Аш қарынға сабақ оқу қалай қиын болса, астан кейін де бірден сабақ оқуға кіріспеңіз. Астан кейін дене ауырлайды, себебі қан құрамындағы оттегінің көп бөлігі мидың жұмысына емес, асқазандағы асты қорытуға бағытталады. Сағыз шайнаған кезде де осылай болады. Бұл – мидың жұмысын бәсеңдетеді. Сабақ оқу барысында (көп) су ішіңіз.  

 

Шекарасыз «Қазақ тілі»

/№09(167) санда берілген тапсырмалар жауаптары: Жібу, тоқу, суу, іру, тасу, қасу – түбірлердегі у дыбысы сақталады; Іриді, кейиді, байиды, суиды, құриды, шіриді – мұнда ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады; Тақия, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа; қаһарман, қаһарлы, уһ, аһлады, уһледі, гауһар, еһе; Ащы, тұщы, кеще; Қара гөлеңке, көг орамал, ағлақ, басигеді, келсигеді, барыппекен, баралмаймын, алат, қыргүйек;Аттас жерлерді ажырату үшін алдарынан қолданылған анықтауыштарды бас әріптен бастап, бөлек жазылады. Орталық Азия, Кіші Азия, Орта Азия; Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздері зат есімдермен тіркескенде, бөлек жазылады (еш адам, әр үй т.б.), есімдік, үстеу сөздермен тіркескенде, бірге жазылады (ешқайда, әлдекім, бірталай т.б.); Күрделі сан есімдер, күрделі сын есімдер, күрделі етістіктер, фразеологизмдер бөлек жазылады. Мысалы: елу екі жарым, ақ сұр, жүгіре жөнелді, таяқ жеу т.б.; Ғылымның әр алуан саласында терминдік мәнге ие болған екі түбірден құралған атаулар бірге жазылады; Бірге жазылады. Мысалы: бірқазан, құрбақа,есекмия, қосаяқ т.б.; Бірге жазылады: дүниежүзілік, бүкілхалықтық, қиыршығыстық, ортаазиялық; Буын үндестігіне сай /

  1. рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк, ог дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар қалай жалғанады? Мысалы: саябақ, факт, геолог, киоск сөздеріне барыс септігін жалғаңыз.
  2. Төмендегі сөздерге жалғанатын қосымшалардың неліктен тек қатаң дыбыстан басталатынын түсіндіріңіз: штабтан, клубқа, педагогтар, парадты, т.б.
  3. –ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымшалардың жуан-жіңішке жалғануы қандай ережеге байланысты? Мысалы: Әуезовтің, Мұқановтың, Темірболатовтың, Мүсіреповтің.
  4. нд, мп, кт, нг, мб, ск, фт дыбыстар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар қандай дәнекер дыбыстар арқылы жалғанады? Мысалы: факт, киоск, ромб, шрифт сөздеріне табыс септік жалғауын жалғаңыз.
  5. ст, сть, зд, тт, сс, лл, кк дыбыстар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар қалай жалғанады?
  6. Мына сөйлемнің тыныс белгілерін қойып шығыңыз: Игілік арзанға түспейді көп еңбектің көп күштің құнымен қолға түседі. Біз күнде ертең күнде ертеңмен жүргенде уақыт өтеді игілікті ала кетеді дейді Ж.Аймауытов.

 

Ойлана ойнайық

/№09(167) санда берілгендердің жауаптары: 1а. кел, кез, кек, кем, кен, кең, кер, кет, кеш; 2ө. көз, көк, көл, көш, көн. Көп, көң, көр, көс; 3ү. күз, күл, күн, күң, күс, күт, күш, күй; 4і. кім, кір, кіл/

БІТЕУ БУЫНДЫ СӨЗДЕР

1/а         «Қ» дыбысынан басталатын бітеу буынды сөздер:

а) тізбектеле ұшатын құс ...; ә) тақырға жиналатын су ...; б) денеде кездесетін қара дақ ...; в) денедегі қызыл сұйық ...; г) астық салатын ыдыс ...; ғ) қара жердің көрпесі ...; д) бір планетадағы екі ай ...;

2/о           а) бармайтын жері жоқ мал ...; ә) адамның екі малайы ...; б) түйенің ең майлы жері ...;                                     в) «түне» сөзінің синонимі ...; г) семіргенде айтылатын сөз ...; ғ) байлықтың жиылатын жері ...; д) егіншінің шошаласы ...; е) көңілдің жайлауы ...;

3/ұ           а) шыңның ұшар басы ...; ә) басыбайлылық ...; б) жердің негізгі құнары ...; в) өлімге төленетін ақы ...; г) «мақұл» сөзінің баламасы ...; ғ) «бос» сөзінің баламасы ...;          д) қанаттылар ...; е) жұғымды байлық ...;

4/ы            а) жылдың бір мезгілі ...; ә) пышақтың қабы ...; б) жазықтың биіктеуі ... в) төрт мезгілдің төресі ...; г) күйген кірпіш ...

 

Тағылымды тарих

ЕЛ-ЖҰРТ ЖАДЫНДАҒЫ ЗАҢ БАПТАРЫНАН

  1. Халықтың салт-дәстүрін бұзғандар заңды бұзған ретінде жазаланады.
  2. Қарызға алынған мал жыл өткен соң төлімен қайтарылады.
  3. Ұрғашы мал еркек малдан гөрі қымбат бағаланады.
  4. Қонақ қондырмағанға айып бар.
  5. Қонақасыны дұрыс бермегендер – жазаға лайық.
  6. Ауқатты адамдар кедейге жәрдем беруге міндетті.
  7. Малды және басқа жануарларды зәбірлеу – қылмыс.
  8. Әдеп, тәртіп бұзғандарға жаза бар.
  9. Тентекке әке-шеше ғана емес, бүкіл ауыл, ақсақал жауап береді.
  10. Арақ ішіп өлгендерге жаназа шығарылмайды және бөлек жерленеді.
  11. Оң жақта отырып екіқабат болған қыз қалыңсыз беріледі.
  12. Некесіз бала туған әйелге құрмет көрсетілмейді.
  13. Қарабет болған қыздың бұрымын кесіп масқаралайтын да заң бар.
  14. Некесіз туған бала – арамзада, мезгілсіз туған төл – арамза.
  15. Малдың өрісін, жусауын бұзғанға – айып.
  16. Екі адамның бірі боранда үсіп өлсе, оның жанындағы қасқыр ішікті адам құн төлейді. (Өйткені, бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді).
  17. Тәртіпсіз шәкіртке дүре соғылады.
  18. Еңбегі үшін әркім ақы сұрауға хақылы. Бірақ асарда, үмеде ақы сұрауға болмайды.
  19. Өртке, апатқа ұшыраған отбасына ауыл, көрші-қолаң көмек (ақшалай, заттай, малдай) беруге міндетті.
  20. Еркек қынсыз, пышақсыз, бәкісіз жүруге болмайды.
  21. Соғысқа жалғыз жігіт алынбайды. Екеу болс біреуі, бесеу болса үшеуі, сегіз болса бесеуі соғысқа (сарбаз) алынады.
  22. Жиенге сот жоқ.
  23. Күйеуі қайтыс болса, әйелі бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды.
  24. Әйелі қайтыс болса – ер адам жылын күтпей үйленуіне рұқсат беріледі.
  25. Жесір әйел «ерден кетсе елден кетпейді», күйеуінің аға не інісіне тұрмысқа шығуға тиіс. Егер әйел басқа біреуге кететін болса бұл «жесір дауы» заңымен шешіледі.
  26. Қалындық абыройсыз болса және ол дәлелденсе, күйеу жағы қалың малын қайтарып алады.
  27. Ұрын келіп жүрген күйеу кейін қалындығын абыройсыз деп тапса, оның бұл сөзі қабылданбайды.

 

Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (18/03/2016)
Просмотров: 1075 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: