АЛАУ, №06 (164), 29/01/2016

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #06(164)

********************************************************************************

 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА:

ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

  1. 7 экономикалық бәсекелестікті ынталандыру бойынша инновациялық шешім

Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды босату

  1. Мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алу;
  2. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатара ережелерін қайта қарау;
  3. Жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар тізімін қысқарту;
  4. Үкіметке – мемлекеттік меншіктегі барлық ұйымдарды қоса отырып, жаңа жекешелендіру бағдарламасын әзірлеу (оның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро»-ға кіретіндерді; жекешелендіруден кейін барлық үш басқару холдингі шағын ұйымдарға айналуы тиіс).

Әділ нарықтық баға бойынша, ашық және бесекелес жағдайда жекешелендіру жекешелендірудің шешуші тетігі – акцияларды қор рыногына орналастыру және ашық аукциондар.

  1. Үкіметке – барлық акционерлердің бөгделендірілген активтерді алуға деген бүкіл басымдықты құқықтарын жою.

Еркін және саламатты бәсекелестік үшін жағдайлар жасау

Үкіметке – монополияға қарсы қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар қалыптастыру;

  1. Оның мәртебесі мен жұмыс тәртібін нақты регламенттей отырып, монополияға қарсы ведомство туралы жеке заң әзірлеу.

Бағаларды жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруды бұрмалауды жою

 Үкіметке – экономикалық барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға одан әрі көшуді жалғастыру.

  1. Банкроттық үдерістер мен тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу.

Үкіметке – жеке және заңды тұлғалар үшін нақты және түсінікті банкроттық ресімдер әзірлеу.

Нұрсұлтан Назарбаев. Еркін елдің ертеңі

ОТАНДЫ СҮЮ – СУЫҒЫНА ШЫДАП, ЫСТЫҒЫНА КҮЮ

  • Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір.
  • Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады.
  • Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады.
  • Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды.
  • Ел болу үшін – ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген болуы керек.
  • Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды.
  • Мен білгенде, мына дүниенің дидарында «Жаным – арымның садағасы» деген сөзден артық сөз жоқ. Соны айтқан – қазақ.
  • Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп, өсетіндей болғаны жөн.
  • Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.
  • Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін.
  • Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында.
  • Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады.
  • Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз.
  • Қазақтың ұлттық рухы оның ерлігінде жатыр.
  • Өткен жолын жетік білетін қауым алар асуларын да айқын елестете алады.
  • Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ.
  • Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай қоймайды.
  • Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алады.
  • Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес.
  • Халықтар арасындағы келісім мен достықтың алтын тамыры қазақтарға тән асыл қасиеттерде жатыр.
  • Ұлттың ұлы болмай тұрып, адамзаттың перзенті болу мүмкін бе? Мүмкін емес!
  • Шынайы ұлттық сана жоқ жерде ұлттар мен өзге ұлттық мәдениеттерді шынайы құрметтеу де мүмкін емес.
  • Бостандық пен демократия – ұлы игілік.
  • Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз.
  • Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Жұмбақтар жаһанында

/№05(163) санда берілген 14 жұмбақтың жауаптары: Малдың асқазаны; Жылан және сиыр; Аттың сулығын шайнағаны; Аттың тілі; Тебіндегі жылқы; Қойдың жүні, Қой мен ешкінің құйрығы; Қоспақтың қос өркеші; Түйенің табаны; Ит; Иттің тілі; Мысық; Жұмыртқа; Адамның басы /

***

Сүтпен жуған,

Пышақпен жонған.

***

Шың басында шимай сурет.

***

Екі қырда екі ешкі.

***

Қыл шарбақта ала бұзау.

***

Шындық пенен жалғанның

Екі арасы екі елі.

***

Тыпыршиды қара тай,

Жұлқынады жирен ат.

***

Іздегені бар шығар –

Шошаңдайды сар шұнақ.

***

Қос қараған.

Қос қараған.

Қос қараған басына

Бес барабан.

***

Теп-тегіс жазық,

Түймедей қазық.

***

Үш қабат үйде

Ұшқалақ бала.

***

Егіз жүрек,

Егіз бас.

Алты аяғы жаңылмас.

Бір құйрықты,

Төрт көзді

Таңғажайып қауымдас.

***

Барлығы: 11 жұмбақ

(жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Әкім бол, халқыңа жақын бол

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Күні кеше Қызылағаш ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында игі дәстүр бойынша Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазиновтің Бесқарағай ауылы тұрғындары алдында 2015 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Жылдағыдай жиналыс басталмас бұрын жиналған қауымға ауданның өмірі жайында деректі бейнебаян көрсетілді. Есеп беру жиналысына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев жәе басқа да жауапты тұлғалар келген екен.

Есептік кездесуге жиналған бесқарағайлықтар алдында алдымен Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова өз алдына есеп берді. Шымылдығы айға жуық қана түрілген былтырғы жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы төңірегінде сөз төркіндеткен Жанат Шоқанқызы статистикалық сандарды нақты мысалдар арқылы мейілінше дәлелдеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытып отырған «Дәнекер» һәм «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, қала берді басқа да шағын шаруа қожалықтарының, ол аз десеңіз, қызметін заманға сай дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкерлердің жұмыстарын тілге тиек етті. Небәрі бір ғана елді мекеннен тұратын ауылдық округ таңды таңға жалғап, өз тірлік-тіршілігін айналдырып отыр. Ауыл еңсесін тіктейтін әрбір салада алынған асулар да, бағындырылған белестер де өз алдына бір төбе болып шықты. Дегенмен есептің соңында ауыл әкімі қысқы ауыз сумен қамтамасыз етуді, білім ошағы – мектеп шатырының әбден тозығы жеткендігін, ұялы байланыстың әлсіздігін шешімін табуға тиіс мәселелер екендігін көлденең тартты.

Аудан әкімі Серік Хасенұлы өзінің есептік сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің ілгерілеуін атқарылған жұмыстармен пысықтады. Кешенді есептің тезистері аудандық газетте жарияланғандықтан оған қайта-қайта тоқталмай-ақ, Бесқарағай ауылына қатысты тұстарына аз-кем аялдасақ, былтырғы жылы аудандық бюджет есебінен Бесқарағай – Аққу тас жолының екі жарым шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды, сонымен қатар Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің отқазандығын жөндеуге де қомақты қаржы жұмсалды. Сонымен бірге Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында соғыс ардагері, құрметті ақсақал Қ.Қасеновтің үйіне күрделі жөндеу жасалды. Жоғарыда айтылған «Дәнекер» ЖШС 2017 жылы егін салуды, одан алынған ауылшаруашылық өнімдерін сақтауды іске қосады, ал оған дайындық жұмыстары 2016 жылы қолға алынады екен. Демек, қосымша жұмыс орындары ашылып, екі қолға жұмыс таппай жүрген ауыл тұрғындарының жолы болады деген сөз.

Қос бірдей есептерден соң жиналған бесқарағайлықтардың өтініш-пікірлері тыңдалды. Қашан да осынау көпшілік жиынның жуан ортасында жүретін, халықтың мүддесін қорғауда белсенділік танытатын ардагер ұстаз, зейнеткер Д.Ақатаев игі дәстүр бойынша аудан әкімінің де, ауыл әкімінің де атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, қысқы ауыз мәселесін тағы бір мәрте халық атынан әңгіме етті. Ұйып тыңдаған Серік Хасенұлы бұл көкейкесті мәселені оңтайлы шешу үшін екі миллионнан асып жығылатын қаражат бөлінетінін асыға жеткізді. Отырғандар тарапынан ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктіне білікті дәрігер маманның сондайма қажет екенін жеткізді, өйткені қазіргі медициналық қызметкер мектепте де жұмыс істегендіктен шақырылған жерлерге қызмет көрсетуге үлгере бермейді, оның үстіне келер айда декреттік демалысқа шығатыны тағы бар екен. Бұл мәселенің де шешімін тез арада шешетінін ауыл әкімі шегелеп тұрып айтты.

Сайып келгенде, Бесқарағай ауылында атқарылған жұмыстар нәтижелі, қомақты, бірқыдыру. Биылғы жылы болатын Мәжіліс және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлауда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық мерейтойын атап өтуде һәм басқа да іс-шараларда бесқарағайлықтар белсенді болмақ.                     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

  • Қаңтар айының қақаған аяздары салдарынан 20 қаңтарда бүкіл сыныптарда, 21-інде 1-9 сыныптарда сабақтар болмады. Оның үстіне бастауыш сыныптарда әлі жалғасуда.

Шекарасыз «Қазақ тілі»

/№05(163) санда берілген тапсырмалар жауаптары: Есептік сан есімдер заттық ұғымда жұмсалғанда зат есімше түрленеді: жүздер, жүзден, жүзіміз; Ашылар, жасырар –ар жұрнағы арқылы жасалған; Салынған есімше, сал түбірі, -ын – ырықсыз етіс жұрнағы, -ған – есімшенің жұрнағы; Күлдір-іп, жылат-ып: -ып, -іп – көсемшенің жұрнақтары. Сөйлемде қимыл-сын пысықтауыш боып тұр; Жалғау, оқу, сүю, жабу; Оқы-п, жаз-ып, бар-ғалы, айт-а, айт-қалы т.б.; Трактор жер жыртқан; Жүрген, жүріп келеді, жүреді. Үйренді, үйреніп жүр, үйренер. Тоқыды, тоқыған, ттоқып отыр, тоқымақ, тоқиды; Сүйреп келейін, сүйреп кел, сүйреп келіңіз, сүйреп келсін. Сүйреп келейік, сүйреп келіңдер, сүйреп келіңіздер, сүйреп келсін/

  1. Бұйрық райлы етістікті табыңыз. Анаңа ауыр сөз айтпа! Атыңа ауыр жүк артпа! Қорықсаң, от жақ!
  2. Берілген етістіктерден шартты рай жасаңыз. Сана, жаз, көр.
  3. Ойна, бер етістіктерінен қалау рай жасаңыз және оны болымсыз түрге айналдырыңыз.
  4. Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады. Өлеңнен септік жалғаулы сөздерді тауып, қай септікте тұрғанын табыңыз.
  5. Сөйлем өзімен сырттай ұқсас, тілдік құбылыстардан қандай белгілері жағынан ажыратылады?
  6. Жай сөйлем мен құрмалас сөйлем құрылысына қарай қалай ажыратылады? Мысалы: Жақсы жатырқамайды. Аңқау аңдамайды, әңгүдік тыңдамайды.
  7. Синтаксистік талдау жасаңыз: Дүниеде тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халық та жоқ.
  8. Төмендегі сөйлемнің сөз тіркестеріне талдау жасаңыз: Ұзын жіп байланған фуфайканы белгілі бір жерге дейін сүйретіп келіп, тастап кетіпті.
  9. Мағынасы мен құрылысына қарай қандай сөйлем екенін тауып, сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз: Тәуелсіздіктің негізгі тірегі, экономикалық болашағымыздың басты экономикалық кепілі – табиғи байлықтарымыз.
  10. Сөйлем мүшесі болмайтын сөздер тобы нешеге бөлінеді, анықтаңыз. Олар тіл білімінде қалай аталады?
  11. Толымсыз сөйлем толымды сөйлемге қалай айналады мысалы: Кітапты әкеліп берші.
  12. Мына сөйлемдегі сөздерді сөз тіркестеріне бөліңіз: Ат үстінде жас бала тікесінен тік тұр.
  13. Сөйлемде сөздер қандай тәсілдер арқылы байланысады?
  14. Өзім үшін сатып алдым. Осы сөйлемде сөздер қандай тәсілмен байланысып тұр?
  15. Асан Қайғы алты алаштың жер-суын, қонысын көремін деп көп заман өмірін далада өткізіпті. Сөздердің қандай байланысу түрлері бар?
  16. Ұзын аққан Ертіс, аз тұрып деген сөз тіркестері байланысудың қай түріне жатады?

 (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Сайлауды қолдау

ОРЫНДЫ ҚАДАМ

Әлбетте, кең-дарқан еліміз үшін биыл айырықша жыл – тұғырлы Тәуелсіздігімізге жиырма бес жыл. Дегенмен қазір жаһанда алапат дағдарыс орын алып отыр. Не керек, осынау дағларыс алпауыт елдерді де, шағын елдерді де шарпып отыр. Айталық, ұлы көршілер – Қытайға да, Ресейге де, олардың сыртындағы өзге елдердің барлығы дерлік өз кесапатын ойсырата тигізуде. Күллі мемлекеттің осынау қыспақтан қалай шығуды ойластырып, күн-түн демей жанталасып жатқан жайы бар. Елбасымыз мемлекеттің жұмысын, оның басқару тетіктерін кәсібилендіру әрекетін оңтайландыру жайында Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша ел алдына асқаралы міндет жүктеді. Айталық, «Бес институттық реформаның», «100 нақты қадамның» орны әсіресе ерекше. Ендігі жерде мемлекеттің жүйесі реформаға сәйкес дамуы керек.

Зерделесек, мезгілінен ертеректеу өткізілетін сайлауды өткізу – қазіргі уақыттың талабы. Себебі сол – Елбасымыз «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласын ұсынып, жан-жағынан айқындап берді. Алдағы күндерде осынау үлкен һәм жауапты міндеттерді іске асыру ғана қалды. Оларды орындау үшін жаңа көзқарастағы жетілген мамандар қажет. Ел үдесінен шығып, ел мүддесін қорғайтын халық қалаулары жаңа заманға лайық заңдарды қабылдауы тиіс. Оның үстіне аталмыш заңдар болашақ іс жүргізуге ыңғайлы болуы шарт. Бұл да жаңа толқын мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.

Ақиқатында, Мәжіліс һәм барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын бір күнде, биылғы жылдың 20 наурызында, өткізу көп ұлтты еліміз үшін, ынтымақты-бірлікті халқымыз үшін барлық жағынан әсіресе тиімді. Дүрбелеңді дағдарыс кезінде қомақты қаражат мейілінше үнемделеді. Бір жақсысы – осынау қадам Ата Заңымызға еш қайшы емес.

Шындығында, қазіргі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті мықтаудың қоғам һәм мемлекеттің, еліміздің күллі азаматтарының күш-жігерін және ақыл-қайратын бір адамдай жұмылдыру жолында маңызы орасан. Осыған байланысты еліміздің заң шығару тетігі болып табылатын Мәжіліс һәм барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа қалаулыларын мезгілінен ертеректеу сайлауды халық мүддесіне сай келетін ең салиқалы шешім дегеніміз орынды. Тұғыры биік Тәуелсіз елдің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам ғой.

Асылында, Мемлекет басшысының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату һәм Мәжіліс депутаттарының, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мезгілінен бұрындау болатын сайлауын тағайындау туралы Жарлығын азаматтық тұрғыдан қолдаймын. Осынау бастама маңызы зор шешуші кезеңде біздің қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше көңіл бөліп, айырықша назар аударып, мемлекеттік маңызы тегеурінді стратегиялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға, соны да тың мүмкіндіктерге салиқалы-сарабдал жол ашады деген үміт пен жігерге толы сенім де ұялайды сана-сезімімде.

Ендігі қадам – Мәжіліс һәм барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын ың-шыңсыз, тым әсіре алаулатып-жалаулатпай, халықтық-демократиялық қалыптарға сай келетін, әр қадамы жүйеленген, ұйымдасқан түрде өткізу. Осынау жауапты жолда Хқ Тағаламыз жар болсын, қолдасын.                   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

Артық болмас білгенің

ҚАСИЕТТІҢ ҚАДІР-ҚҰДІРЕТІ

Аңшы, шеберлер құралдары – мергеннің мылтығы, аңшының қақапаны, үйшінің үскісі, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де қасиетті мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды және оны жоғалтпай ұстайды.

Ұлылардың қаламы – сирек кездесетін бағалы мұра ретінде мұражайда, әр үйде сақталады.

Ұстаның көрік үйі – халық ұғымында сақтайты иесі, соғатын киесі бар деседі. Сондықтан оған жай адамдар, әйелдер кіре бермейді.

Жылқышының қара қосы – береке үйі деп халық оны жоғары бағалайды. Қыста «қара қоста» әрқашан жылқының семіз еті мен майлы сорпасы мен құрт көже үзілмейді. Мұнда келгендер тойып аттанады. Сондықтан жылқышының қара қосында қонақтар да көп болады.

Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдар киелі орындар деп есептеледі. Ондай жерге жай адамдар көп бара бермейді. Мұндай орындар барлық мемлекеттерде қамқорлыққа алынған.

Бұлақ – тазалық пен нәр көзі есебінде қасиетті деп қаралған. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағида оның жоғары бағасын білдіреді.

Өнер иелерінің мүлкі – әншілер мен сазгерлердің, ақындар мен жазушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың саз аспаптары, киімдері мен тұтынған заттарын да халық ерекше мүлік ретінде қастерлеп ұстап, сақтап келген.

Бақан – шаңырақ көтеретін киіз үй мүлкі. «Бақанды аттама» деген тыйым оның қасиетті дүние екенін білдіреді.

Мал басы (төл басы) – әр үйде «малымыздың басы, құты» деп айтып отыратын киелі мал болады. Олар: үйірін ит-құсқа бермейтін айғыр, соңынан төл ерткен мама бие, қой бастайтын серке сияқты. Қазақ мұндай мал басын, айырбастамайды.

 

Ойлана ойнайық

/№05(163) санда берілгендердің жауаптары: 4ө. бөл, бөк, бөс, бөз; 5ұ. бұл, бұз, бұқ, бұр; 6ү. бүр,бүк; 7і. бір, біт, біз; 8и. бит/

БІТЕУ БУЫНДЫ СӨЗДЕР

1/а.       «Д» дыбысынан басталатын бітеу буынды сөздер:

а) барымта арасындағы сөз ...

ә) сөз сұрау ...

б) майлы таңба ...

в) өлім ағашы ...

г) «мансаптың» синонимі ...

2/ә        а) өсімдіктің ұрығы ...

             ә) «нақ» сөзінің синонимі ...

             б) «үлкен» сөзінің синонимі ...

             в) «тағам» сөзінің синонимі ...

             г) «шыдам» сөзінің синонимі ...

3/о        а) ажырамайтын жолдас ...

             ә) күш көрсету ...

             б) тепсең, тепсініп қашатын қаңғыбас ...

4/і         а) марксистер ішпейтін апиын ...

             ә) сенім мен наным ...

5/ы       а) көңілдің күптілігі ...

 (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Артық болмас білгенің

КҮН САНАУ ХАҚЫНДА

Дүйсенбі. Қазіргі есеппен алғанда аптаның басы. Біздің халқымыз үшін жақсы күн деп бағаланады. Әр адам жұмысын табысты аяқтауға күш салады. Бұл күні сапарға шыққан, сауда жасаған адамның жолы болады. Құрылыс үшін де сәтті күн. Тырнақ алған адамның ақыл-ойы артады, күш-қуат қосылады.

Дүйсенбі күні жаратылған бала ақылды, жақсы әрі ергек болады.

Дүйсенбіде Жер мен Көк жаратылған. Осы сәтті күні адамзаттың ұлысы, Алланың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар туып һәм осы күні қайтыс болған.

Сейсенбі. Сәтсіз күн деп саналады. Бұл күні қазақтар жолға шықпайды. Той өткізбейді, неке қимайды, іс бастамайды. Қауіп-қатерден сақтанып жүреді. Дегенмен тиісті еңбектен, бастаған жұмысынан қол үзбейді.

Дінде қанды күн, яғни Абыл Қабылды өлтірген күн. Тырнақ алған адамның реніш, қайғысы көбейеді.

Бұл күні жаратылған бала мейірімсіз, қатігез болады. Жыныстық қатынас жасағандар бүйрек ауруына шалдығады.

«Ауа, аспан кеңістігі сейсенбі күні жаратылған» («Киелі кітап»).

Сәрсенбі. «Сәрсенбінің сәті» деп бұл күнді қазақтар өте жоғары бағалайды. Бұл күні бала туса оған міндетті түрде Сәрсенбай, Сәрсенкүл деп ат қояды. Ойын-тойын, игілікті жақсы істерін (көшу, жолға шығу т.б.) осы күні бастайды.

Тырнақ, шаш алуға болмайды, пейіл бұзылады. Сәренбіде бойға біткен бала ауру, кем туады. Су, түрлі өсімдіктер осы күні пайда болған. Бұл күні отырғызылған өсімдіктер, жемістер, ағаштар тез өседі. Себілген егін бітік болады.

Бейсенбі. Мұсылман елдері үшін қасиетті күннің бірі. «Киелі кітапта» күн, Ай, Жұлдыздар жаратылып, жерге жарық түскен деп жазылған. Қазақтар бұл күні жуынып, тазарып, әдеп сақтап, өздерін рухани жағынан да таза ұстайды. Исламдық, адамгершілік парызын, алған қарызын өтеуге тырысады. Аруақтарды еске алады, Құран оқиды, мешітке барады. Міндетті жұмыстарын да адалдықпен атқарады.

Бейсенбіде қайтыс болған адамдар иманды, Алла тілегін қабыл алғандар деп саналады.

Тырнақ алған адамның ауруы кетеді, дені сау болады.

Шын тілеген тілек қабыл болады. Бейсенбіде жаратылған бала ақылды болып туады.

Жұма. Қасиетті күн. Бүкіл мұсылман қауымы үшін маңызы өте жоғары. Бұл күні Адам ата жаратылған. Көктен қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған. Құранда «Жұма» атты сүре бар. Жұмада аруақтар әр үйден дұға дәметеді. Сондықтан әр үй аруақтарға арнап шелпек пісіріп, Құдайы нан беріп, өмірден өткен ата-ана, туған-туысқандарына арнап, атын атап дұға оқиды. Мешітке барады.

Жұма күні қайтыс болған немесе жерленген адамдар иманды, жақсы кісілер дейді халық даналығы.

Әр адам бұл күні таза жүріп, Алланы, Пайғамбарларды, аруақтарды еске алып, әдепті сөз сөйлеуге, көпшілікке пайдалы жұмыс істеуге, үлгі-өнеге көрсетуге тиіс. Ақ тілек қабыл болатын күн де осы қасиетті жұма.

Жұмада тырнақ алғандардың дәулеті артады. Бұл күні жаратылған бала ғалым, өнерлі, өнегелі болады.

Сенбі. Халық ұғымында сәтті, жақсы күндердің бірі. Әр отбасы, әр адам алаңсыз еңбек етеді.

Сенбі күні Алла тағала адам баласын және жан-жануарларды жаратқан. Адам баласына «жер бетіндегі барлық әлемге иелік етіңдер, өсіп-өніп, көбейіңдер» деп батасы берген («Киелі кітап»).

Бата қабыл болатын күн.

Аңшылардың жолы болатын күн.

Тырнақ алуға болмайды. 

Пасық, ақылсыз, залым бала жаратылады.

Жексенбі. Бұл күнге қатысты қағидалар мен ырымдар қазақта көп айтылмайды. Халық қатардағы күндерді бірі деп есептейді.

Бұл күні құрылыс басталса, сәтті әрі тез бітеді.

Тырнақ алған адамның дәулеті қашады.

Христиан дініндегілердің қасиетті күні.

Тілазар, теріс мінез, жасық, жаман бала бітеді.

Әлбетте, күн санау ұғымында халық әр күннің атын айтпай-ақ өткен күндерді кеше, алдыңғы күндер деп немесе келесі күндерді ертең, арғы күні, оның арғы күні деп те айта береді. Және ол әркімге де түсінікті.

Асылында, әр күннің өз орны, қасиеті осындай. «Алланың күнінің бәрі сәтті» деп халық дәл айтқандай әр күннің адамзат баласы үшін өз мән-маңызы бар. Тек әр адам, әр мұсылман аталған күндердің қадірі мен қасиетін есте ұстап жүрсе болғаны.

Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/02/2016)
Просмотров: 851 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: