АЛАУ, №05 (163), 15/01/2016

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #05(163)

********************************************************************************

 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА:

ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

  1. Жаһандық дағдарыс жағдайындағы 10 әлеуметтік сенсация
  1. Денсаулық сақтау қызметкерлеріне еңбекақыны 28%-ға дейін өсіру;
  2. Білім беру қызметкерлеріне еңбекақыны 29%-ға дейін өсіру;
  3. Әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне еңбекақыны 40%-ға дейін өсіру;
  4. Инфляция деңгейінен 2% оза отырып, ынтымақты зейнетақыы индекстеу;
  5. «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақыларын 30%-ға өсіру;
  6. Мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін 25%-ға өсіру;
  7. Шәкіртақылар мөлшерін 25%-ға өсіру,
  8. Жаңа әлеуметтік саясатты әзірлеу: мемлекеттің рөлі – әлеуметтік әлсіз азаматтарды қолдау және адами капиталды инвестициялармен қамтамасыз ету. Үкімет 3 ай ішінде әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс. Мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басымдығы – адами капиталды дамытуға ауқымды инвестициялар.
  9. Бұрын қабылданған бағдарламаларға сәйкес білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыру;
  10. 2017 жылдан жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім».

Нұрсұлтан Назарбаев. Еркін елдің ертеңі

ОТАНДЫ СҮЮ – СУЫҒЫНА ШЫДАП, ЫСТЫҒЫНА КҮЮ

  • Отан – Ана,

От бердің жүрегіме,

Риза боп қараймын гүл-өңіне.

Бабаларым сомдаған бағзы бейнең

Тәуеліз боп түрленді,

Түледі де!

Менде қандай арман бар,

Асыл Ана,

Жарай алсам халқымның тірегіне?!

  • Мен сіздерге Отанды сүюді және оған қамқорлық жасауды тілеймін.
  • Шынайы патриотизм дауыс көтере сөйлеген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек.
  • Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!
  • Өзгенің дүниетанымын, құндылықтарды тануын сергек сезімталдықпен түсіну – қазақ болмысының ең бір аяулы қасиеті.
  • Байырғы ұлы бабаларымыздың ұрпағы ретінде біреудің шайнап бергенін малдану бізге жараспайды. Сондықтан да өткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті.
  • Қазақ әдебиеті, тілі, ауыз әдебиеті, музыкасы – әрқайсымыздың да рухани дүниемізді орасан байыта алады.
  • Халықтар достығы біздің ең басты бірегей байлығымыз ғана емес, сонымен қатар сеніміміз де, үмітіміз де.
  • Ұлт дегеніміз жанды организм, оның даму барысы әлеуметтік-биологиялық және мәдени мүмкіндіктермен шектеліп отырады.
  • Бүкіл әлемдік дамудың қасқа жолы тіпті де бөліну мен оқшаулану арқылы емес, кірігу, бірігу процесі арқылы өтеді.
  • Қазақ мәдениеті біздің түркі бабаларымыздың мәдениеті сияқты, қандай әсер ықпалды бастан кешірсе де, томаға-тұйықтыққа берілмеген, ұдайы синкретті болып отырған.
  • Қазақстанның этномәдени әртектілігі дегеніміз – біздің артықшылығымыз, бұл қатерлі тұзақ емес, өркендеуіміздің тұғыры.
  • Қазақстанның мәдени кеңістігі – алуан-алуан этномәдениеттердің өзара байланысы мен өзара толығып отыруының кеңістігі.
  • Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.
  • Отаншылдық рухы бізге ауадай қажет.
  • Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ.
  • Елі мұратқа жетпей тұрып, ері мұратқа жетуші ме еді?!
  • Тамағыңды тауып жерлік кәсіп, одан да тәуір қызмет жолығар. Бірақ ол қара арманың – өскен еліңнің ортасында жүріп ішкен бір жұтым қара суға қайдан татысын?!
  • Жырақтағы жұртын жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қайдан жай табады?!
  • Мейлі, сен патша не қойшы бол, бәрібір...
  • Атамекеніңнен табаың тайса – жетімсің...

Жұмбақтар жаһанында

/№04(162) санда берілген 12 жұмбақтың жауаптары: Құр; Әсел, бал арасы; Жылан; Бақа; Қоңыз; Құмырсқаның илеуі; Маса; Өрмекші; Сиырдың тұмсығы; Сиырдың тілі; Сиырдың желіні мен үрпісі; Жылқыда өт жоқ /

***

Олай бұрылсаң да – жын.

Бұлай бұрылсаң да – жын.

***

Арпасы бар – күйіс қайырмайды.

Арқасы бар – аунамайды.

***

Тәңірінің тентегі

Темір сағыз шайнайды.

***

Кете берер таудан асып,

Таңба үстіне таңба басып.

***

Алтын тоқпақ ұрады,

Алтын іскек жұлады.

***

Қалай лақтырсаң да

Қасыңа түседі.

***

Хан есігі қақпақты,

Би есігі тоқпақты.

***

Екі бала мінгескен,

Сөйтіп мәңгі күн кешкен.

***

Төсек астында төрт шелпек.

***

Сұлы берсең – тыржияды,

Сүйек берсең – ыржияды.

***

Қылт етсе – қылышын суырады.

***

Келген қонақ ұйқыдан көзін ашпайды.

***

Ғарыштан түскендей,

Қалыптан шыққандай.

***

Жоғарыда жұмыр кітап.

Барлығы: 14 жұмбақ

(жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, ЖӨН-ЖОСЫҚТАРЫ

  • Жылағанды жұбатып, тоқтау айтады, мұңын тыңдайды.
  • Халықтың діни әдеті бойынша беті әрі қараған науқастың жанында күзетке отырады. Науқас жан тәсілім жасағанда иманы айтылмаса, оны «арам өлді» дейді. Бұл кейінгілерге үлкенге мін.
  • Құранды жоғары жаққа қояды, дәретсіз ұстамайды. Мұсылман баласы құранға  аяғын қаратып жатпайды.
  • Құран оқылып жатқанда жалаңбас отырмайды.
  • Өлі туған сәбиге ат қойылмайды.
  • Аты-жөні белгісіз адамға жаназа шығарылмайды. Басы жоқ (мұндай да болады ғой) адамға жаназа шығарылмай жерленеді.
  • Әйелдер ғұсылсыз, дәретсіз бала емізбейді.
  • Мұсылман баласы «біссімілласыз» тамақ жемейді, іс бастамайды.
  • Мұсылмандарға доңыз етін жеуге тыйым салынған.
  • Қасиетті бейсенбі, жұма күндері өзін таза, әдепті ұстайды, әбес, ғайбат сөз айтпайды. Бұл қасиетті дінімізге құрмет белгісі. Аруақтарға дұға оқылады.
  • Намаз оқыған адамның алдынан өтпейді.
  • Қайыр-садақа сұрағандарға садақа тастайды. Егер ол басқа дін адамы болса сол қолымен береді.
  • Егер басқа дін адамы «ассалау» деп сәлем берсе, онда оған «уағалейкум» деп қана жауап береді.
  • Бәлиғатқа жетке адамдар (балалар) намаз оқып, ораза ұстауға міндетті.
  • Құран оқып жатқанда әйел қауымы шашын көрсетпейді.
  • Құран оқылып жатқанда ешкім жалаңбас отырмайды.
  • Құран оқылып жатқанда үн шығармайды, сәлемдеспейді, сөйлеспейді, орнынан тұрмайды.
  • Құранды, хадистерді, дін кітаптарын дәретпен ғана ұстайды, оларды таза жерге қояды.
  • Айт, Ораза, Наурыз күндері бейпіл сөз айтпайды, жат, ерсі қылықтар жасамайды.
  • Мешітте, қайғылы жерде дүние сөзін сөйлемейді.
  • Мешітте орынға таласпайды.
  • Намаз оқып отырған адам қандай жағдайда болмасын намазын бұзуға болмайды.
  • Ораза кезінде біреу өзіңмен жанжалдасса немесе қатты сөзге барса, сен «аузым берік» еді деуің керек. Оныме сөз жарыстырма.
  • Дін адамдарына сәлем беріп құрмет көрсетеді.
  • Айт кезінде «айттық» сұраудың ерсілігі жоқ. Сұрағандарға да «айттық» беру керек.
  • Ислам әдебі бойынша жаназа шығарылып жатқанда түрегеп тұруға болмайды.
  • Айт – мереке әрі қасиетті күн. Бұл күні әр адам өзін таза ұстайды. Әр үйге кіріп «құтты болсын» айтады.
  • Құрбан айтында ауру, ақсақ, соқыр малды және жылқыны құрбанға шалмайды.
  • Әр үйде бір құран болғаны жөн. Бұл мұсылмандық әрі оған деген құрмет пен ықылас белгісі.
  • Қорымға қол шошайтпайды, ол аруақтарды сыйлау.
  • Қайтыс болған адамның отбасына туыстары мен іліктері көңіл айтады, бата жасайды.
  • О дниелік адам туралы әңгіме болғанда оны еске алушы адам «жер хабарын бермесін» дейді.
  • Жақсы сөз, тілек естіге немесе бата алса «әумин, періштенің құлағына шалынсын» деу керек.
  • Ата-ана, туған-ьуыстар қабіріне барып дұға оқу – әрбір тірі адамның парызы.
  • Кейбір адамдар (әсіресе дүниені көп жинайтын) жан-тәсілім алдында қатты қиналады, ауыр азапқа түседі. Мұндайда бір затты (табақша, ыдыс, пышақ т.б.) сындырады.
  • Бата қылған немесе көңіл айтқан адамдар басқа үйге кірмейді. Бұл аруақты сыйлау және адамгершілік.
  • Мұсылман баласы үшін ең үлкен күнә – арақ ішу.
  • Жоқтауға қатысқан әйелдер үш күнге дейін ас-суға, дастарқан әзірлеуге араласпайды.
  • Әбден тозығы жеткен құранды, хадистерді, т.б. қасиетті кітаптарды жағып, аяқ баспайтын жерге көмеді.
  • Қабір басында артық қалған құрылыс заттарын үйге әкету жаман ырым. Иесінің рұқсатымен оны басқа адамдар қабір құрылысына пайдалануға болады.
  • Ораза ұстағандар өтірік, өсек айтпайды. Анайы, әбестік, артық сөздерден өзін тыйып ұстайды. Ондай жағдайда аузы ашылып кетеді, оразасы қабыл болмайды.
  • Сейсенбі күні жолға шықпайды, той жасамайды, құрылыс, іс бастамайды. Өйткені Қабыл әбілді осы күні өлтірген қанды күн.
  • Басқа діннің де жол-жоралғысына құрметпен қарау керек. Оны мазақ етуге болмайды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Шекарасыз «Қазақ тілі»

/№04(162) санда берілген тапсырмалар жауаптары: Ығы-жығы; Қазақта баланы бесікке салу дәстүрі бар. Аспанда күн сәулесі нұрын шашып тұр.; Айгөлек; Көңіл айту, көңіл ашар, көңіл аудару, көңіл бөлу, көңіл білдіру, көңіл жетер, көңіл жықпас, көңіл күй, көңіл қошы, көңіл қою, көңіл қосу, көңіл сұрау, көңіл сүйер, құс төсек, құс жастық, құс мұрын, құс салу, құс тұмсық, құс ұйқы; Қарақат, таңқурай, долана; Дәрі-хана, ас-хана, ем-хана, ауру-хана; Ұнамды, күлдіргі, кейіпкер; Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы. Ерден – сыныптағы қалжыңбастардың бірі. Итбүлдірген жапырағының қайнатпа суы бүйрекке тас байланғанда, ревматизм ауруын емдегенде өте пайдалы; Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, т.б.; Бөлмем, бөлмең, бөлмеңіз, бөлмесі, бөлмеміз, бөлмелерің, бөлмелеріңіз, бөлмесі; Сіздер, балапандар, халықтар, оқушылар; Сағат, сағаттың, сағатқа, сағатты, сағатта, сағаттан, сағатпен; Дәрігермін, дәрігерсің, дәрігерсіз, дәрігер, дәрігерміз, дәрігерсіңдер, дәрігерсіздер, дәрігер; Марат жолдасымен бірге кетті; Әдемі-әдемілеу-әдемірек, жеңіл-жеңілдеу-жеңілірек, кіші-кішілеу-кішірек, көк-көкшіл-көгілді-көкше; Жап-жақсы, жап-жаңа, жап-жасыл, ап-ауыр, ап-ащы, ап-аласа, қап-қатты, қап-қараңғы, қап-қара/

  1. Есептік сан есімдер қандай жағдайда түрленеді? Жүз сан есімін түрлендір.
  2. Көк торғындай аспан – көк,Білемін жайнап ашылар. Иісі аңқыған бәйшешек, Түрленіп жерді жасырар. Осы өлең жолдарынан есімшені тауып, қандай жұрнақ арқылы жасалғанын айтыңыз.
  3. Мына сөйлемнен есімшелі етістікті тауып, оған тұлғалық талдау жасаңыз: Жұмысшыларға арнайы үйлер салынған.
  4. Мақал-мәтелден көсемшелерді тауып, қай сөйлем мүшесі болып тұрғанын айтыңыз: Дұшпан күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады.
  5. Берілген сөздерді тұйық етістік етіп жазыңыз. Жалға, оқы, сүй, жап.
  6. Оқы, жаз, бар, айт етістіктеріне көсемше жұрнағын жалғап жазыңыз.
  7. Трактор жер жыртады деген сөйлемді өткен шаққа айналдырыңыз.
  8. Мына етістіктерді барлық шаққа айналдырыңыз. Жүр, үйрен, тоқы.
  9. Сүйреп келеді – ашық райлы етістікті бұйрық райға айналдырыңыз және оны жіктеңіз.

 (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАМШЫ

Әлбетте, ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы һәм рухани зердесінде кәдімгі қамшымыз ерекше орын алып келген. Бұл күндері оған тереңірек ой жіберсек осы бір шағын ғана дүниенің атқарар қызметінің сан алуан түрлеріне тоқталмай кетуге мүлде болмайтын жайлар бар екен. Өйткені қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухан қуат-күш, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыз сәні һәм салтанаты, қамшы – азамат айбыны мен айдыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра екенін білетіндер де бұл жалған дүниеде азайып келе жатқаны бекер емес. Демек, қамшымыз тек ат айдайтын құрал ғана емес, айта алсақ, сөйлете білсек мақнатарлық-ақ қасиетті әрі қастерлі қазына тобына жататын әмбебап дүние екенін анық көреміз. Бұрынғы ақын, әнші, сал-сері мен мырзалар, жақсылар мен жайсаңдар, сұлулар мен сырбаздар, тіпті кез келген қазақ осы қамшыны жанына жақын серік еткен. Қамшыны ауызға алмай өлең, жыр айтылмаған. Тұрмыста да солай. Қажет десеңіз ол тәртіп құралы да бола алған. Ал, қолына қамшы ұстаған әр азаматта еркелік екпін, жігіттік жігер еселене түскен.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өрген. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Соның ішінде қамшы әр түрлі, яғни үш таспадан қырық таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді әрі ажарлан, күрделене түседі. Осы жай өрілу сапасы мен тәсіліе сай және қолданылуына орай қамшы атаулары да өзгере береді. Тқайсыбір белгілі өрімші шеберлер былайша түрлеген: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы, тағы басқа. Сол сияқты таспа санына қарай «пәлең өрмелі қамшы» деп те атала береді. Қамшының басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады. Осыған орай қамшы тағы да күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады.

Қамшы – бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Айталық, өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек, тағы басқа.

Қамшы өру ісі әдетте өрімнен басталады және оның атауы мен сапасы осыған байланысты болады. Айталық, төрт таспа, жиырма таспа, отыз екі таспа, тағы сол сияқты.

Қамшы негізі үлкен екі бөліктен құралады. Ол өрімі және сабы. Сап тобылғыдан, ырғайдан, елік, киік сирағынан, мүйізінен, таутеке мүйізенен әсемделіп жасалады. Әсіресе, елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте бғалы әрі сәнді болады. Кей шеберлер қамшының өріміне қоса сабын да тұтас өріп шығарады.

  Қамшы сабына ең көп қолданатыны – тобылғы. Ол әрі бояулы, әрі берік, әрі әдемі көрінеді. Оны да майлап, әбден кептіріп, түзетіп барып қолданады. Әсіресе, оның қызыл түсті бояуы ерекше көрік береді. Бұрынғы кезде сері жігіттердің сұлу қызға осындай әсем қамшымен баруы оның абырой-беделін де көтере түскен.

Қамшы өрімі алақанынан саптық мойнағына бүргеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарылып бекітіледі. Немесе таспа арқылы мойнаққа бүрмелеу арқылы жалғайды. Мұны шеберлер тілінде «бунақтау» дейді.

Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғары, қайыспен орайды.

Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді.

Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырады да оны сапқа ұзына бой «бауырлақ» етіп сыртынан таспаны орап жібереді. Кейде осы бауырлақ орнына жұқа мыс та қолданады. Бұл да қамшы бағасын, құнын әсерлей түседі.

Өрім мен алақанның қосылған жерін «шежемей» дейді. Осы шежемей үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағылады.

Жоғарыда айтылғандай алтындап, күмістеп, ерекше жасалатын бірнеше қырлы, бұрама, шашақты, орама сапты, отыз-қырық таспа қамшылар болады. Жасалуына орай оың бағасы да татымды болып келеді. Мұны екі бүктеп ұстаған жігіт те ат үстінен шіреніп тұрып үй сыртынан өз құрбысына сөз де тастаған. Мұндай әсем қамшыларды әр атты адам пайдаланған. Сондай-ақ мал айдауға, ұрыс, соғыста қару орнына жүретін қамшылар да болған. Олар дыр, дырау, дойыр деп аталған. Бұлардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі, үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшымен ұрғанда атан түйелер мен өгіздердің өзі жүре жатқан. Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған дейді қариялар. Тобылғы сапты қамшының «бұзау тіс» деп аталатын түрі де болады. Мұны да қару ретінде жұмсайды.

Қай жағынан алып қарағанда да қамшы қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе қамшысыз жан болмаған. Өнері дейтініміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда да қамшы тасталған. Әдеп-үлгіде де, салт-дәстүрде де қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік, мәдениетті ережелері мен жөн-жосықтары да болған. Айталық, жайшылыққа қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік беп қаралған. Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған.

Қазақ дәстүрінде «қамшы ойыны» деп аталатын күрделі ойын түрі де болған. Соның ішінде қазақ даласына кең тараған «қамшыгерлік» өнер кене. Олар осы қамшы арқылы өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен жусатып салу, қасқыр соғу қамшыгерлер атағы мен абыройын арттыра түскен. Әрине, қамшыға – азаматы, азаматына – аты сай болуы үшін екені белгілі.

Қамшымызды халық тіл өнерінде де «ойната» білген. Жүйрік атты «қамшыдай қатқан»; талаптанған жігітті «өзін-өзі қамшылады»; «ұрды, соқты» дегенді «қамшы жұмсады»; «қорқытты» деудің орнына «қамшы үйірді»; қаныпезер тентекті «қамшысынан қан сорғалаған»; жүрмейтін атты «қамшы кесті шабан»; жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлай, ажарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кеміткен. Жүрдек атты «қамшы салдырмайтын мал» деп мадақтаған. Айталық, «қамшы сабындай», «қамшы бойындай», «қамшы жетер жерде» дегендей.

Асылында, Ұлы Дала елінің өмірінде қасиетті қамшының да өшпес із қалдырғанын осынаудан байқауға болады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Артық болмас білгенің

ҚАСИЕТТІҢ ҚАДІР-ҚҰДІРЕТІ

Атамекен, туған жер – әркімнің ата-бабасы, өзі туып, өскен жер. Туған жер, өскен елді құрметтеу, оған барып тұру – азаматтық белгісі. «Алтын бесік» деп әспеттеп айтатын жеріне келген баладан бастап ересек адамдарды туған жеріне аунатып алатын қазақ ырымы бар. Бұл бала отаншыл болсын, үлкендердің ауру-сырқауы, шер-шемені кетсін деген ұғымнан туған.

Қара шаңырақ – ата-бабадан қалған үй. Атадан балаға қалып келе жатқан киіз үй (қыстау) қасиетті орын есебінде сақталған. Мұндай үйді күтіп, таза сақтайды.

Киелі орындар – әулие-әнбиелердің, батырлар мен би-шешендердің, атақты адамдардың мекен-жайлары, қабірі, мешіті киелі, қасиетті деп саналады. Мұндай орындарға халық әдейі барып зиярат етеді, түнейді, тілек іздейді.

Ананың ақ сүті – адам баласы үшін қадір-қасиеті ерекше ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау – өте үлкен парыз. Аналардың «ақ сүтім ақталды» деп марқаюы – балаларына ризалықтың белгісі. Ананы риза ету – Алланы риза ету деген сөз.

Құран Кәрім – Мұхаммед пайғамбарымызға түскен қасиетті төрт кітаптың бірі. Сол сияқты хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі кітаптар деп саналады. Діни кітаптар таза қолмен ұсталып, таза жерге сақталады.

Дастарқан – тағам, дәм байлығы мен берекесінің бейнесі, нышаны. Жомарттар мен мырзалардың, қолы берекелі әйелдердің аттары осы кең дастарқанымен шыққан. Дастарқанды аттамайды, дастарқан үстінде әдепсіз сөз айтылмайды.

Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.

Ошақ – қазан-ошақ деп қосарлана айтылатын киелі де иелі заттың бірі. «Ошақтың үш тұтынан бер» деген қазағымызда ізгі ақ тілек бар.

От орны – киіз үйдің ортасында ошақ құрылып, қазан асылып, от жағылатын орын. От орнын аттамайды.

Төр – әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі қасиетті орны. Үйге келген адамға «төрге шығыңыз» деген ілтифат пен ақ ниет осыдан шыққан.

Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар деп бағаланады. Қаһармандар Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды ерлердің қылыш, найзасы, сауыты мен дулығасы, ер-тұрманы, садақ, шоқпарлары ғасырдан ғасырға сақталатын мәңгілік мұра.

Ойлана ойнайық

/№04(162) санда берілгендердің жауаптары:1а. бақ,бап,бал,бар,бас,баз,бай; 2е. бел,бет,без,бек,бер,бес; 3о. бол,бор,бос,боқ,боз,бой  /

БІТЕУ БУЫНДЫ СӨЗДЕР

4/ө. «Б» дыбысынан басталатын бітеу буынды сөздер:

а) «ажырат» сөзінің синонимі ...

ә) байлыққа бат сөзінің синонимі ...

б) мақтан, соқ өтірікті ...

в) матаның атауы ...

5/ұ        а) сілтеу есімдігі ...

             ә) «қопар» етістігінің синонимі ...

             б) «еңкей» етістігінің синонимі ...

             в) «айналдыр» етістігінің синонимі ...

6/ү        а) ағаштың алғашқы қуанышы ...

             ә) тақтаға жазатын қалам ...

             б) тігіс атауы ...

7/і         а) «жалғыз» сөзінің синонимі ...

             ә) «аяқта» сөзінің синонимі ...

             б) етікшінің инесі ...

8/и        а) адамға үйір қансорғыш ...

 (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

  • 2016 жылғы 9 қаңтарда биылғы оқу жылының үшінші тоқсаны басталып кетті. Оқу-тәрбие үрдісіне сәттілік тілейміз..

Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/01/2016)
Просмотров: 616 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: