14:36
Жеңістің жалаулаған жаңғырығы

АЛПЫС СЕГІЗІНШІ КӨКТЕМ ШУАҒЫ

Осымен алпыс сегізінші мәрте Жеңістің көктемі Бейбітшілік шуағымен жанды-жансызды нұрландырды. Қатарлары селдіреп қалған соғыс һәм тыл ардагерлері орден-медальді, погон-төсбелгілі китель-костюмдерін, ұлттық өрнекпен зерленген әдемі киімдерін жарқырата киіп, төрден ойып тұрып орын алды. Соғысты жеңген асылдарға өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпақ осымен алпыс сегізінші дүркін шексіз алғыс айтып, шексіз тағзым жасады.

Майда мамырдың тоғызында Бесқарағай ауылының тұрғындары жылдағы игі дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысы жеңімпаздарына арналған естелік Обелиск маңында бас қосты. Таңнан сонау соғыс жылдарынан елес беретін әндер бүкіл ауылға жайыла естілді.

Обелиск төріне ауылдың құрметті зейнеткерлері, тыл ардагерлері, мерекеге арнайы ат арылтып келген меймандар жайғасты. Осынау қадірменді жандар ішінде сонадайдан ерекше көзге түскені – аудан бойынша бірден-бір соғыс ардагері Қасенов Қаблен ақсақал!

Салтанатты жиынның басында сұм соғыстан қайтпаған бесқарағайлық жауынгерлерді, марқұм болған соғыс ардагерлерін бірминөттік үнсіздікпен еске алды жиналған қауым. Артынша егде тартқан асыл жандар, қонақтар жауынгерлер тектері өшпестей басылған қасиетті мәрмәр тасқа алқызыл гүлдерді ептілікпен жайғастырып, мәңгілік құрмет ниетін шын жүректен білдірді.  Ал құттықтау рәсімі кезінде ауыл әкімі Балтабаев Е.Н., ауылымыздың құрметті зейнеткерлері Әлкеев Б.Р., Ақатаев Д.А., ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Темірғалин С.Ә. бесқарағайлықтарды һәм меймандарды осынау маңызды мерекемен құттықтаса, өз алдына сөз алған соғыс ардагері Қасенов Қаблен ақсақал өскелең ұрпаққа өнегелі тілегін, бейбіт ғұмыр кешудің мәнін ерекше екшесе, ауыл имамы Жамбыл ақсақал аруақтарға арнап құран бағыштады. Бастауыш буын бүлдіршіндері Отан, Бейбітшілік, Ынтымақ тақырыбында әдеби монтаж тыңдатты.

Көктемнің мерекелік шеруі мектеп алдында ұйымдастырылған елжандылық-отансүйгіштік және әскери-соғыс тақырыбын қамтыған әндерден түзілген «Жеңіс алауы!» концерттік шарамен жалғасты.  Көрермендер көңілін әншілік өнерімен Сейітова Л.Қ., мектеп оқушылары Важниченко Максим, Увакова Алуа, Мұратбай Арман, Серікпай Айдана және тағы басқа оқушылар әрі толқытты, әрі сергітті, әрі серпілтті.

Түс мезгілі болған шақта ауылдық әкімият ғимаратында жылдағы тамаша дәстүр бойынша соғыс-тыл ардагерлеріне арнап мерекелік дәм-тұзды дастархан жайылып, қонақжайлылық ілтипат көрсетілді. Қаблен атаның ұлы Қанаттың айтуынша, Лебяжі ауданы әкімі Құрманова А.А. және басқа да өкілдер соғыс ардагерінің үйіне арнайы келіп, ақсақалды Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетіпті.

Сонымен қатар мерекеге арналған шағын футболдан өзара жолдастық кездесу болып, тартысқа толы ойын өрнегі осынау мейрамды әрлей түсті.

Осыдан бір күн бұрын Бесқарағайға аудан орталығынан «Естелік автосапар» делінген аудандық әскери комиссариат, аудандық ардагерлер Кеңесі, аудандық Мәслихат өкілдерінен құрамдалған қонақтар келіп, Обелиск алдында салтанатты жиын өткізсе, Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебінің мәжіліс залының сахнасында оқушылар «Сарбаздар конверті» атты әскери-патриоттық әндер байқауын көрермендер назарына ұсынды.

Сайып келгенде, бесқарағайлық жұрт биылғы Жеңіс күнін желбірете жаңғыртты.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 871 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: