17:28
Жеңістің жалаулаған жаңғырығы

БЕСҚАРАҒАЙДЫҢ БІРЕГЕЙ БАҺАДҮРЛЕРІ

Алпыс сегізінші жылдың жүзіне айналып отырған Ұлы Жеңіс мерекесі! Қандай қиындықпен қол жеткізген осынау маңызды сәттің мәңгілігі өткенге тағзыммен қарайтын әрбір адами иманды азамат үшін қаншалықты асыл десеңізші.

Тағдырдың жазуымен һәм жазмыштың әмірімен қатарлары селдіреп қалған ардагерлерге мың тағзым. Майдан шебінен, ұрыс даласынан қайтпаған жауынгерлер рухына мың тағзым.

Басқасы басқа, ал өзіндік сара тарихы бар Бесқарағай ауылынан күркіреп күндей өткен сұм соғысқа өлім іздеген жауды өз ініне қайта тығуға атсалысқан жүрегінде түгі бар жауынгерлер аз болмады. Айталық, марқұм Жанпейсов Зейнолла ақсақалдың Алманияның Росток, Магдебург, Фрайбург қалаларын азат етуде, Эльба өзенінде болған жанкешті шайқасқа қатысқаны неге тұрарлық, ал Лебяжі ауданы бойынша соғыстың жалғыз ғана тірі куәгері болып отырған, тоқсанның шыңына шыққан Қасенов Қаблен ақсақалдың Оңтүстік-Шығыс, Дон, Украин, Белорус майдандарында көрсеткен ерлігі кез келген тарихи шығармаға дайын ақиқи сценарий ғой, марқұм болған Молоков Степан Анисимовичтің 82-дивизияның құрамында шайқасқаны, осы күндері Павлодарда өмір сүріп отырған Сидоренко Николай Максимовичтің соғыстың пердесі жабыларда Моңғолияда жапон милитаристерін талқандауға батырға тән өрлікпен атсалысқаны қанша жыл бойы соғыс ардагерлерімен болған тәрбие-тағылымдық салмағы қомақты кездесулерде майын тамызып айтылған әңгіме болатын. Ал бұған бақиға сәл ертеректеу сапар шеккен құрметті ардагерлер Мұқашев Ахмет ақсақалдың, Омаров Қамаш ақсақалдың, Андасов Балташ ақсақалдың һәм басқа да бесқарағайлық соғыс куәгерлерінің өскелең ұрпаққа әңгімелеген ерлік әрекеттері қандай қымбат рухани азық болды десеңізші шіркін! Топырақтары торқа болғыр, қасиетті бабаларымыз!

Қазақ қаламгері Шерхан Мұртаза «мылтықсыз майдан» атап кеткен соғыс кезіндегі тылда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранды ту еткен бесқарағайлықтар марқұм Асылханов Жұмахан ақсақал, марқұм Жанпейсова Майраш әже, немере қызығын көріп отырған Жүнісова Бизат әженің және басқа да тыл ардагерлерінің аянбай еңбек еткен ерліктері Ұлы Жеңіске қосылған қомақты тамшыдай үлес болды.

Ал Ұлы Отан соғысының жанды куәгеріндей ортамызда асыл қазынамыздай жүрген ардагер Қасенов Қаблен ақсақалдың бірегей баһадүрлігін былайша ұйқастала өлеңдеген шумақтармен түзейін.

ЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІНЕ БАС ИЕЙІК

Ерлердің ерлігіне бас иейік,

Ерендете қара өлеңнен жыр төгейік.

Күркіреп күндей өткен сұм соғыста,

Жеңіс үшін қан төккенін біз білейік.

 

Қасенұлы Қаблен жайлы сөз етейік,

Азаматтық парызды да біз өтейік.

Жырға қосып ақсақалды ардагерді,

Зор тағылым тереңіне біз жетейік.

 

Нәубетті соғыстың екінші жылында,

Қиын-қыстау сұр күздің қазан айында,

Келіп түсті Оңтүстік-Батыс майданына,

Атқыштар дивизиясының полк құрамына.

 

Арпалысты Жеңіс үшін қан майданда,

Талай күн, талай түн һәм кеш, азанда.

Жараланып, госпитальдан шыққаннан соң,

Жіберілді Украина майданына.

 

Бола білді бөлімшенің командирі,

Тықсырды фашистерді қайта, кері.

Екі рет жараланған Қаблен атаны,

Кейіннен қарсы алды Белоруссия жері.

 

Боратты сұм фашиске күш, соққыны,

Таусылмады қайсар біткен күш толқыны.

Берлинге тақау жатқан бір биікте,

Жеңіске шақ қалғанда жараланды.

 

Қарсы алды Жеңіс күнін госпитальда,

Қуанып, жылап-сытап май мамырда.

Атқарып өз борышын зор құрметпен,

Қаблен ата елге оралды тамыз айында.

 

Орден, медаль – сұм соғыстың шын белгісі,

Қаблен ата – жар Жеңістің шын үлгісі.

Өлімменен арпалысты ұрпақ үшін,

Болдыртпады, көрсетпеді жау езгісін.

 

Ерліктерін ерлердің елі елейді,

Құрметпенен ерлерін елі бөлейді.

Қатарларын сиретуде жалған заман,

Өлсе-дағы ерліктері еш өлмейді.

 

Жеңістің құтты болсын зор мерейі,

Болмасын Жер-Жаһанда соғыс үрейі.

Жасасын Бейбітшілік, аспандасын,

Өшпесін ардагерлер Даңқ мерейі.

Асылы сол, «Ешкім де ұмытылмайды, Ештеңе де ұмытылмайды».

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 963 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: