16:44
Жас келсе - іске!

ЖАСТАР ЖАРЫЛҚАЙДЫ

Жыл сайын бірталай жас өскіндей жастар жоғары һәм арнаулы орта педагогикалық оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, арнайы жолдамамен я еркін түрде ауыл-қалалардың мектептеріне өскелең ұрпақты оқу-тәрбиелеуге білек сыбана кіріседі. Кез келген ұжым табалдырығын аттаған жас мамандарға деген ынта-пейіл балғындығымен ерекшеленеді әлбетте. Себебі ақиық ақын Мағжанның мақамды мадағындағы «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай еркін қанатты» жастардан мамандығына деген креативтілікті үмітпен күтеді де іс жүзінде шарықтайтынына сенеді.

Өзіне тән тарихы бар Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде педагогикалық еңбек толқынында абыроймен жұмыс атқарып жүрген жас мамандар жетерлік. Бір жақсысы – олардың барлығы дерлік осынау қасиетті білім шаңырағынан кезінде түлек ұшқан қарлығаштар. Жылдар жылжи, күндер өте қанаттары едәуір қатайып, маман мәртебесіне ие боп, мұғалім-тәрбиешілер ортасын толтырды.

Талап-ықыласымен танылған жас мамандар бағындырған асу-белестер де баршылық. Айталық, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Н.С.Молдабаева соңғы екі оқу жылында 11 қазақ сынып оқушыларын қазақ тілінен Ұлттық бірыңғай тестілеуге жатпай-тұрмай дайындап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді, сонымен бірге мұғалімдер арасында өтетін аудандық пән олимпиадасында жүлдегер атанды, жаңа форматтағы үш айлық біліктілік арттыру курстарының үшінші деңгейін тәмамдап, сертификатқа ие болды. Информатика мұғалімі А.Е.Оспанов өз пәніне деген оқушылар қызығушылығын арттыру жолында аянбай тер төгуде. Өткен оқу жылында 8 сынып оқушысы Шаймұрат Айбарыспен электрондық оқулық жасау бағыты бойынша ғылыми жобаға бара-бар ауқымды жұмыс атқарып, көзге түсті. Аудандық көлемде флеш-технология бойынша пайдалы әдістемелік семинар өткізуге мұрындық болды. Бастауыш сынып мұғалімі М.Ғ.Жанпейісова мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілерінен, бастауыш сынып оқушыларынан би топтарын құрамдап, ұлттық билерді сахнада орындауға үйретіп, ата-аналар ықыласына бөленді. Өз сабақтарында ақпараттық-коммуникативтік ақпарат құралдарын тиімді қолданып, сабақ сапасын заман талабына сай арттырады. Физика пәні мұғалімі Г.Қ.Абылғазинова сабақтан тыс шараларды ұйымдастыруда асқан ізденіс танытып, дәстүрлі емес түрде түрлендіреді. Сонымен бірге ауыл жастарының көшбасшысы ретінде аудандық көлемдегі түрлі акция-шараларда белсенділік танытады. Музыка пәні мұғалімі Қ.А.Ахметов мектепте өткізілетін ірілі-шағын концерттік іс-шаралардың қыза қайнаған ортасында ұдайы жүріп, оқушыларды әншілік өнерге баули үйретіп, сахна мәдениетіне машықтандырады. Сонымен қатар аға тәлімгерлік міндеттерді де абыроймен атқаруға барын салып бағады. Биология мұғалімі Ә.Т.Апсаликова бойындағы мамандық талабын оқушыларға сәуле шаша нұрландырады. Ізденіс үстінде жүріп, пәнді меңгертуді әдістемелік тұрғыда сапаландырады. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.С.Әлдекенова да орыс тілінде оқитын оқушыларды қазақ тілінде өтетін түрлі сабақтан тыс шараларға дайындауда қажымас қайраткерлік танытады. Бастауыш сынып мұғалімі Ж.С.Әлдекенова оқушыларды пән олимпиадасына дайындап, аудандық деңгейде жүлдеге қол жеткізді.

Қарап отырсақ, қатардағы жас мамандардың мектеп дамуына қосқан үлестері айтарлықтай қомақты, сапасымен салмақты. Асылы сол, жас кесе – іске!

ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ЖОББМ оқу істері меңгерушісі, Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1323 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: