16:27
Жаңғырық желеуімен

ҚАЗАҚЫЛЫҚ – БАБАЛЫҚ ДІЛІМІЗ

Қазақта ықылымнан «атам келе жатыр», «нағашым келе жатыр» дегенде ел іші қуанып қалатын һәм соған лайық ілтипат, құрмет көсететін. Ата, әже, қайнаға келсе, әдеп сақтап, нағашыға еркелеп, жезде мен балдыздарды әдемі әзіл-қалжыңмен қарсы алып, туыстық, іліктік рәсім жасалып жататын-ды...

Әжелеріміз бен аналарымыз алыстан келген өзіндей егде жастағыларды «қыз-ау» деп құшақтап, көздеріне жас алатын. Сонда ауылға келген әр адамның үлкен, кіші болсын туыстық жағынан қандай жақындығы бар екені анық аңғарылатын. Мұны әсіресе балалар жағы бірден байқайтын. Сөйтіп туыстық, іліктік қатысына қарай әр кісінің өзіне лайық орны мен бет-беделі болатын. Әсіресе күйеу мен жиен келгенде, ауыл іші бір серпіліп, өткір әзіл-қалжыңдар айтылып, күлкіге бататын еді. Ауыл арасындағы оны-мұны кемшіліктерді «басқа жаққа жайып жібереді» деп оларға білдірмеуге тырысатын.

Қазіргі таңда қанша бүркемелегенмен бұрыннан қалыптасқан халықтық әдет, туыстық қарым-қатынас пен соған сәйкес ұлттық атаулар ұмытылып бара жатқаны даусыз шындық. Данагөй қазақта жүзден астам туыстық, іліктік атаулар бар көрінеді. Басқа жұртта мұншама атаулар жоқтың қасы. Осы көп атаулардың бір-біріне айырбасталмайтын өзіндік қызметі һәм жөн-жосығы тағы бар. Мұны соларға арналған мақал—мәтелдер арқылы да аңғаруға болады. Айталық, «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «құдасын құдайындай сыйлаған», нағашымен күрескен жиен жығылады», «қыз – елдің көркі», «күйеу жүзден үлкен, жиен мыңнан үлкен», «екі аяқтыда бөле тату» және де тағы басқа көптеген қанатты сөздер туыстар арасындағы айырмашылықтар мен бірлікті, ынтымақты айқындайды. Сонымен бірге қарт алдындағы тәртіп, жас алдындағы инабат, көп алдындағы ізет ежелден қалыптасқан халықтық қағида ғой. Демек туыстық, іліктік қарым-қатынастың өзінде де мән-мағынасы зор үлгі-өнеге, әдеп, салт-сана жатқандығын аңғарамыз.

Ақиқатында, осынау көп атаулардан һәм соған лайық жасалған халықтық қағидалардан қазір не қалды? Кейінгі жас ұрпақ осыдан не ұстап қалды? Оны да айталық, жастар мен жеткіншектер тәрбиелік, ағайын-туыстық мәні үлкен атауларды ұмытып бара жатыр. Осы күндері қайсыбір үйге барсаңыз да ата-аналарын «мама», «папа» деп атайтын балаларды көреміз. Олардың аузынан «әке», «көке», «апа» деген сөздер шықса сирек шығады немесе мүлдем шықпайды. Олар «ата», «әжені» ғана біледі. Оның өзін көпшілігі «аташка», «әжешка» деп орысшаландырып айтады. Балаларда «аға», «жеңге» деген ұғым ұмытылып барады, оларды бадырайтып өз атымен атайды. Оларға «олай емес, былай» деп үйретіп жатқан үлкен жоқтың қасы.

Басқа басқа, жасы қырықты қусырған, тіпті одан да асқандардың өзі туыстық атауларды аузына алмайды. «Нағашы», «жиен», «қайнаға», «шешей», «жезде», «келін», «ене» деген сөздермен қатынасып жатқандарды сирек естисің. «Жеңеше» деген әдемі сөзді ұмытқалы қашан? Жеңгесі қайнағасын немесе қайынсіңлісін, қайнысын құрдасы сияқты баттитып атымен атайды. Өкініштісі сол, оған құлақ та, ет те, бет те үйренген. Кейде келіндердің қайынағамен әзілдесіп жатқанын да көресің. «Әзілің жарасса атаңмен де ойна» десек те, қайынаға алдында келіннің әдепті де ибалы болғаны жөн.

Қазіргі кезде алпыс-жетпістегі аталар мен әжелердің өзі «келін» деген сөзді сирек қолданады. Көбіне атымен атайды немесе «қалқам», «шырағым» дейді. Бұл сөздер қанша жақсы көрудің белгісі болғанымен, «келін» деген киелі сөздің орнын баса алмайды ғой шамасы. Келіні де «ата», «ене» деуден қалып бара жатыр, «папа», «мама» дейді.  Әрине бұл да сыпайы әрі орынды. Дегенмен әке мен атаның орнын екі бөлек, екі ұғым, екі атау, екі мағына екені әуелден анық.

Бұрынғы ата-бабаларымыз, әз аналарымыз туыстық атауларды жайдан жай айтып, оның соған сай жөн-жолын та тектен-тек жасай салған жоқ. Сол ұлттық үрдіс, әр туыс пен іліктерге белгілі бір дәрежеде сезім мен қандастық жақындық һәм жауапкершілік пен міндет жүктейді. Әр адам оған лайық болуға тырысады. Бұл дегеніміз – үлкен-кішіні, алыс-жақынды қатар тәрбиелеудің ізгі мақсаттан туған халық даналығы екенін мойындауымыз керек.

Абзалында, қазақ ділмар, сөзге ұста халық. Мұны дос, дұшпандарымыз баяғыда-ақ мойындаған. Бұрын нағашы – жиен, жезде – балдыз, жеңге – қайны, құрдастар арасында өте жарасымды, күлдіргі, тартымды, татулық белгісі ретінде қалыптасқан әзіл-қалжындар болатын. Алыстағы бірен-саран қазақ ауылдарда болмаса мұның да тамыры үзіліп барады.

Бүгінде кейбіреулер, әсіресе шала қазақтар бұрынғының бәріне ескілік, надандық, қазақылық деп қарайтыны ащы шындық. Дегенмен де ескінің бәрі ерсі де, жаңаның бәрі жақсы ма? Туыстарымыз бен жақын-жуық, іліктерімізді өз атауымен атағанымыз ерсі болып па?

Ата-бабаларымыз өзінен жасы үлкендерді «Сәке», «Жәке», «Бәке», «Асеке» деп сыпайылап атаған. Бұл әдептілік әлі де сақталып келе жатыр. Ал, мұнда қандай ерсілік бар? Керісінше, бұл құрмет пен ізет, кісілік пен кішілік белгісі емес пе? Сондай-ақ кейде кісі есімін тура атамай, оны кәсіптік шеберліктері мен мамандығына сай атау да әдетімізде бар болатын. Айталық, келіндері мен жеңгелері «шебер шешей», «молда атай» немесе жеңгелері қайынсіңлілеріне небір сүйкімді ат қойып «күлімкөзім», «сырғалым», «шашбаулым», «еркеқыз» деп еркелететін. Бұл тек көңіл жарастығы емес, ұлттық бейнемізді де көрсететін.

Асылында, туыстық атауларда ағайындық қарым-қатынас қана емес, онда ғасырлар бойы қанға сіңген ұлттық мәдениет, шығыс елінің тәрбие үлгісі, қазақылық қалып бар, ата-бабаларымыздың салған сара жолы бар. Туыстық атаулар тілімізді байытады, көзімізді ашады, салт-санамызды орнықтырады, ұлттық үлгі-өнегемізге жол ашады. Біз ұлттық мәселелерге бұрынғы кеңестік һәм қазіргі жаһанданулық астамшылық көзбен қарамай, ұлтымыздың ұлағатты ұғымдарына жаңаша нән баға беріп, әрлеп-нәрлеп, туған халқымыздың ұлтжанды перзенті ретінде қарағанымыз жөн.

жиған-терген

ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2137 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: