13:39
Жаңартылған бағдарлама курстары. Павлодар. НЗМ. 27/06 – 22/07/2016

СЫНДАРЛЫ ОҚЫТУ

Соңғы кезде жалпы орта білім беру бағытында айтылған өзгерістер іс жүзінде айқындалып келеді. Әсіресе жаңа оқу жылында бес күндік оқу жүйесіне ауысқалы отырған бірінші сыныптарды оқытуда қолданылатын жаңартылған білім беру бағдарламасы бағытында жүзеге асырылып жатқан мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары бүкіл ел бойынша жаппай жүргізілуде.

Биылғы жылдың маусым-шілде аралығында Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінде педагогикалық шеберлік орталығының мұрындық болуымен қолға алынып отырған жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша орыс тілінде қазақ тілін оқытатын пән мұғалімдерінің төрт апталық біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Лебяжі, Железин, Шарбақты һәм Павлодар аудандары мектептерінен жиналған алпыс мұғалімді арнайы дайындықтардан өткен тренерлер А.Рахметова және А.Байшүкір барын салып оқытты. Ал педагогикалық шеберлік орталығының директоры Н.Сарбасов курстардың еш алаңсыз өтуін менеджерлік тұрғыдан сәтімен ұйымдастырды.

Аталмыш курстар осыған дейін орын алып келген жаңа форматтағы деңгейлік курстардың жаңартылған нұсқасы деуге болатындай. Сындарлы оқытудың озық әдістерін, ұтымды тәсілдерін бойына жинаған осынау оқыту Назарбаев зияткерлік мектептері моделімен еліміз бойынша отыз пилоттық жобаның оқу жүйесін кіргізудің алғышарты болып табылды. Оқушының заманға сай әлеуметтендіруде табиғи тәртіп пен табиғи әдістің маңызы айырықша орын алады. Сонымен бірге оқушы қауымды сын тұрғысынан ойлауға төселдіруде сындарлы оқыту көкжиегінде белсенді оқудың, бірлескен түрде білім алудың мәні күтілетін нәтижеге сапа жағынан қол жеткізуге оң ықпалын тигізеді. Ал оқушы жетістіктерін бағалауда критериалды бағалау, оның ішінде қалыптастырушы һәм жиынтық бағалау басты назарда болады. Орыс тілінде қазақ тілін оқытуда оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым атты дағдылар оқу бағдарламасында, оқу жоспарында ерекше бағамдалатын болады. Сындарлы оқыту барысында «Тыңдау-көру-орындау», «Тіл үйренушілер қоғамдастығы», спиральді білім беру бағдарламасы, жалпыеуропалық тіл құзыреттілігін бағалау жүйесі т.б. тиімді түрде жүзеге асырылады... Төрт апталық курстарда осылар тренерлер һәм мұғалімдердің бірлесімімен жан-жақты қарастырылды.

Тренерлер Айгүл Олжаханқызы және Ардақ Шишқанұлы өздеріне тапсырылған мұғалімдерді түрліше әдісті қолданып, алты-алтыдан топтарға бөліп, біліктілік арттыру курстарды әрі қызықты, әрі пайдалы түрде жүргізуде барын салды. Интербелсенді оқу арқылы жаңартылған білім беру бағдарламасының қыр-сырын еркін меңгертті. Рухани құндылықтар мен оқыту дағдылары үйлесім тауып, сындарлы оқытудың көкжиегін кеңейтті. Шынымен де, тыңдаушыларға нағыз жанашырлық танытты барынша.

Шығармашылыққа бой алдырған мұғалімдер әр сабақта өздерінің жобаларын дайындап, оларды бейне оқушыдай тақта алдында шеберлікпен қорғады. Әдістемелік көмек ретінде ұсынылған нұсқаулықты, бағдарламаны, бағалауды, жоспарлауды орынды пайдаланып, сабақтардың қысқа мерзімді жоспарларының топтамасын әзірледі. Дайындалған әр сабақтың жоспары тақта алдында егжей-тегжейлі талданып-талқыланды. Кем түсіп жатқан тұстары түзетіліп, толықтырулар кіргізілді.  

Сертификат алу үшін тестілеуге дайындық жұмыстары да үзбей жүргізілді. Оларда курстар барысында оқытылған жадығаттардың теориялық-сарамандық жағы мейілінше пысықталды. Электронды құжат алмасу жүйесі де оңтайландырылды.

Курстар соңында әр тыңдаушыға Н.Сарбасов куәліктерді ресми түрде табыстады.

Асылында, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша осынау біліктілік арттыру курстарын сәтімен тәмамдаған орыс тілінде қазақ тілін оқытатын кез келген мұғалім жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушыларын оқытуға толық құқыққа ие болады екен.               

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 757 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: