20:27
Уақытыңды басқар

САХАБАЛАР САЛҒАН САРА ЖОЛ

«Уа, Алла! Бізді қараңғылықта (адасушылықта) қалдырма және бізді уақытына салғырт қарайтындардан етпе».

Әбу Бәкірдің (р.а.) дұғасы

Алла Расулының (с.а.с.) сөздерін ең жоғары деңгейде түсіне білген – оның «әрбірі көктегі бірер жұлдыз іспетті» деп сипаттап кеткен сахабалары еді. Сахабалар бір-бірімен кездесіп, қайта айырылысатын кезде «Аср» сүресін оқитын болған. Бұл олардың осы сүренің әкелген ескертуін әрдайым есте ұстап жүру үшін жасаған әрекеті деп түсіне аламыз. Оның ішіндегі ең маңызды ескертудің бірі уақыт жайында екендігін білеміз.

Сахабалардың арасында ерекше тұратындарының бірі Муаз ибн Жәбәлдің өлім сәтінде айтқан мына сөзінде терең мағына жатыр:

«Уа, Раббым! Менің бұл дүниедеұзақ өмір сүруді қалауымның себебі дүниенің қызылды-жасылды байлығы мен тау-тау алтыны емес. мен ұзақ өмір сүруді ұзақ түндердегі ғибадаттың ауырлығына төзіп, ыстық маусымдардың ұзақ күндерінде ауызды құрғатар шөлге шыдап, ғалымдардың дәрістерінде ұзақ уақыт өткізу үшін қаладым».

«Мен қай уақытта ұйықтайын, ей, Омар?! Егер түнде ұйықтасам, Алланың алдындағы міндетімді орындаудан құр қаламын. Егер күндіз ұйықтайтын болсам, халқымның алдындағы жауапкершілігімді дұрыс орындай алмай қаламын» деп асыл уақытын ұйқыға қимайтын әзірет Омар (р.а.) Алладан уақытына береке сұрайтын және сол уақытын ізгі амалдар атқарумен өткізуді тілейтін.

Ең көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің өнегесімен түнді үшке бөліп, бір бөлігінде дем алған, екінші бөлігінде жинақтаған ілімін қорытқан. Күндіз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) естіген хадистерін түнге қарай асықпай зерделейтін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болардан төрт жыл бұрын ғана Исламды қабылдағанына қарамастан, басқа барлық сахабалардан оза шауып, ең көп хадис риуаят ете білгені оның әрдайым Алла Елшісінің жанында жүріп, білім алып, хадис жаттап, уақытын барынша тиімді пайдалана алғандығының айқын дәлелі бола алады.

Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) «Не дүниеге, не ақыретке пайдалы ісі жоқ адамды көргім келмейді» деген сөзінен атақты ғалым сахабаның уақытқа қаншалықты мән бергенін және уақытын бос өткізуді ұнатпағанын көруге болады. Сонымен қатар сахабаның ой саларлық мынадай сөзі тағы бар: «Мен үшін өмірімді қысқарта тұра ізгі амалдарымды көбейтпей өткен күннен асқан өкінішті жайт жоқ». Пайғамбарымызға ең алғашқы иман келтіргендердің қатарында болған сахаба әрдайым оның жанынан табылып, білім алып, уақытын тиімді пайдалану арқылы Ислам тарихында ойып орын алған, дін білімін жеткізуде орасан зор рөлі бар ғалымдардың бірі де бірегейі атанған.

Пайғамбарымыздың көкесінің ұлы Абдулла ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүние салған кезде әлі он төрт-он бестердегі жас өспірім еді. Меккеде туылып, әкесімен бірге сонда қалған ол Пайғамбарымыздың жанына Меккені жеңіп алғаннан кейін ғана барып, екі жылдан аса уақыт қана болады. Осындай қысқа ғана уақыттың ішінде барынша көп білім ала білген ол ең көп хадис риуаят еткен сахабалардың қатарына кірген. Сонымен қатар Ислам құқығында алдыңғы қатарлы ғалымдардың бірі, сахабалар алқасының ең жас мүшесі және ең көп пәтуа берген сахаба болған.

Сағд ибн Муаз (р.а.) 30 жасында Исламды қабылдайды. Ал қайтыс болған кезінде оның жасы 37-де болды. Ол дүниеден озғанда Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Расында, Сағд ибн Муаз қайтыс болғаны үшін Алланың аршы орнынан қозғалды». Мұндай мәртебеге жету үшін Сағд ибн Муаз (р.а.) не істеген болуы мүмкін? Алланың аршы орнынан қозғалатындай жеті жылдай қысқа ғана мерзімде уақытын қаншалықты тиімді қолданған болуы мүмкін? Оның денесін қабірге көтеріп апара жатқан сахабалар неге соншалықты жеңіл екендігін түсіне алмай таңырқаған кезінде Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді. «Расында, оның денесін періштелер көтеріп бара жатты, сондықтан сендер оның ауырлығын сезінбедіңдер». Және сахабаның денесі жатқан бөлмеде періштелердің толы болғаны соншалық – Пайғамбарымыз (с.а.с.) кіргенде отыратын орын таппаған.

Ислам тарихында жас болғанына қарамастан бас бола білген әрі көптеген шыңдарды бағындырған жандар көп болған. Мысалы, Алла Елшісі (с.а.с.) сахаба Усәмә ибн Зәйдті (р.а.) 16 жасында көптеген белді сахабалардан тұрған әскерге қолбасшы етіп тағайындаған және оның мемлекет басшысы болуға да лайық екендігін айтқан.

«Өкініштен өзегімді өртейтін нәрсе – босқа өткен уақыттарым».

Абдулла ибн Масғуд (р.а.)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 131 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: