10:59
Уақытыңды басқар

ИСЛАМДА АДАЛ РИЗЫҚ ТАБУ ҮШІН ТЕР ТӨГУДІҢ МАҢЫЗЫ

Ислам діні мұсылман жанның кедей болып, мүсәпір халде өмір сүруін талап етпейді. Ешқашанда ондай түсінікте болған емес. әзірет Омар (р.а.) пақырлық пен жалқаулықты, уақытты босқа жүрумен өткізуді жек көретін. Тек дініміз жүрегі Алла деген мұсылманның сол жүрегіне дүние атаулы кіріп кетпеуін қадағалайды.дүние мұсылман адамның жүрегінде емес, қолында болу керек. Адам мен байлықтың арақатынасы кеме мен судың мысалындай. Кеменің сыртында болған су (теңіз, мұхит) оған пайдалы әрі маңызды. Себебі ол кемені діттеген жеріне алып баратын бірден-бір қажетті нәрсе. Ал сол су кеменің ішіне кірсе, оны құрдымға ұшыратып, су түбіне батырады. Сол секілді дүние адамның қолында болса, оның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды, басқаларға көмек қолын созуына мүмкіндік береді, екі дүниелік мақсатына жеткізе алады, алайда ішіне, яғни жүрегіне кірсе, оның түбіне жетеді.

Дініміз кедейліктің ауыртпалығынан айырыла алмай, қайыр тілеп күн көргенше өзінің маңдай тер, адал еңбегімен ризық табуын құптайды. Бір хадисте осы жайт нақты баяндалады: «Араларыңнан кімде-кімнің арқасына бір құшақ отынды арқалап жүріп сатуы және осылайша ар-намысын сақтап қалуы Қиямет күні жүзінде қара дақ болып көрініп тұратын жұртқа алақан жайып қайыр тілегеннен әлдеқайда жақсы».

«дүниедегі ең үлкен жамандық – жұмыссыздық».

Абдулла ибн Зубайр

Сондықтан мұсылман баласы адал еңбек етіп, өмірде жетістікке және мол табысқа жетуге тырысқаны жөн. Ең бстысы: жетістігі мен табысына масаттанбай, әрдайым оған жеткізген Алла екендігін есінен шығармай, шүкірін ұмытпауы қажет. Сонымен бірге жағдайы мен мүмкіндігі болғанда зекет-садақасын беріп, басқаларға қол ұшын созып, қолғабыс етуге тырысқаны дұрыс. Өйткені хадисте «Адамдардың ең қайырлысы – өзгелерге ең көп пайдасы тиетіні» делінген. Ал адамдарға ең көп пайда тигізе алу дүние-мүлкі өзінен артылған болуын қажет етеді. Хадисте бай-бақуатты болып, дүние-мүлкін Алла жолында жұмсаған жанға қызығушылықпен қарауға рұқсат етілгендігі және оның жаннатқа алғашқы кірушілерден болатындығы айтылған.

Мұсылман жан өзге дін өкілінің қол астында болмауы керек. Сондықтан қызметте де мұсылман емес біреудің қарамағында жұмыс істемегені абзал. Сол үшін мұсылмандар дүниелік істерде де табысты болып, жетістікке жетіп, үмбетті алға сүйреуге талпынғаны жөн.

«Табысты адамдар – қашан да жолы болмаған адамдар ұнатпайтын амалдарды әдетке айналдырғандар. Өмірде табысқа жету көбіне уақыттың ұтымды жоспарланып, тиімді қолданылуына байланысты».

Е.М.Грай

Ақиқатында, адам өз өмірінде талай белестер мен асуларды бағындыра алады. Сол мақсатына жетіп, толағай табысқа, үлкен жетістікке қол жеткізу үшін мұсылман баласы уақытын ысырап етпей ұтымды әрі тиімді пайдалана білуі қажет. Ғибадат-құлшылықтарда уақыттың мөлшері мен төтеп берген қиындыққа қарай сауапқа кенеліп, жетістікке қол жеткізілетін болса, дүниелік табысқа қол жеткізу барысында адамның жұмсаған уақыты емес, қол жеткізген нәтижесі маңыздырақ. Сондықтан көп уақыт жұмсаудың орнына, уақытты тиімді пайдаланып, аз уақыттың ішінде көп нәтижеге қол жеткізетіндей өнімді еңбек етудің жолын қарастыру қажет. Міне, осы үшін де Ислам белгілеген шекаралармен қатар, заманауи тайм-менеджмент ережелері таптырмас құрал болып көмекке келеді.

Ең алдымен, хадистерде айтылған табысты болудың кілттерінің бірі таңғы уақыт екендігін көре аламыз. Алла Елшісі (с.а.с.) былай дұға ететін болған: «Уа, Алла! Үмбетімнің ішінде таң атар-атпас адал еңбекке кіріскендердің істерін берекелі ете гөр!». Пайғамбар (с.а.с.) дұғасы қабыл болатынын ескеріп, күнделікті тірлігімізді таңертең ерте бастауды әдетке айналдырғанымыз жөн. Сонымен қатар Алла Елшісі (с.а.с.) бірқатар хадистерінде де бұл жайтты тілге тиек етіп өткен: «Ризық іздеуге ертерек шығыңдар, себебі істі ерте бастау – берекет әрі үлкен табыс әкеледі». «Таң атқаннан кейін ұйықтап жату – ризықтың кетуіне кедергі».

Ерте тқрған еркектің ырысы артық,

Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

(мақал)

Олай болса, Құран Кәрімде де, хадисте де мүміндердің тек ақыретін уаымдап қана қоймай, осы дүниесінің де қамын ойлап, адал ризық табу жолында тер төгуі талап етілген. Тек қана адамның өмірінің мақсаты мал табуға айналып кетпеуі қажет. Себебі адам «тамақ үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін тамақтанатындығын» есінен шығармауы тиіс.

«Алла Тағала дүние-мүлкі мен байлығы бар бола тұра, оған матсанбаған, кішіпейіл тақуа құлын жақсы көреді».

(хадис)

Дүниенің өткіншілігіне байланысты хадистердегі ескертулер тарихта кездескендей қате түсінікке ұрындырмасы үшін соңғы кезеңнің ғалымдары «Дүниені қолмен емес, жүрекпен тәрк ету» керектігін айқындап, ақыретке пайдасы жоқ, тек нәпсі қалауларының соңына түскен істермен ғана айналысудың зияндылығына назарымызды аударуға тырысқан. Ал жалпы алғанда, Алла разылығы үшін жасалған әрбір іс маңызды, қажетті болып табылады, уақытты босқа өткізуге жатпайды.

Адамның жұмысы үш нәрсені қамтыса адамға нағыз бақыт алып келеді: жалақы, сүйікті ісі және қайырымдылық. Осылардың барлығын ұштастыратын жанына жақын жұмысын тауып, адал жолмен еңбек етуге жұмсаған уақытының әрбір сәті адам баласына екі дүниелік толағай табыс алып келмек.

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 176 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: