11:07
Уақытыңды басқар

ИСЛАМДА АДАЛ РИЗЫҚ ТАБУ ҮШІН ТЕР ТӨГУДІҢ МАҢЫЗЫ

«Алла Тағала құлының халал ризық қуалап, шаршап жүргенін ұнатады».

(хадис)

Ғибадаттың маңыздылығын көрсеткен түсіндірмелерден Ислам діні тек қана құлшылық етуді әмір еткендей көрініп, қате түсінік қалыптаспауы қажет. Себебі дініміз жұмыс істеп, еңбек етуді, кәсіп үйреніп, мамандыққа ие болуды және халал жолмен ризық табуды ғибадат санатына жатқызып, бұған ерекше мән береді. Адал ризық табу жолында жұмыс істеуге байланысты аят-хадистерді көптеп кездестіре аламыз.

Төмендегі бірнеше хадис бұл мәселеге назарымызды аударары анық.

  1. «Адамдардың ең абзалы – дүниелік істерге де, ақыреттік амалдарға да уақыт бөлген мүмін».
  2. «Сенімді әрі турашыл мұсылман саудагер қиямет күні шәйіттермен бірге болады».
  3. «Дүние табуда шектен шықпай әрі селқостық танытпай орта жолды ұстаныңдар. Себебі әрбір жан өзіне тиесілі болғанға қол жеткізеді».
  4. «Алладан қорқатын тақуа адам үшін байлықтың ешбір зияны жоқ. Тек тақуа жанға денсаулық байлықтан да артық».
  5. «Беруші қол алушы қолдан жоғары».

Ислам ғалымдары «Муззәммил» сүресін адал ризық табу үшін жасалған сауда іссапарының жиһад жасау дәрежесінде маңызды екендігіне дәлел ретінде келтіреді. Құран аятында түнгі құлшылыққа тұра алмайтын кешірімді себептерді төмендегіше санамалап өтеді: «Араларыңда науқастардың болатынын, кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, енді біреулердің Алла жолында соғысқа шығып, бел шешпей жортуылдап жүретінін Алла біледі. Ендеше, Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқыңдар».

Әзірет Омар (р.а.) жиһадтан кейінгі абзал амалдың адал ризық табу жолында табан тоздыру екендігін аятқа қарай оытырп былай түсіндіреді. «Маған өлім келетін жағдайлардың арасында Алла жолындағы соғыстан кейінгі ең ұнамдысы – мен бір таудың екі төбесінің арасында Алланың ризық-несібесін іздеп жүрген сәтімде ажалдың жетуі. Себебі Құранда «Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтындар» деп ерекшелеп атап өткен.

Бұл аятты түсіндіру барысында ғалымдар Пайғамбарымыздың мына бір хадисін де келтіре кетеді: «Кімде-кім мұсылман өлкелерінің біріне азық-түлік апарып, оны сол жердің бағасында сататын болса, бұл ісі Алланың алдында жоғары дәрежеге жетуіне себеп бола алады. Себебі Алла Тағала «Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтындар» деген болатын.

Адал ризық табудың «адамның өз еңбегіне» байланысты екендігі жазылған Құран Кәрімде дүниелік істермен де шұғылдануға назарымызды аударатын жайттар көптеп кездеседі. Бір аятта «Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа» елінген. Басқа бірінде «Дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер» деп мұрағандар мақталады. Келесі аятта жер бетінде тіршілік бастау алғаннан бері барша пайғамбарларға адал ризық табу үшін жұмыс істеу бұйырылғандығы анық айылады: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі істер істеңдер. Мен еш шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін».

Еңбек етіп, маңдай терімен адал ризық табудың маңыздылығын көрсету үшін тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «ешкім өз еңбегімен тапқан нәсібінен асқан қайырлы ризыққа кенелген емес. алланың пайғамбары Дәуіт (а.с.) өз қолымен еңбектеніп тапқан ризығын жейтін». Яғни, жоғарыдағы Құран аятымен де астасып жатқан бұл хадисте пайғамбарлардың да ризық-несібесін табу үшін еңбек еткендігін көрсетіп, «Алланың жолында болдым екен» деп, дүниеден баз кешіп, қол қусырып қарап жатуы дініміз құптамайтындығын жеткізеді.

Тіпті Алла Елшісінің «Ертең қиямет болатынын білсеңдер де, қолдарыңда тұрған бұтақты егіп кетіңдер» деген сөзі қандай жағдай болмасын еңбек етудің маңыздылығын нақтылап көрсетіп кеткендей.

«Алла Тағалакәсіп иесі болған және кәсібінде шеберлік танытқан мүмінді жақсы көреді».

(хадис)

Сонымен қатар дініміз адамға өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Жұмысын адал атқарып, дұрыс жасауын міндеттейді. Тағы бір хадисте былай делінген: «Ең жақсы табыс – берілген жұмысты жан-тәнімен орындап, қол жеткізген табыс. Жұмыс берушінің заңды талаптарын адал орындаған жұмысшы қиямет күнінде садақа берушілермен тең болады». (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 174 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: