22:19
Уақытыңды басқар

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА АРНАЛҒАН УАҚЫТ

Шығармашылыққа арналған уақыт маңызы мен құндылығы тұрғысынан теңдессіз уақыт болып табылады. Бір ғана тың ой сіздің бүкіл өміріңізді өзгертіп, сіз тіпті елестете алмаған жетістікке жеткізуі мүмкін. Шығармашылық шабытқа қаншалықты дайын болсаңыз, ойдың келу ықтималдығы соншалықты басым. Ал мұндай шығармашылық үшін күнделікті тірліктен бір ауық ажырап, миыңызға тыныштық беріп, ой-санаңыздың жоғарыға ұмтылуына жағдай жасауыңыз қажет. Шығармашылықпен айналысатын уақытта адамның ойлау қабілеті әдеттегі жұмыс уақытынан басқаша жұмыс істейтін болады.

 

ПАРКИНСОН ЗАҢЫН БҰЗЫҢЫЗ

«Ауқымды әрі маңызды еңбекті аяқтау үшін екі нәрсе қажет: нақты жоспар мен шектеулі уақыт».

Эльберт Хаббард

Адамдардың жұмысының тым көп және уақытының тым аз болуының басты себебі көптеген адамдардың жұмыс уақытының 50%-ын бос әңгіме, әлеуметтік желілерге қарау, ұзақ уақыттық түскі үзілістер сияқты тікелей міндетінен тыс артық істермен шұғылдануында. Сондықтан жетістікке жетудің ең басты қағидасының бірі: жұмыс уақытының барлығын жұмысқа арнау.

Көптеген жылдар бұрын ағылшын жазушысы Сирил Норткот Паркинсон «Паркинсон заңдары» атты кітап жазған.

Ол кітапта мынадай танымал тұжырым бар: Жұмыс оған арналған уақыттың барлығын алады». Егер сіздің бір істі бітіруге 8 сағат уақытыңыз болса, сол уақыт толықтай пайдаланылады, тіпті соңына қарай жұмысты уақытында бітіру үшін тездетуіңіз қажет болады.

Алайда керісінше айтылған мына сөздің де жаны бар: «Өзіне арналған уақытта біту үшін жұмыстың көлемі азая алады». Бұл дегеніңіз, егер өзіңіз үшін жұмыстың атқарылу мерзімін қатаң түрде белгілейтін болсаңыз, ісіңіз тезірек әрі тиімдірек орындалатын болады. Әдетте бір күн орындалатын істі бірнеше сағатта бітіруге болады.

Сондықтан әрбір атқаратын ісіңізге уақыт белгілеп үйреніңіз. Тапсырманың аяқталуға тиіс уақыты белгілі болған жағдайда барлық мүмкіндігіңізді салып, сол мерзімге дейін бітіруге тырысатын боласыз. Және көбіне мұндай іс өз нәтижесін береді.

 

УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА КҮШ КЕРЕК

«Уақыт – сенің өміріңнің қазынасы. Ол сенің қолыңдағы жалғыз қазына. Және оның қалай жұмсалатынын сен ғана белгілей аласың. Абай бол, әйтпесе оны басқаларға сенің орныңа жұмсауына жол беріп қоясың».

Карл Сандбург

Тайм-менеджмент уақытты тиімді пайдалану екені түсінікті. Уақытты тиімді пайдалану арқылы адам әдеттегіден көбірек істі тындырып үлгереді. Ал көп жұмыс жасау үшін уақытпен қоса күш те қажет екенін естен шығармау қажет. Адамның уақыты болып тұрғанымен, физикалық күші істі соңына дейін жеткізуге жетпей қалуы да ғажап емес. Біздің күш-қуатымыз азайып қалған тұста әлі де ауқымды шаруаларымыз болатын болса, олардың барлығын атқаруға шамамыз келмегендіктен көңіл-күйіміз де жақсы бола алмайды. Ал керісінше күшіміз тасып тұрып, оны жұмсайтын тірлігіміз болмаса, тағы да өзімізді жайсыз сезінетін боламыз. Сондықтан уақытты бос өткізбеу үшін осы мәселенің де шешімін табуға тырысу қажет. Ол үшін ең алдымен психологиялық тұрғыдан шаршау деген сезімді жоюдың жолын, одан соң физикалық тұрғыдан зорығудың алдын алатын мүмкіндіктерді қарастыру керек.

Олай болса, психологиялық және физикалық саулық үшін адамағзасы талап ететін жайттар төмендегідей: ұйқысының қанып тұруы, жеткілікті мөлшерде су ішу, күнделікті таза ауа жұтып, күннің көзін көріп тұру, бұлшық еттеріне жаттығу жасап тұру, құнарлы тағамдармен аз-аздан жиі тамақтану.

Адам баласы өз ағзасының биологиялық ырғағына сай әрекет етуге тырысса, күш-қуатын барынша тиімді пайдалана алмақ. Айталық, күндіз жұмыс істеп, түнде ұйықтау, таңертеңгі уақытта ми жұмысын талап ететін істерді орындау, түсте бір ауық демалып алу, түстен кейін миға көп салмақ салмайтын істермен шұғылдану, жұмыстың арасында қысқа үзілістер жасап тұру, т.б. Осылайша адам өзінің психологиялық, физикалық, биологиялық ерекшеліктеріне сай әрекет ететін болса, оның жұмыс өнімділігі барынша артып, күш-қуаты толықтай жетіп, онымен бірге өзін жайлы сезіне алатын болады.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 332 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: