15:17
Уақытыңды басқар

УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

«Күнде таңертең алдағы күнін жоспарлап, сол жоспарына сәйкес әрекет ететін адам қарбалас өмірдің шытырман жолдарында алдынан жол бастап жүретін жіпті ұстағандай болады»

Виктор Гюго

Посткеңестік көршіміз Ресейдің тайм-менеджмент сарапшысы Глеб Архангельскийдің айтуы бойынша, «Өз уақытын басқару» түсінігі адамның барша мүмкіндіктерінің ішіндегі ең құндысы «уақыт» болғандықтан ортаға шыққан. Уақыт – қайтып айналып келуі мүмкін болмаған әрі өте шектеулі қор. Сондықтан барлық басқару жүйесін уақытты есепке ала отырып реттеу қажет.

Енді осы түсініктемеге асыл дініміздің призмасынан да қарай отырып, анықтама беруге тырысатын болсақ, тайм-менеджмент дегеніміз – бұл дүниеде және ақыретте жетістікке жету үшін, өзімізге әрі өзіміз жауапты жандарға пайдалы ғұмыр кеше білу үшін уақытты дұрыс пайдалану мен тиімді жұмсауды жоспарлау.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында-ақ өзін-өзі және уақытты басқару тұрғысында көптеген зерттеулер жүргізіп, еңбекте жазып кеткен американдық-австриялық кеңесші Питер Друкер ескеруіміз қажетті мынадай нұсқаулық береді: «Табысты меңгеруші бірден тапсырмаларды орындауға кіріспейді, алдымен уақытына қарайды. Олар бірден жоспарлауға кіріспейді, алдымен уақытын қандай істерге жұмсайтынын нақтылайды. Сонымен қатар олар уақытын босқа шығындайтын қажетсіз істерді барынша қысқартуға бар күшін салады».

Тайм-менеджмент – тек құрал ғана емес, ол – айналаға басқа көзбен қарауды үйрететін тың көзқарас.

Бұл жаңа көзқарастың негізі мынадай қарапайым ақиқатты түсінуде жатыр:

  • Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Өмірдің соңында бос өткен уақыттар үшін «ар-ождан азабына» душар болмайтындай өмір сүру қажет. Ал ақыреттегі мәңгілік өмір бұл жалғанды қалай өткізгенімізге байланысты болғандықтан, жер бетіндегі бір-ақ рет берілетін мүмкіндік саналған өмірімізге асқан мұқияттылықпен қараудың маңыздылығы арта түседі.
  • Уақыт – адам өмірінің құрамдас бөліктері. Басқа қорлардың барлығы өмір барысында жоғалып, қайта табылуы мүмкін. Ал уақыт тек қана келмеске кетіп, өте бермек.
  • Уақыт пен ондағы адамның әрекеті қайтарымсыз. Жасалған әрекетті ой елегінен өткізіп, кейбірін түзетуге, күнә болса тәубе етуге, адамдардың кешірімін алуға болады, алайда ешкім де болған жайтты түбегейлі жоюға қауқарлы емес.

Тайм-менеджмент – орны толмас өмірлік уақыттарды жеке құндылықтарыңыз бен мақсаттарыңызға сай саналы түрде әрі ақылмен қолдану.

Тайм-менеджмент – жай ғана күнделік пен жоспар емес. Ол – өміріңіздегі орны толмас уақыт қорын мақсат-мұратыңыз бен құндылықтарыңызға сай қолдануға жағдай жасайтын әдістер жиынтығы.

Бұ лтүсініктің негіздері:

  1. Таңдау еркіндігі. Таңдау еркіндігі адамның ішкі жан дүниесі мен санасынан бастау ала отырып, өмірге деген көзқарасына өтіп, адам әрекетінің еркіндігі мен әлемді өзгерту еркіндігіне дейін мүмкіндік береді.
  2. Жауапкершілік. Адам баласы өмірін қалай өткізгеніне, уақытын қалай жұмсағанына Алланың әрі ұжданының алдында жауапты. Ал санасыз түрде өмірдің ағысымен жүре беретін, өмірін реттеу үшін ешқандай да ерік-жігерін қолданбайтын, өз өмірі мен уақытына байланысты жауапкершілікті өз мойнына алмайтын жанды «адам» деуге келе ме?
  3. Даму. Түрлі деңгейде әрі түрлі салада өз-өзін дамытуға көңіл бөліну қажет. Өмір – даму уақыты, кемелдену уақыты, алға ұмтылу уақыты.

Тайм-менеджмент – барлығына да керек құрал. Жұмыс барысындағы адам, үй шаруасындағы әйел, оқудағы студент пен оқушы, барлығы-барлығы да уақытқа мұқтаж. Ал уақыт болса шектеулі. Сол шектеулі уақытта барлық істерін орындап бітіру үшін уақыттың маңызын түсініп, тиімді пайдаланудың жолдарын үйреніп, ысырап етуден аулақ болу керек.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 337 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: