14:48
Өткен күнде бар белгі

ЕСТЕН КЕТПЕС...

 

(Саяси қуғын-сүргінге және аштыққа ұшырағандар рухына)

 

 

Елді қырған қызыл көзді,

Билік құрған былшыл сөзді,

«Ұжымдас!» деп әлек салған,

Көнбістікті күштеп алған –

заман да болған, күндер де болған.

 

Еркін тұрып, еркін жүрген,

Біздің халық жылап жүрген,

Қызыл арқан елді буған,

Бас тартқанды ұрып-қуған

заман да болған, күндер де болған.

 

Көл боп аққан көздің жасы мәңгі кеппес,

Қуғын-сүргін, аштық зобалаңы естен кетпес.

 

Алаш ұранды зиялылар,

Елдік аңсаған нән ағалар жарқыраған,

Абылай үнді дарабоздар,

Тәуелсіздік нақыштары сарқыраған –

заман да болған, күндер де болған.

 

Жала жапқан зиялыға,

Қан ауызды Сталин аждаһадай ақырған,

Қудалаған дарабозды,

«Атылсын!» деп зәрін шаша бақырған –

заман да болған, күндер де болған.

 

Көл боп аққан көздің жасы мәңгі кеппес,

Қуғын-сүргін, аштық зобалаңы естен кетпес.

 

Емін-еркін, ен даланы,

Шошындырар лагерь біткен жайлаған,

Еркек, әйел, баланы,

Аштық, өлім өкшелей жүріп жайпаған –

заман да болған, күндер де болған.

 

Қалың еліміз қазаққа,

Қызыл балақ қызына әмір еткен,

Алып жұртты қыспаққа,

Сол қызылдар адамдықтан безіп кеткен –

заман да болған, күндер де болған.

 

Көл боп аққан көздің жасы мәңгі кеппес,

Қуғын-сүргін, аштық зобалаңы естен кетпес.

 

Естен кетпес сол күндерді,

Шам жақпаған қара түндерді,

Мұң-қаралы зар үндерді.

Естен кетпес құрбандарды,

Аяулы зиялы жандарды,

Жазықсыз қырылған боздақтарды:

Елге жаққан даналарды,

Қызық көрмеген балаларды,

Егіле жылаған аналарды...

...үнсіздікпен еске алайық....

...аялайық....

...ұмытпайық!

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 863 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: