21:18
Тіл – күретамыр

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ТЕПЕРІШ КӨРМЕСІН ДЕСЕК...

Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде дамыту, насихаттау үрдіс-үдерісі әуелден-ақ тынымсыз жүріп жатқаны аян. Осынау бағытта іске асырылып жатқан іс-шаралар да бірқыдыру. Десек те кей кездерде ұлттық мүдде тұрғысынан теперіш көріп жүргені де әсте жасырын емес.

Қыс мезгілінің басы саналатын желтоқсан айының басында сөре алып, қаңтар-ақпанда мәреге жететін мектеп оқушылары арасындағы қалалық (аудандық), аймақтық һәм республикалық пән олимпиадалары жаппай өткізілуі игі дәстүрге айналғаны қашан. Өз білім ордаларында іріктеу кезеңдерінен суырылып шыққан үміткерлер осынау қисыны қиын сынақтардан сыналу жолында барын да, нарын да салуда айтарлықтай белсенділік танытуға тырысып бағады. Тоқетерін айтқанда, әңгіме төркіні орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жайында болмақ.

Басқасын қайдам, ал орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына ұлты қазақ оқушыларына қатысуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Неге бұлай? Орыс тілді сыныптарда оқып жүрген қазақ ұлтындағы оқушылардың құқықтары ұлттық мүдде тұрғысынан неге теперіш көруі керек? Ол ол ма, осындай оқушыларымыз, орыс тілінде білім алып жүрген қара көздеріміз, қазақ тілді сыныптарда оқитын ұлты қазақ оқушылармен де қазақ тілі мен әдебиетінен өтетін пән олимпиадасына да қатысуға жіберілмейді екен. «Астанада жоқ-жоқ, Алматыда жоқ-жоқ» деген танымал ән осындайда амалсыздан еске түседі де. Мектеп ішінде зор үмітпен һәм жатпай-тұрмай дайындық елегінен ысылып, жан-жүрегімен қатысуға ниет білдірген өзіміздің қазақ балаларына қолдан жасалып отырған нағыз обалдық қой бұл. Бір анығы, мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын пән олимпиадасында мұғалімдер қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада тапсырмаларын екіге бөліп дайындайды: бірі – жергілікті ұлт өкілдеріне, яғни қазақ балаларына, ал енді бірі – өзге ұлт өкілдерінен шыққан оқушыларға. Берісі қалалық (аудандық) білім бөлімдері, арысы аймақтық білім басқарамалары мектептерде әлдеқашан қалыптасқан осынау әдіс-тәсілді неге үлгіге алмасқа. Орыс тілінде оқып жүрген ұлты қазақ оқушыларының мемлекеттік тілге һәм төл әдебиетімізге деген құлшыныс-талпынысына қолдан жасалған шектеу жасамайық, ағайын. Сіз қалай ойлайсыз?

Осындайда ғой Хакім Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген қанатты сөзі ой-санаға ұялайды.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы №42 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Павлодар қаласы

Просмотров: 408 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: