12:44
Театр тарланбозы Қадыр Хамзиннің туғанына - 100 жыл!

БІРЕГЕЙ ӨНЕР САҢЛАҒЫ ҚАДІРЛЕНГЕН КҮН

Данагөй халқымызда «Өнерлінің өрісі кең» деген өміршең нақыл бар. Ал сан өнер ішінде театр не сахна өнерінің өркені де, өресі де қашанда айырықша, қашанда біртума. Қадірменді көрермендерінің саналы жүрегіне жол табуды мақсат ететін сахна саңлақтары ел-жұрттың риясыз қошеметіне бөленеді, билік тарапынан еленеді, тарих парақтарында мәңгілік естелік боп кенеледі. Десек те, қымқуыт тірлік күйбеңімен бе, әлде басқа да көлденең келетін себептерден бе қайсыбір бірегей тау тұлғалы өнер адамдарын елемей жүре береміз. Артынша опық жегізе сан соқтыратынын кеш ұғамыз. Осынау тұлғалардың бірі - өнер саңлағы, актер, режиссер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қадыр Хамзаұлы Хамзин. Лебяжі ауданы орталығы Аққу елді мекені үшін бұл есімнің маңызы елеулі болуы керек әлбетте.

Күні кеше Аққуда өнер саңлағы Қ.Хамзиннің бір ғасырлық мерейтойына арналған кешенді мәдени-қоғамдық той алаулатып-жалаулатып өткізілді. Еңселі орда Мәдениет үйінің қабырғасында Қ.Хамзиннің құрметіне Мемориалдық тақта ашу рәсімін аудан әкімі А.А.Құрманова және театр тарланының қызы М.Қ.Хамзина салтанатты түрде жасады. Жиналған қауым алдында сөз алған Айзада Амангелдіқызы аймақ һәм аудан мәдениет саласы үшін Қадыр Хамзаұлының қайталанбас тұлғасының маңызына тоқталып, Лебяжіде кезінде бой көтерген халық театрының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын мәртебеледі, ал сөз соңында келелі ұсыныс жасады. Асылы сол – Құдай сәтін салса келесі жылы аудан орталығында Қ.Хамзин атындағы аймақтық халық театрлары арасында бірінші фестиваль өткізілетін болды. Дәл осындай ұсынысты облыстық мәдениет басқармасына жолдапты. Бұдан артық қуаныш бар ма екен. Өнер жанашыры деп осындайда айтса керек. Сонымен бірге аудан әкімі Қадыр ағамыздың қызы Маяның иығына шапан жауып, шексіз құрмет көрсетті. Ал Мая Қадырқызы өз кезегінде осынау игі шараның ұйымдастыруына діңгек болған Айзада Амангелдіқызына ризалығын білдіре келе, бұл сәтті тебірене күткенін, лебяжіліктердің ықылас-пейілін жоғары бағалады, әкесін көрген көнекөз егде жандарға деген құрметін анаға тән иірімді сезіммен білдірді.

Ашылған Мемориалды тақта алдына жиналған жұрт гүл шоқтарын ілтипатпен қойды.

Мәдениет үйінің фоесінде Қ.Хамзиннің көзі тірісінде, етігімен су кеше, екінші дүниежүзілік соғыста өмір мен өлім алысқан сұрапыл кездерде және кейінгі бейбіт күндерде жазған хаттарынан, баға жетпес фотосуреттерден, өнер саңлағы қолданған жеке заттардан, шығармашылығынан сыр шерткен газет мақалаларынан танымдық-ғибраттық көрме ұсынылды.

Мерейгерлік еске алу кешінің шымылдығы ашылар сәтте аудан әкімінің орынбасары А.Ж.Қасымова аталмыш шараның қоғамдық-мәдени маңыздылығын екшеді. Кешті жүргізу тізгінің өз қолдарына алған облыстық «Шаңырақ» ұлттық мәдениет орталығының көркемөнерпаздары жарасымды түрде өрлете түсті. Өнер тамашалауға мейілінше жиналған қадірменді көрермендер назарына Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Е.Айтбай, Б.Жоламанов, Б.Шәнім, Т.Атамбек және тағы басқалары көпке танымал Естайдың «Құсни-Қорлан», С.Бәйтерековтің «Жусан иісі», танымал «Ақ Жайық», «Гауһартас», т.б. әндерді домбыраның, эстрадалық саздың сүйемелдеуімен, тіпті еш сүйемелдеусіз табиғи жанды дауысқа салып шырқап, көңілден шықты. Ал облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртістері М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымынан үзіндіні кәсіби шеберлікпен сахналады. Кезінде осы қойылыммен Қадыр Хамзаұлы Лебяжіде халық театрындағы режиссерлік сара жолын бастап еді. Осынау рухани азыққа қарық болған көрермендердің қошеметінде шек болмады.

Өнер әуелеген сахна төріне шыққан танымал тілші, қажы Ж.А.Төлебаев және Мая Қадырқызы өзара тың сыр шертті. Себебі Жұмат Айтқожаұлы Қ.Хамзиннің жүз жылдық мерейтойына арнап «Режиссер Қадыр Хамзин» атты кітапты жазып шықты. Осынау құнды еңбектің жазылу тарихынан қызықты фактілермен таныстырды. Ал Мая апай нағашы болып табылатын Жұмат ағаға деген әрі туысқандық, әрі азаматтық ризалығын білдіре келе баспа бояуы әлі кеуіп үлгермеген кітаптың тұңғыш данасын үлкен сахнадан тарту етті де, кітап авторы мен оған қолғабыс көрсеткен жұбайына шапан жауып, естелік болар сый-жоралғылар жасады. Қуанышты сәтте қызыл тілге ерік бере әрі шешіле сөйлеген Мая Қадырқызы аталмыш көркем туындының жарыққа шығуына өзгеге үлгі боларлық әрі жасампаздық азаматтық қайраткерлік арқылы демеушілік көрсеткен «Класстройпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Төлегенұлы Ахметовке деген алғысын қуана-қуана білдірді. Сонымен бірге ақындығымен әлдеқашан таңылған лебяжілік ақсақал Жұмабай Әмрин, өнер саңлағымен көзі тірісінде дәсдес болған ақсақал Құдайберген Пішенбаев өз кезегінде Қадыр ағамыздың өмірінен өміршең жайттарды еске алып, тау тұлғаға деген адами-азаматтық құрметтерін нұрдай жаудырды.

  Шара барысында Қ.Хамзиннің өмір белестері мен шығармашылығына арналған слайд-шоу көрсетіліп, тағылымды-тәлімді кешті әрлей түсті.

Асылында, жалғанда ұмыт бола бастаған бірегей өнер саңлағы һәм театр тарланбозы Қадыр Хамзаұлы Хамзиннің аруаға бір аунап түсті ғой бұл күні, осынау сәтте. Өшуге айналған тау тұлғамыз төрімізден өз мәңгілік орнын алды. Осыған бірден-бір ұйытқы болған Мая Қадырқызына және мәдениет-өнерді қашанда қолдауда нағыз азаматтық танытатын Айзада Амангелдіқызына деген ризалығымыз шексіз ғой әлбетте. Ендігі бағыт – Қадыр аға бастап кеткен киелі қайраткерлікке қан жүгірту, сахна һәм театр өнерін жандандыру, ұлттық-халықтық рухани мәдениетті әуелету. Мемориалдық тақтадан ой шома қарайтын Қадыр Хамзаұлы Хамзин кейінгі толқыннан осыны күтері анық. Ендеше, аянып қалмайық, ағайын! Қадыр ағаның қадірі асқақтай берсін!  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Аққу  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1022 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: