21:14
Тұғырлы Тәуелсіздік тағылымы

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ФЕНОМЕНІ

Арпалыспен келмесе, шынайы азаттық бола ма?

Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма?

Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?

Н.Ә.Назарбаев

Әлбетте, қай сала және қай бағытта тұңғыш атанудың маңызы толайым. Ондай тұлғалар жылдар өткен сайын, тіпті, ғасырды ғасыр алмастырған аралықта да мәңгілік жадыда жатталады, шежіре-мирасты тарих парақтарында қатталады. Айға алғаш рет адам аяғымен басқан әйгілі Нил Армстронг, қасиетті қазақ даласынан ғарышқа бірінші боп сапар шеккен Юрий Гагарин, қазақ көркем жазба әдебиетінде «Бақытсыз Жамал» деген атпен тұңғыш роман жазған Алаш арысы Міржақып Дулатов һәм басқа да ең тұңғыш атанған тұлғалар неге тұрарлық, шіркін! Бағымызға қарай, арайлап атқан таңымызға орай Қазақстан атты ел үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – мәңгілікке тұңғыш Президент!

Тәуелсіздікке қол жеткен 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бүгінгі таңға дейін кең-байтақ жеріміздің, көп ұлтты тату-ынтымақты еліміздің әрбір өмірлік қадамы үшін адами-азаматтық парызын асқан абыроймен атқарып келеді.

Асылында, желтоқсанның бірінші күні қазақстандықтар ел тарихында «Тұңғыш Президент күнін» атап өтуді мемлекеттік мейрам деңгейінде мерекелеуді жолға салды. Жалпы, Президент күнін өткізу дәстүрі – әлемде бар жасампаз тәжірибе. Ол өзге елдерді айтпағанда, тіпті АҚШ-та да аталып өтеді. Қазақ елі – жиырманың жетеуіне аяқ басып келе жатқан, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтағыдай «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» әлі де жас мемлекет. Осынау салиқалы уақыт ішінде экономика, саясат, әлеуметтік салаларда орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік, осылардың барлығы Н.Назарбаевтың тұлғасымен және есімімен байланысты.

Сана таразысына салсақ, Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы хақында келелі пікірлер де, айтулы ойлар да жетіп артылады. Ол орынды да. Себебі еліміздің қазіргі деңгейге дейін жетуі – сарабдал саясат, индустриалды-инновациялық экономика, деңгейлі дамудың әрі жемісі, әрі жеңісі. Ал осылардың бірден-бір һәм бірегей діңгегі – Нұрсұлтан Назарбаев! Шынымен де, осынау шарықтау шыңына оңайлықпен шықпадық, өзгеден олжаламадық, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен бәз біреуден тартып және алмадық. Сонау замандардан бабалардан мұра-мирас болып қалған еншімізді шашпай-төкпей сезімтал ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай «қара шекпендей қайтарып» берді сарабдал іскерлігі арқасында.

«Қарапайымдылықтың өзі – байлық» дейді дана халқымыз. Айналасындағы азаматтардың құдіретті ұсыныстарына асқан қарапайымдылық таныта өзінің атын қандай да бір мекен-мекемелерге беруден, сонымен бірге «Халық қаһарманы» һәм басқа да таутұлғалы атақ-даңқтан бас тартты. Ұлт көшбасшысы атануға ғана келісімін берді. Өйткені Елбасы үшін ұлт тағдыры – басты мәселе. Бұл бағытта Н.Назарбаевтың мына айтқаны анық айқындама: «Қазақтардың ұлттық статусы, ұлттық бағасы бүгінде нағыз мемлекет қалыптастырушы ұлт статусына лайық». Көкірегі ояу, ойы ашық тұңғыш Президентіміз өз тегін өскелең ұрпақтың білім-ғылым жолында өркендеп өсуіне деп мақсатталып, Елорда төрінде бой көтерген университетке һәм Астана мен аймақ орталықтарында іргесін тіктеген зияткерлік мектептерге берумен ғана шектеліп, нағыз жасампаз азаматтық танытты. Қазір ғой «Назарбаев университетінде» де, «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» де кез келген талапкер-оқушы білімін шыңдауда.

Абзалында, біз Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевпен мақтанамыз. Басқасы басқа, ал Елбасымызбен шынымен де мақтануға болады бізге. Жиырма жылдан аса уақыт ішінде қасиетті жерімім бен дарқан елімізді жаһандық аренаның төріне шығарып, өзгелермен тең дәрежеде иық тірестіретіндей жетілген деңгейге шығарып отыр ғой.
Ал 2011 жылы Қазақстан ғалымдары Н.Ә. Назарбаевты «Ғасыр ғұламасы» деген атақпен марапаттады. Осы берілген атақтардың бәрі Тұңғыш Президентіміздің жасаған орасан зор еңбегі үшін деп білеміз. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанды ғаламдағы барлық ел таниды, біледі, қажет болса, бас иеді.
Қазір өскелең ұрпақтың білім алуына, дамуына көп көңіл бөлінеді және де жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Оқыту модулі модельге алынған Назарбаев зияткерлік мектептері осының жарқын айғағы. Олардағы әрбір талапкер осы үлкен жобаның бір тамшыдай бөлігі екенін сезінеді. Алдына қойған асқақ армандарды орындауға барлық күш-жігерді, алған білімді салуға бел бууда. Өйткені олардың көз алдында Нұр-ағаның жарқын бейнесі тұр.

Ақиқатында, Қазақстанның дамуына бар күш-жігерін салып, аянбай еңбек етіп, халқының үмітін ақтап келе жатқан Елбасымыздың аман болуы біз үшін бақыт. Себебі халқына еркіндікті, Тәуелсіздікті сыйлай білу – әрбір жан үшін аса қадірлі пір.
«Басқарушы болмаса, ел қадірі кетеді, елінде айтыс болса, ер қадірі кетеді», – демекші, Елбасымыздың көрегендігінің арқасында тату-тәтті бірлікте өмір кешіп жатырмыз. Алғысымыз шексіз сізге, Нұрсұлтан ата!

Сөз жоқ, тұңғыш Президенттің бірегей әлемі – жаңа Астананың бой көтеруі. Он бес жыл бұрын еліміздің бас қаласы құзырына ие болған Астана қазіргі таңда әсем сәулетімен, асқан дәулетімен жаһанда теңдесі жоқ алып шаһардың біріне айналып отыр. Ұлт көшбасшысы сөзімен айтқанда: «Жаңа Астананың қаласы да, адамдарының санасы да жаңа болсын. Жаңа Астана – ежелгі Қазақ жерінің төрі». Бұған бірдеңе қосып айту артық болар. Елбасының салиқалы саяси тұлға беделі арқасында Астана «EXPO – 2017» жаһандық көрменің бірегей орталығына айналып, оны тамашалаған ел-жұрттың есінде ұзағынан қалатын болды.

Сарыарқаның сайыпқыран ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

деп орынды ұйқасталған қара өлең шумағы ұлтын сүйген әрбір қазақ-қазақстандықты жігерлендірмей, қайрамай қоймайды. Әсіресе, мемлекеттік тіл боп әлдеқашан таңылған қазақ тілінің өркендеп дамуы Ұлт көшбасшысын әрдайым толғандырады. Елбасы Н.Назарбаев ана сүтімен бойға өмірлік-өміршеңдік нәр-қуат берген қазақ тілінің тұғырлануына әрбір жолдауында, үндеуінде айырықша тоқталып отырады. «Мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс» деп қанатты ой қорытқан Ұлт көшбасшысы. Ал «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы негізінде қазақ тілі латын қарпіне 2025 жылға дейін көшуді қолға алды.

Айта берсек, таңды таңға жалғауға тұрарлық ғибратты дастан болар. «Өткенге – салауат» қой қашанда. Тұңғыш Президент, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев бағыттаған ендігі басты межеміз – 2050 жылы әлемнің жоғары дамыған елі атанып қана қоймай, барлық өлшем-критерийлер тарапынан мәртебелену. Болашақты болжағыш Нұр-аға осынау биікке жетуге сана-сезімі ояу әрбір қазақстандықты жаппай шақыруда.

Пайым-пікірімді Н.Назарбаевтың мынадай айтқанымен тәмамдауды жөн санадым: «Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін».

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 409 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: