14:14
Тұғырлы Тәуелсіздік тағылымдары
САЛТАНАТ һәм МЕРЕКЕ ШАПАҒАТЫ Әлбетте, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осынау уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат һәм ішкі бірліктің арқасы. Жуырда Лебяжі ауданы орталығы Аққудағы Мәдениет үйінде тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жиырма үш жылдығына арналған салтанатты-мерекелік кешенді шарасы ұйымдасқан түрде өткізілді. Аталмыш шараның басында сахна төріне аудан әкімі С.Жанғазинов шақырылды. Құттықтау сөзінде Серік Хасенұлы өзіне сеніп тапсырылған аудан тұрғындарын мән-маңызы ауқымды, қадір-қасиеті құдіретті Тәуелсіздік күнін азаматтық-патриоттық тұрғыдан екшей ерекшеледі. Мерекенің бірінші бөлімі мемлекеттік қызметкерлердің ант беру рәсімімен басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес әкімшілік мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған әрбір азамат ант қабылдайды. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білім-тәжірибесін атқаратын қызметіне жұмсайды, өзінің Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді. Жоғарыда айтылғандарды ту еткен аудан әкімі аппараты әкімшілік-қаржы бөлімінің бас маманы А.Сатынская, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғ.Құрманов, Қызыләскер ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Д.Жұмағожинова, Қызыләскер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Н.Сейтебаев, Лебяжі ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы А.Мұстафинова үлкен сахнада ел-жұрт алдында ресми түрде ант қабылдады. Мемлекеттік мереке болғаннан соң ерен еңбегімен ерекшеленген тұлғаларға берісі аудандық, арысы аймақтық деңгейдегі марапаттар табыс етілді. Бүтінді бөлшектегенде, Павлодар облысы әкімі Қ.Бозымбаевтың Құрмет грамотасымен аудандық аурухананың бас дәрігері З.Айдарханова, аймақ әкімінің Алғыс хатымен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы А.Ахметова, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай және көп жылғы жемісті еңбегі үшін Лебяжі ауданы әкімінің Алғыс хаты Тілектес ауылдық клубының меңгерушісі А.Исполова, Жамбыл жалпы орта білім беретін мектебінің кітапханашысы Ж.Қайырбекова, Ә.Баймолдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Байшүкіров марапатталды. Сол сияқты «Түбіртекті талап ет – еліңнің патриоты бол» акциясы қорытындысы бойынша жүлдегер атанған Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің жұмыскері Ж.Капановаға, аудандық «Қазпошта» маманы С.Шарупичке, аудандық кітапханалар жүйесінің әдіскері К.Мұсаеваға арнайы Сертификаттарды табыстады аудан әкімі. Марапаттау рәсімінің маңызды бөлігі болып «Лебяжі ауданының Құрметті азаматы» атағын беру айшықталды. Осынау атақты табыстауды аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев жүргізді. Сонымен «Лебяжі ауданының Құрметті азаматы» атағы Лебяжі аудандық мәслихатының 2014 жылғы 28 қарашадағы шешіміне сәйкес облыстық диагностикалық орталығы директорының орынбасары, ерен еңбегі және ауданның әлеуметтік-экономикалық, медицина саласының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатының иегері, мүгедектер және ардагерлер, ядролық сынақтар мен апаттар Халықаралық кеңесінің «Мейірімділік, қайырымдылық» медалімен, ядролық қозғалыстарға қарсы және полигон ауданындағы тұрғындардың денсаулығын қорғау ісіндегі көрсеткіштері үшін, полигонның жабылғанына жиырма жыл медалімен, «Халықаралық ядроға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының жиырма жылдық» мерекелік медалімен, «Ерекше қауіп тобының ардагері» медалімен марапатталған М.Әбілтаевқа, еңбек ардагері, еңбек атқарған кезеңде жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Құрмет грамоталармен, Кеңес Одағының ауылшаруашылық Министрлігінің «Социалистік ауылшарушылық үздігі» төс белігісімен марапатталған, Кеңес Одағының ауылшарушылығы Министрлігі, орталық Жастар комитеті және орталық ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің әйел механизаторлар арасында, социалистік жарыстың жеңімпазы атанғаны үшін Паша Ангелина атындағы жүлденің куәлігі, кеңес әйелдері комитетінің төрайымы В.Терешковамен берілген Алғыс грамотасының, Алматы жоғары партия мектебінің ДОСААФ комитетінің төрағасымен берілген грамотаның, 1978 жылы есімі жазылған «К-700» тракторының иегері болған К.Әмринаға, еңбек ардагері, Майқарағай кеңшарында жұмысшылар кооперативінде жұмыскер, тракторшы, механизатор болып жұмыс істеген, бірнеше рет социалистік жарыс жеңімпазы болған, облыстық, аудандық, ауылдық әкімшіліктердің Алғыс хаттарымен марапатталған, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегері Б.Бөрібаевқа, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, бірнеше мәрте аудандық Кеңестің депутаты болып сайланған, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстық ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамотасымен, ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесінің Алғыс хатымен марапатталған Т.Макинге, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті жаратылыстану ғылымдары факультеті физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі, жүз елуге жуық ғылыми еңбектің авторы, «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған, «Ғылымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тағайындаған «Ғылым сардары» сыйлығының иегері атанған, алтын медальмен марапатталған, Павлодар облысы ономастика мәселелерін оңтайлы шешілуіне өз үлесін қосқан азаматтардың бірі Қ.Сапаровқа, еңбек ардагері, еңбек еткен жылдары Май және Лебяжі аудандық халық депутаттары атқарушы комитетінің төрағасы, аудандық, облыстық Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланған, Қазақстанның Орталық Комитеті Коммунистік партиясының мүшесі болып тағайындалған, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Адал еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған Г.Столбовқа салатанатты түрде берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай көп жылғы және жемісті еңбегі үшін аудандық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің аға кітапханашысы М.Әмренова, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі директорының оқу істері жөніндегі орынбасары Б.Ибраһим, Шарбақты ауылдық амбулаториясының санитары Г.Оразмұхаметова, Малыбай ауылдық округі ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Қ.Қанаев, Амангелді негізгі орта білім беретін мектебінің от жағушысы Ж.Тасимов Лебяжі ауданының Құрмет грамотасымен және марапатталды. Концерттік бағдарламада би өнерімен әбден танымал аудандық Мәдениет үйінің «Нұрдана» тобы мемлекеттік мерекеге нәр де, әр де берді. Гүлнұр Данабекқызы көркемдік жетекшілік жасайтын аталмыш би тобы орындаған «Серуен», «Күлімдеу» атты қазақ билері, орыс, ұйғыр билері қадірменді көрермендер көңілінен шықты. Сонымен бірге домбырамен ән шырқап, танылып жүрген Е.Бейбітханның «Жігіттерге өсиет» термесі, әжелер тобының «Күн дидарлы Қазақстан», «Айналайын» балабақшасының балдан да тәтті балдырғандарының «Қазақстан», Ямышево ауылының орыс этномәдени бірлестігі әншілер тобының, Жаңатан ауылының татар-башқұр ұлттық бірлестігінің, әншілігімен танымал А.Әмринаның орындауындағы, «Жастар» вокал тобының «Менің Қазақстаным», шымылдық түрілер шақта шырқалған «Тәуелсіздік» әндері салтанат һәм мерекені әуелетті, пырақтады. Асылы сол, тұғырлы Тәуелсіздіктің жиырма үш жылдық мерейін аспандатқан биылғы салтанатты мереке лебяжіліктердің есінде осынаулығымен есте қалатын болды. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 957 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: