13:40
Тәні саудың - жаны сау

БЕСҚАРАҒАЙДАҒЫ ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ

    «Денсаулық – зор байлық»  қашаннан әм қашанда. Хан-патшаның алтын-күмісіне еш бергісіз қазынамыз ғой кеудемізде жан бар әрбіріміз үшін. Тек осымыз қыр көрсете сыр бермесін бар тілегіміз. Ал сыртқатқа душар болған шақта бар тірек-жұбанышымыз дәрігерге жүгінеміз. Жаратушыдан адамды емдеуге қарым-қабілет дарыған дәрігер атаулының көтерер жүгі қай қиcынға салғанда да жеңіл емес. Атақты Гиппократқа ант берсін-бермесін, алайда адами-азаматтық тұрғыдан сыртқат жанға қажетті ем-дом жасауда жауапкершілік пен қырағылық танытады әманда.

Бесқарағай өз алдына елді мекен болғалы бері тұрғындарды емдейтін мекеме әрдайым болған һәм бар. Өткен күндерге көңіл аударсақ, аумағы ат шаптырымдай қос қабатты стационар да, еңселі емхана да болған-ды. Ауылдық дәрігерлік амбулатория құзырына да ие болып еді... Қазіргі таңда Бесқарағай фельдшерлік-акушерлік пункт бір шатырдың астында екі үйдің бір бөлігін алып отыр.

1986  жылдан бері Тюлюмбаева Ж.Қ. дәрігер-терапевт міндетін асқан абыроймен атқарып келеді. Осымен жиырма жетінші жылдың жүзіне айналып отыр. Осынау кезең аралығында қаншама адамға ем көрсетті Жаңыл Қуанышбайқызы. Дәрігердің айтуынша, қуанышты сәттер де, қайғы жұтқан қаралы кездер де болды. Дегенмен өз жұмысына ықтиярлықпен қарайтын терапевт апай бесқарағайлықтарға қолдан келер ем-домын жасаудан бір сәт те жалықпаған, тарықпаған. Былтырғы жылдың желтоқсанында облыс әкімінің «Павлодар облысына 50 жыл» мерейгерлік медалімен салтанатты түрде марапатталды. Бұдан басқа да аймақ-аудан көлеміндегі марапаттардан ерен еңбегі арқылы кенде емес.

Жалпы, аталмыш мекемеде Ахметова А.Ә. және Жанпейсова А.Қ. медбике болып, Бормотова Г.Ю. санитар, ал Уақбаев Е. көлік жүргізуші болып еңбек етіп келеді. Мұнда екі кісіге арналған күндізгі стационар бар. Онда жылына 120 адамға дейін ем-дом алады екен.

Жаңыл Қуанышпайқызына тағы жүгінсек, қазіргі кезде ұлттық скринингілік бағдарламасы бойынша пациенттің бағдары скринингтен өтетін халықтың жас шамасына қарай жүзеге асырылып отыр. Тарқатып айтқанда, ісік алды аурулардың, қанайналым, асқазан, ішек, көз дерттерінің алдын алу бағытында уақытылы шаралар орындалады. Сонымен бірге үлкен-кішіге кезең-кезеңмен егу жұмыстары іске асырылады. Қан қысымына шалдыққан, қант диабеті есебінде тұрғандарға қажетті дәрі-дәрмектерді тегін береді. Ал күрделі стационарлық емделу курсын қажетсінетіндерді портал арқылы тіркеп, кезегі келгенде аймақ-аудан орталығында кешенді ем-дом алу үшін жолдаманы ресімдейді.

Жыл сайын бесқарағайлықтарды айнаға түсіру мақсатымен «Флюкар» атты арнайы қондырғысы бар медициналық көлік келсе, кемінде екі рет облыс орталығынан қажетті дәрігер мамандардан құрамдалған һәм арнайы медициналық құрал-қондырғылармен жабдықталған автополиклиника да ат басын тіреп, халыққа қызмет көрсетті.

Мектеп оқушыларының, мектепалды даярлық топ пен шағын орталық тәрбиеленушілері, жүкті келін-келіншектер, егде жандар ФАП-тың жіті назарында.

Сайып келгенде, Бесқарағайдағы фельшерлік-акушерлік пункт өзіне жүктелген міндеттерді сапалы түрде орындап отырғаны нақты жұмыс нәтижелерімен дәлелдеп отыр.  

Бегімхан ШАҺМАНТЕГІ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы     

Просмотров: 1587 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: