17:55
Сыңғырла, қоңырау, сыңғырла!

ӨМІРЛІК САПАР СӘТТІ САБАҚТАЛСЫН, ҚЫРЫҚ ЖЕТІНШІ ТҮЛЕКТЕР!

Күндердің күні туғанда һәм жиырма бесінші мамыр болғанда жалпы орта білім беретін кез келген мектепте он бірінші сыныпта ілім-білім, өнеге-тәлім жинап жүрген оқушы үшін қамшының сабындай ғұмырының ең бір жүрек толқытар, жан тебірентер әм қимастық бесігінде тербетер қас қағым сәт болады әлбетте. Анығы сол, бұл күні оны мектеп түлегі ретінде асқарлатады. Сырттай қанша сыр бермегенімен, іштей қандай буырқанады десеңізші, шіркін! Әрдайым жөн жол сілтеуші алдыңғы толқын ағалар әлдеқашан өтіп кеткен осынау сара даңғылмен талабы зор кейінгі толқын інілер де өтуде міне қазір.

Сонымен елу жылдық тарихты артқа тастап бара жатқан Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде сыңғыр еткен соңғы қоңырау үні биылғы оқу жылдың тәмамдалғанын жар етті. Ауа райы салқындығымен қолайсыздық тудырғанымен көз тарта безендірілген мектеп спортзалында жиналған халықтан ине шаншар жер қалмағандай болды. Жыл бойында өткізілетін қаншама мерекелік шараның ішінде соңғы қоңыраудың сондайма айырықша екенін осыдан екшеуге болады да.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіне биылғы мерекеге аудан өкілі ретінде аудан әкімі орынбасары Байжанов Б.Т. темір тұлпарының басын арнайы бұрды. Шараның ресми бөлімінде өз алдына сөз алған Бейімбет Таңатұлы бесқарағайлық түлектерді маңызды өмірлік сәтпен құттықтап, жақында ғана болатын басты сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден мүдірмей-сүрінбей өтулеріне, оңтайлы нәтиже қаңжығалауларына тілестестік білдірді. Осындай сарындағы тілекті ауыл әкімі Балтабаев Е.Н., ардагер ұстаз Қабдуова К.Қ. жеткізсе, мектеп директоры Белгібаева А.М. құттықтаумен бірге 11 сынып оқушылары Жоламанов Рамазанға, Ерсайынов Нариманға, Қазбеков Мағжанға, Кириченко Александрға, Маратов Ермұратқа мектептің спорттық жетістіктеріне қосқан үлестері үшін дипломдарды, ал оқу жылын озат аяқтаған 7 сынып оқушысы Аубакирова Әйгерімге, 8 сынып оқушысы Шаймұрат Айбарысқа, 10 сынып оқушылары Белгібаева Орангүлге һәм Тілектесова Әйгерімге Алғыс хатты салтанатты түрде табыстады. Ал сынып жетекшісі Жұмашева М.Т. өз шәкірттеріне өмірлік сәттілікті тебірене тіледі. Ата-аналар тарапынан сөз алған ардагер ұстаз Қайдаров Ш.Қ. түлектерге мектеп өмірінің қаншалықты қызықты әрі қимас сәт екендігін ғұмырлық деректермен дәлелдеп бақты.

Қырық жетінші түлектер ішінде 11 сыныпта оқып жүрген мерзімдік аралықта көзге түскен оқушылар бар. Айталық, Жоламанов Рамазан физика пәнінен облыстық пән олимпиадасына қатысып, аудан намысын қорғаса, Ерсайынов Нариман волейболдан аудан оқушылар құрамында облыстық жарыстың қола жүлдегері атанды. Сонымен бірге қос сыныптың биылғы ҰБТ-ге дайындық деңгейі де бірқыдыру жақсы деңгейде.

Соңғы қоңырау мерекесінде бірінші сынып бүлдіршіндері мектеп түлектерін әзілді өлең шумақтарымен сипаттап, кішкене естелік сыйлықтарын тарту етті. Ал қырық жетінші түлектер он бір жыл бойы оқытқан-тәрбиелеген мектебіне, ұстаздарына небір тамаша әндерін, өлең шумақтарын жүрекжарды түрде арнады.

Осынау шараға арнайы келген ата-аналар, ауыл тұрғындары шашу шашып, мектеп түлектеріне тәтті-қатты сыйлықтарын мол-молынан ұстатты.

Соңғы қоңырауды сыңғырлата соғу рәсімін 1 сынып оқушысы Судомойкин Кирилл және биылғы 47-түлек Қадырханова Айнұр үйлесімді жұп құрап абыроймен атқарды.    

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1425 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: