17:28
Соңғы қоңырау - 2016

ҮКІЛЕГЕН ҮМІТ ҰЯЛАП...

Әлбетте, күміс қоңыраудың сыңғырлаған жанғырығы әрбір адам өмірінде ерекше маңызға ие. Он екі мүшесі сау, сана-сезімі ояу адам мектеп табалдырығын тоздырған кезде қоңырау үнін сан мәрте естіген. Ал сол қоңырау біткеннің ішінде «Соңғы қоңыраудың» сыңғыры жадыда ешқашан ұмытылмас-ескірмес естеліктей мәңгіге қалады. Енді қайтып оралмас мектептегі қызықты да қызғылықты қимас сәттер көз алдында көлбейді. Бозбалалық-балалық тәтті мекенге шақырады.

Күннен-күнге жылжып өтіп жатан жылдың 25 мамырында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде оқу жылының аяқталуын паш еткен «Соңғы қоңырау» салтанаты жүзеге асты. Мейілінше безендірілген мектеп спортзалына жиналған қауымның қарасында шек болмады. Мектеп түлектерінің жеке өмірге пырақтай бастауын тамашалауға келген туған-туысқандардың өзі бір төбе.

Салтанатты шара барысында мерейлі елуінші болып мектеп табалдырығынан ұшқалы отырған түлектерді құттықтаған Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова шын жүректі тілегін байыппен жеткізді. Сонымен бірге Жанат Шоқанқызы 11 сынып оқушыларына спорттық жетістіктері мен белсенді жігер-шымырлығы үшін арнайы диплом және естелік сыйлығын салтанатты түрде табыстады. Ал мектеп директоры А.Белгібаева қысқаша дайындалған тақырыптық баяндамасынан соң әр түлекке он бір жыл бойғы жетістіктері үшін мадақтаманы табыс етті. Сонымен қатар Айжан Мейрамқызы биылғы оқу жылын үздік тәмамдап, озат оқушы атанған 1-10 сыныптар оқушыларына Мадақтама парағын өз қолынан табыстады. Бастауыш буында сынып жетекшілік еткен Б.Құсманова қолынан тәрбие алған шәкірттерін құттықтаумен бірге «орамал тоң болмайды, жол болады» дегендей әрбір түлекке естелік бұйымтайын тарту етті. Ата-аналар тарапынан сөз алған Г.Жанпейсов, Д.Жұмашева, А.Оспанов жақсы тілектерден нұр жаудырды. Мерейлі елуінші түлектердің әжелері қазақы дәстүр бойынша тәттіден шашу шашты.

Биылғы мектеп бітірушілердің ізін өкшелеп келе жатқан оныншы сынып оқушылары өз игі тілеіктерін жаудырса, «Соңғы қоңырауды» өмірлерінде тұңғыш рет естіп отырған бірінші сынып оқушылары әр түлекті сипаттайтын әзіл-шыны аралас өлең шумақтарын бал тілдерімен жеткізіп бақты.

Осынау мерейлі елуінші түлектерді шығарып салуға бағытталған «Соңғы қоңырау» салтанатына осыдан елу жыл бұрын Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебін бірінші болып тәмамдаған бірінші түлектер арнайы шақырылды. Импровицаяланған сахнаға шыққан әжелер мен аталар мектепті жаңа ғана тәмамдап шыққан елуінші түлектерге асыл тілектерін білдірумен бірге мектеп ұжымына, әр түлекке естелік сыйлықты мейріммен тарту етті.

Өз алдына сахна төрінде жайғасқан мектеп түлектері өз кезегінде өздерін он бір жыл бойы оқу-тәрбие нәрімен сусындатқан, бар ұстаздық мерейін Күн нұрындай шашқан туған мектебіне, оның әкімшілігіне, ондағы пән мұғалімдеріне арнаған алғыс-рақметтерін жүректі толқытар өлең шумақтарымен, тақырыпқа сай іріктелініп қойған әндерімен жеткізді.

Айта кету керек, биылғы мектеп түлектері ішінде «Алтын белгіге» үміткер бір оқушы бар: Айбарыс Шаймұрат. Маусым айының екінші жұлдызында болатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында үкіліген үміт арқалап отырған һәм талабымен артық туған үміткердің бағы һәм бабы жанатынына тілектестіктерін барлығы дерлік бір ауыздан білдірді.

Осынау «Соңғы қоңырау» салтанатында ғана ерекше орындалатын вальс биінен соң мектеп түлектері алтын Күндей жарқыраған білім кілтін бірінші қыркүйекте қолдарынан жетектеп мектеп табалдырығына өздері кіргізген бірінші сынып оқушыларына табыстады.

Осыдан он бес жыл бұрын мектептен түлек ұшқан отыз бесінші түлектер арнайы құтыға салып, 2016 жылғы елуінші түлектерге деп аманат қалдырып кеткен. Сол құты осынау сәтте ашылды да, ішіндегі аманат жария етілді. Ұрпақтар сабақастығы ретінде биылғы елуінші түлектер өз алдына 2026 жылы түлеп ұшатын алпысыншы түлектерге өз игі аманатын тапсырып кетті.

 Соңғы қоңырау соғу рәсімі де биыл айтарлықтай өзгертілген түрде ұйымдастырылды. Әрбір түлек жетекке алған бірінші сынып оқушысының қолдан-қолға көшіп жүрген күміс қоңыраудың сыңғырлаған жаңғырығымен өз алдына қиын да қызықты болған 2015/16 оқу жылы да тәмамдалды, мектеп түлектері жеке өмірге қанат қақты.

Сайып келгенде, әр оқу жылының соңғы күнінде соғылатын күміс қоңыраудың сыңғыры оқушылар қатарынан тағы бір топ түлектерді жеке өмір атты айдынға мектеп жағасынан алыстата бастайды. Қоштасудың қандай қиындығына қарамастан, осынау заңдылыққа бағынуға тура келеді. Ендеше, үкілеген үмітіміз ақталсын тек.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 805 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: