13:01
Шығармашылық күн

АТТЕСТАТТАЛАТЫН МҰҒАЛІМДЕР КӨРСЕТІЛІМДЕРІ

Кез келген жалпы орта білім беру ісімен таңнан кешке дейін әрекеттенетін оқу орны біліктілік санаттарын көтеруге я растауға өтініш берген мұғалімдердің аттестатталуымен мониторингіленеді әл-әзір. Ал оны жарыққа жар ететін бірден-бір кез – шығармашылық күн.

Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде биылғы оқу жылында аттестатталатын мұғалімдер бірнеше ашық сабақтар беру арқылы өз шығармашылық әлеуеттерінің қаншалықты шындалғанын көрсетті.

Жоғары санатқа берген я жоғары санатты растап отырған пән мұғалімдері бұған дейін басқа мектепте шеберлік сыныптарын көрсеткен-ді. Ал бірінші және екінші санатқа берген я растап жатқан өзге мұғалімдер өз шеберліктерін өз мектеп қабырғасында көрсетті. Айталық, бірінші біліктілік санатын растауға өтініш білдіріп отырған физика-математика мұғалімі Ш.Берден 8 қазақ сынып оқушыларымен «Электр тогының жұмысы мен қуаты» тақырыбымен мультимедиялық дәрісханада ашық сабақты сәтті сабақтады. Негізінен бұл қырық бес минөтте мұғалім Шаймұрат Берден сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегияларын, пәнге қатысты физикалық өлшем құралдарын мейілінше әрі орынды қолданды. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда есептерді тиімді жолмен шешудің жолдарын кәдеге жаратты. Шәкірттері өз кезегінде ізденіс танытып, жүктелген тапсырмаларды уақтылы орындап бақты. Бұл сабақта Аубакирова Айгерім, Оспан Айзада сынды оқушылар белсенділігмен көзге түсті.

Ал екінші біліктілік санатына биыл өтініш берген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.С.Әлдекенова орыс тілінде оқып жүрген 6 сынып оқушыларымен «Қысқы ауа райы» тақырыбымен қазақ тілінен ашық сабағын көрсетті. Айгүл Серікпайқызы соңғы кезде әдістемелік ізденіс танытуда. Бұл сабақта мұғалім өз шәкірттерімен мемлекеттік тілді насихаттау мақсатымен бірқыдыру әдіс-тәсілдерді жүзеге асырды. Интербелсенді тақтаның шексіз мүмкіндіктерін пайдалану арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясын тиімді қолданды. Суреттермен, ілеспе аудармамен айналысқан оқушылардың оқылым, айтылым, тілдесім, сөйлесім өлшемдері диагностикалана критерийленді. Неге екені қайдам, қазақ тілінің грамматикасына тиісті түсінік-ұғымдар көлеңкеде қалып қойған сыңайлы. Соған қарамастан сабақ тақырыптық мақсатына жетіп тынды. Оқушылар да бір адамдай белсенділік танытты.

Шығармашылық күні өткізілген ашық сабақтардың ішінде шоқтығы биік болғандардың бірі алғашқы әскери дайындық пәнінен жүзеге асқан сабақ болды. Бірінші біліктілік санатын растауға өтініш беріп отырған пән мұғалімі Н.Ш.Қайдаров 10 сынып оқушыларымен «АК-74 автоматын шашып-жинастыру» тақырыбындағы сабағында оқу құралы ретіндегі әйгілі АК-74 автоматын көрнекілік түрінде пайдаланды. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде АК-74 автоматының оқу құралы түріндегі шынайы макеті әуелден-ақ жоқтың қасы екенін айта кеткеніміз жөн. Мұғалімнің тынымсыз ізденісі арқылы бұл қарудың макеті іргелес жатқан Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінен арнайы алдыртылды. Бұған дейін тек плакаттағы я стендтегі автомат суретінің бөлшектерін танумен шектелген жоғары сынып оқушылары әп сәтте өз қолдарымен отты қарудың оқу құралы ретіндегі шынайы үлгісін қолға ұстап, шашып-жинастырумен қызыға-қызыға айналысты. Нұрболат Шәріпұлы сонымен бірге аталмыш қаруға тиісті оқ-дәрілер үлгілерін көрсетіп, олардың алапат мүмкіндіктерін тамсандыра әңгімеледі.

Бұлардан басқа бірінші біліктілік санатын растауға өтініш берген орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Б.Т.Мазанова 8 қазақ сынып оқушыларымен «Жай сөйлемдер» тақырыбында, география пәні мұғалімі Ғ.Н.Мүсілімова 6 орыс сынып оқушылармен «Өзендер» тақырыбында, биология пәні мұғалімі С.Н.Сейсембеков 10 қазақ сынып оқушыларымен «Ағзаның жеке дамуы» тақырыбында, дене шынықтыру пәні мұғалімі А.Қ.Баев 6 орыс сынып оқушыларымен «Волейбол. Допты беру мен қабылдау жаттығулары» тақырыбында, екінші санатқа өтініш беріп отырған информатика мұғалімі В.А.Бекк 5 орыс сынып оқушыларымен «Графикалық редактор» тақырыбында ашық сабақтарды көрсетсе, екінші санатқа өтініш беріп отырған мектеп психологі Р.Қ.Қайырбаева мұғалімдерді қатыстырып «Балалар әлеміндегі қатыгездік» тақырыбын ту еткен семинарды өткізді.

Ауа райының қолайсыздығынан бастауыш сыныптардағы көрсетілімді-шығармашылық ашық сабақтар өткізілмеді. Әйтпесе бастауыш буында да аттестатталатын мұғалімдер бірнеше қызықты әдістеме әзірлеген-ді. Олардың бұл жұмысы қолайлы сәтке дейін шегерілді.

Тағы сол ауа райының күрт суытып кеткендігінен болар, жақын жатқан елді мекендердегі мектептерден шақырту жіберілген қонақтар да қызықтауға келе алмады.

Сайып келгенде, 5-10 сынып оқушыларының оқу мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің біліктілік санатын аттестаттау сынынан өтіп жатқан мұғалімдері шығармашылық күн арқылы оқу ордасының әдістемелік әлеуетін әуелетті.            

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1518 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: