09:55
Сақтықта қорлық жоқ

АДАМИ АДАЛДЫҚ АСҚАҚТАСА

Әлбетте лаңкестік – қазіргі қоғамды жан-жағынан үрейге түсіріп тұрған аждаһа.

Қасиетті діннің заманалық діңгегі хақында Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың былайша айтқан сөзіне құлақ түру керек: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етңп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды».   

Соңғы кезде дін айналасында өрбіп жатқан келеңсіз жайттар жарғақ құлаққа дамыл бермей жүргені жасырын емес. Қасиетті ислам дінін жамылып, мәуелі мұсылмандыққа салқындық түсіріп жүрген теріс ағымды, тұманды да күмәнді пиғыл ұстанған радикалды топтардың орынсыз құлық-қылықтары айрандай ұйыған ел тыныштығын ірітіп-шірітуде. Бұл жайында айтылған әңгіме де, жазылған жай да аз емес. Басқасы басқа, ал Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің информатика дәрісханасында биылғы жылдың өзінде осымен үшінші рет дінтану бағыты бойынша ақпараттық-насихат тобы тәрбиелік мәні салмақты семинар өткізді.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушылары алдында Павлодар аймақтық «Адал» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы И.Рандюк, аймаққа танымал дінтанушы А.Х.Қабыкенов, Лебяжі ауданы ішкі саясат бөлімінің дін бойынша жұмысты үйлестіретін маман Д.С.Бейсембаев, Лебяжі ауданы Қызыләскер ауылдық округіндегі «Ауыл үміті» қоғамдық ұйымының директоры А.С.Шаһмарданов келелі лекциялаларын ұсынды. Айталық, теолог Азамат Халенұлы өз әңгімесі үдерісінде тың тыңдап отырған оқушылармен белсенді сөйлесім түзіп, олармен тақырыптық сұхбат құрып, нақты дәлелдер келтіріп, эмоционалды-экспрессивті түрде лекциясын қоздыра білсе, Иван Рандюк жиналған қауымға теріс ағымды экстремистік топтардың һәм адал жолдан адасқан жеке экстремис-лаңкестерді әшкерелеген танымдық бейнефильмді интербелсенді тақта арқылы көрсетті. Сонымен бірге аудан өкілі Дастан Серікұлы да, қызыләскерлік жас белсенді Амангелді Саттарұлы да өз кезегінде діни экстремизмнің, адасқандар ісі терроризмнің зұлмат-нәубетін түсіндіріп бақты.

Шараға қатысқан жоғары сынып оқушылары өз салиқалы ойларын белсенділік таныта білдіріп, семинар ұйымдастырушыларымен ортақ тіл табысып, тақырыптың аясын өрбіте түсті. Сонымен бірге ұйымдастырушы тарап жас тыңдармандарға Лебяжі ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша облыстық «Адал» қоғамдық бірлестігі шығарған «Қазақстан Республикасында тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдардың тізімі» атты ақпараттық парақшалар таратылды.

Бұған дейін де өткізілген осы сарындас іс-шараларда теріс ағымды діни қозғалыстардың әрекеттері дәлелді түрде әшкереленген болатын. Өкініштісі сол, осы көкейкесті мәселе күн тәртібінен әлдеқашан түсіп қалудан гөрі, одан бетер өршіп, бой бермес от-жалындай лаулап, үрей апанына тықпалауда. Аталмыш семинарды өткізген аймақ-ауданымыздың өрімдей жас белсенділері соңғы кезде өткір әңгіме болып жүрген алыстағы Сирияда адасып жүрген қандастарымыздың ала-құла лаңкестік әрекеттеріне бір адамдай қарсылығын білдірді.

Зерделесек, осы іспеттес тәрбиелік шаралар көз ілеспес жылдамдықпен өзгермелі қоғам құбылыстарына еліктегіш өскелең ұрпақ өкілдерін өнеге-тағылымға жат қылықтардан жатпай-тұрмай сақтандырады. Мектепте үзбей жүргізіліп отыратын тәрбие жұмысына бірегей қолғабыс жасайды. Ақ ниет пен ақ жолдан тайдырмай, адамдағы адами адалдықтың асқақтауына өлшеусіз үлесін тигізеді. Зайырлылық жолында дұрыс бағыт сілтейді.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 971 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: