14:47
Сақтықта қорлық жоқ

ТЕРІС АҒЫМНЫҢ ТЕРІСҚАҚПАЙЫ

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда діни ахуал хақында әңгіме сан түрлене гу-гулеуде. Бұның бұлайша қаулауына тірлік дәлелдер де жетіп артылады. Бәрі де бір қалыпты жағымды сипат алып отыр деу қисынға тағы қонымсыз. Дінтану бағыты өзіне көпшіліктің назарын ерекше тіктеуде. Осының ақ-қарасын айқындау бағытында қоғамдық шаралар кешенді түрде өткізіліп жүргені де сондықтан болар шамасы.

Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің информатика дәрісханасында Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау мен дамыту орталығының мұрындық болуымен ақпараттық-коммуникативтік семинары өткізілді. Аталмыш отырысты тарих ғылымдарының кандидаты, Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Раздықова Г.М. және атаулы орталықтағы діни экстремизмнен зардап шеккендерді оңалту бөлімінің бастығы Күлжібаев С.Қ. қос тізгінді алмакезек ұстай үйлесімді түрде сабақтады.

Семинарда басты-басты мынадай тақырыптар өзекті әңгімеге тиек болды: «Қалай мүлікті жоғалтып алуға болмайды?», «Терроризм және экстремизмге – жол жоқ!» және «Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйымдардың тізімі». Гүлназ Мақсұтқызы тыңдаушы қауымға мүлікке қызыққан радикалды бағыттағы секта һәм сектанттардан келетін залал-зардаптарды нақты дәлелдермен екшеп, жақындардың бірі қандай да бір теріс ағымдағы жағдайға тап болса және оның «рухани ағаларына» өзінің мүлкін беруге дайын болған сәтте қандай қауіпсіздік шараларын өткізуге болатынын егжей-тегжейлі тәптіштеді. Серік Қабыкенұлы өз кезегінде ел аумағында тыйым салынған діни ұйымдарға қысқаша сипаттама жасап, олардың ел мазасын бұзуға бағытталған теріс пиғылдарын тілге тиек етті. Сонымен бірге экстремизм мен терроризм қазіргі кезде көкейтесті проблемалардың біріне айналып отырғанын, экстремизмнің қоғам бірлігі һәм мемлекеттің тұтастығына ойсырата қауіп төндіретінін, экстремизм деп радикалды көзқарастарды ұстаны мен оларды жүзеге асыруда аса қатерлі әдістерге жүгінуді білдіретінін, экстремизмге қалайша қарсы шығуға болатынын байыпты түрде айқындады.

Ал әңгіме құр әңгіме түрінде қалмас үшін пайдалы лекция барысында әр тыңдаушыға маңызды ақпаратқа толы парақшалар тегіс таратылды. Интербелсенді тақтада теріс діни ағымдардан сақтануды, теріс ағымдарда адасып жүргендерді, экстремизмнен һәм терроризмнен сақтануды және тағы басқаны тақырыптық тұздық еткен танымдық бейнероликтер көрсетілді.

Семинарды өткізушілер тыңдаушылармен өзара сұрақ-жауапты тақырыптық әңгіме түзді. Келелі мәселелер ортаға салынды. Мардымды жауаптар байыпталды.

Сайып келгенде, қазіргі таңда мұндай семинарлар сондай маңызды екені артығымен дәлелденді.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ         

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 842 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: