23:03
Рухани жаңғыру

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕСЕК

ЖЫЛҚЫ – МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ

  • Қамбар ата – жылқының пірі, иесі әрі киесі.
  • Құлын, құлыншақ – жылқы төлі.
  • Жабағы – бір жылға дейінгі төл.
  • Тай – екі жастағы жылқы.
  • Құнан – үш жастағы жылқы.
  • Құнажын – үш жастағы ұрғашысы.
  • Байтал – төрт жастағы ұрғашысы.
  • Сойтал – төрттен асқан ұрғашысы.
  • Дөнен – төрт жастағы еркегі.
  • Бесті – бес жасар еркек жылқы.
  • Айғыр – аталық жылқы.
  • Сәурік – жас айғыр.
  • Бие – аналық жылқы.
  • Құлық – алғаш құлындаған бие.
  • Қысырақ – үйірге алғаш қосылған жас мал.
  • Мама бие – көп құлындаған жуас бие.
  • Бедеу – құлындамайтын жылқы.
  • Ат – ақталған (кестірілген) еркек жылқы, мініс ат. Мініс аттары жалпы жылқы тегіне қарай тұлпар, сәйгүлік, дүлдүл, наз бедеу, қазан ат, арғымақ, жабы, қасиетіне қарай аяңшыл, жорға, жүйрік т.б. деп аталады.
  • Жылқының түр-түстері – ақ, ақбоз, күрең, торы, жирен, шабдар, шұбар, теңбіл, қызыл, қара, қарагер, құла, құлагер, бурыл, баран, қылаң, сұр, ала, кер, күлдібадам, шалбас.
  • Тулақ – әбден жүдеген арық жылқы.
  • Мәстек – жылқының жаман түрі.
  • Жамандату, шеміршек, сақау, маңқа, қолқа – жылқы аурулары.
  • Жылқы жүрісі – аяң, жортыс, бүлкіл, желіс, сау желіс, сар желіс, бөкен желіс, текірек, шоқыту, шабыс.
  • «Құрау-құрау» - жылқыны шақыру.

 

ТҮЙЕ – ТҮЛІК ТӨРЕСІ

  • Ойсылқара – түйе пірі, иесі, киесі.
  • Бота, ботақан, көшек – түйе төлі.
  • Бүлдіршін – екі жасар ұрғашы түйе.
  • Тайлақ – екі-үш жасар еркегі.
  • Бұзбаша – үш жасар ұрғашы түйе.
  • Буырлыш – төрт-бес жасар еркегі.
  • Буыршын – төрт-бес жасар еркегі.
  • Бура – аталық түйе.
  • Інген – аналық түйе.
  • Атан – ақталған (кестірілген) түйе.
  • Түйе малы тұқымы мен қасиетіне қарай: нар, жампоз, қоспақ, арақоспақ, мырзақоспақ, кердері, қылағай, қалбағай, бекпатша, құлпатша, желмая, аруана, біртуған, маз, үлек, айыр т.б. деп бөлінеді.
  • Көрт, көйін – түйенің жаман түрлері.
  • Ақшелек, қатпа – түйе аурулары.
  • «Көс-көс» - түйені шақыру.

 

 

СИЫР АТАУЛАРЫ

  • Зеңгі баба – сиыр пірі, иесі, киесі.
  • Бұзау – сиыр төлі.
  • Баспақ – алты айға дейінгі төл.
  • Арда, торпақ – бір жылдық төл.
  • Тайынша – жастан асқан еркегі.
  • Тана – жастан асқан ұрғашысы.
  • Қашар – екі жасар ұрғашысы.
  • Құнажын – үш жасар ұрғашысы.
  • Дөнежін – төрт жасар ұрғашысы.
  • Өгіз – кестірілген мал. Бұлар жасына қарай өгізше, құнан өгіз, атан өгіз т.б. болып аталады.
  • Бұқа – аталық.
  • Сиыр – аналық.
  • Сауын сиыр – сауылып жүрген сиыр.
  • Саулы сиыр – бұзаусыз сауылатын сиыр.
  • Бұқаша, бұқашық – жас бұқалар.
  • Қашақ – жиі қашатын, яғни бұқаға тоқтамайтын сиыр.
  • Аусыл, қарасан – сиыр ауруы.
  • «Аухау-аухау» - сиыр шақыру.

 

ҚОЙ АТАУЛАРЫ

  • Шопан ата – қойдың пірі, иесі, киесі.
  • Қозы, қошақан – қойдың жас төлі.
  • Көрпеш – есейген қозы.
  • Көбеген – төл басы, ерте туған қозы.
  • Көпей – кеш туған қозы.
  • Марқа – қозының марқайған кезі.
  • Бағлан – семіз марқа.
  • Тоқты – жасы алты айдан асқан.
  • Тұсақ – жастан асқан ұрғашысы.
  • Ісек – тарттырылған (кестірілген) қой.
  • Құнан қой – үш жастағы қой.
  • Дөнен қой – төрт жастағы қой.
  • Азбан – тарттырылған қошқар.
  • Қошқар – аталық.
  • Саулық – аналық қой.
  • Ақауыз қой – әбден семірген бойдақ қой.
  • Топалаң – қой ауруы.
  • «Пұшайт-пұшайт» - қойды шақыру.

 

ЕШКІ АТАУЛАРЫ

  • Шекшек ата – ешкінің пірі, иесі, киесі.
  • Лақ – төлі.
  • Бөрте – алты айлық төл.
  • Шікіраз – жасқа толған еркегі.
  • Туша – жасқа толған ұрғашысы.
  • Шыбыш – екі жастағы ұрғашысы.
  • Ешкі – аналық.
  • Серкешік – жасқа толған еркегі.
  • Теке – аталық.
  • Кебенек – ешкі ауруы.
  • «Шөре-шөре» - ешкіні шақыру.
  • Ешкінің түстері: ақ, қара, көксағал, ор жағал, сары.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 503 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: