22:49
Риясыз рух

АДАМ НЕ СЕБЕПТІ ӨЗІНЕ ЖАМАНДЫҚ ТІЛЕП, ҚАРҒЫС АЙТАДЫ?

Адам өзіне жамандық жасап, қарғыс тілемейді. Әрдайым жақсылықты қалап, пайда келтіретін істерді ұнатады. Ал қиындыққа немесе қандай да бір бәлеге душар қылып, мазасын қашыратын істерден алыс жүреді. «Осы нәрседен мені сақтай гөр!» деп, күндіз-түні Құдайдан өзі үшін жақсылық сұрайды. Бұл – адам табиғатына тән ерекшелік. Алайда Құран адамның өзіне жамандық тілеп, қарғыс айтатын кездері де болатындығын баян етеді. Мұның басты себебі – адам жүрегі иманнан жұрдай халде, тәкаппарлық пен қырсықтыққа ұрынса және надандықта шектен шықса, өзіне жамандық тілеп қарғыс айта бастайды. Мұндай адам рухани құлдырап, адамгершілік құндылықтардан айырылады. Бұл ақиқат бұрынғы қауымдардың өздеріне жіберілген пайғамбарларға қарсы келіп, қырсығып, тәкаппарлыққа салынып, надандықтары себепті өздеріне азап тілегендіктері баян етілген Құран аяттарында айтылады:

«Сонда олар: «Әй, Нұх! Сен бізбен әбден сөз таластырдың, тіпті шектен шықтың. Егер айтқаның рас болса, бастарыңа келеді деп бізді қорқытып жүрген азабыңды, қане, келтірші көрейік», - деді («Һуд» сүресі, 32-аят). «Алайда ол кәпірлер: «Егер айтқандарың рас болса, бұл (қорқынышты) уәде қашан орындалады», - дейді» («Юунус» сүресі, 48-аят).

Бұл аяттардан ұғатынымыз, кезінде белгілі бір қауымдар өздеріне жіберілген пайғамбарларға иман келтірмей қарсы шықты. Оларды мойындамады. Кейбіреуін өлтірді. Зұлымдық пен тәкаппарлықтың шегінен шықты. Мұнымен қоймай, пайғамбарлардан өздеріне ескертілген азаптың келуін тіледі.

Бұдан біз, адам ақиқатқа қарсы келіп, тәкаппарлық және қырсықтық пен надандық шегінен шықса, рухани құлдырап, саналы ойлау қабілетін жоғалтатындығын аңғарамыз. Сонымен қатар, бйодағы адамгершілік құндылықтар мен тіршілікті сақтап қалуға ат салысатын түрлі мотивтер мен сезімдердің және эмоциялардың теріс бағытта жұмыс жасайтындығын көреміз.

Имансыздық, тәкаппарлық, қырсықтық, надандық шегінен шықса, біз қозғап отырған адамдағы қорқыныш эмоциясын тұншықтырып жіберетіндігін Құранның мына аятынан көруге болады: «Ал күпірлікте қасарысқандар болса, (әлбетте, сен оларға күндіз-түні ескертудесін, алайда) оларға ескерттің не, ескертпедің не бәрібір, олар иман келтірмейді» («Бақара» сүресі, 6-аят).

Бұл – Пайғамбарға иман келтірмей, тәкаппарлық пен қырсықтықта шектен шыққан имансыздар жайында түскен аят. Тәпсірші елмалы Хамды Языр осы аяттағы «инзар» сөзіне берген түсіндірмеде: «Инзар – қорқынышты нәрседен сақтандыруды білдіреді. Яғни «ілгеріде бәлендей жамандық бар, абайла!» деу арқылы тура жолды көрсету» дейді. Алайда мұндай сипаттағы адамдарды ескерттің не, ескертпедің не бәрібір. Олар бұған құлақ аспайды. Оның айтуынша, олардың жүректері әу бастағы тазалығын жоғалтып алған. Енді олар нәпсінің хайуани қалаулары мен өздерінен басқа еш нәрсеге бұрылып та қарамайды. Ақиқатты түсіну үшін жаратылған жүректері енді тек нәпсі қалаулары үшін ғана қызмет етеді. Рухани құлдырау мен сананың сарқылуы мұндай адамды хайуаннан да төмен деңгейге түсіріп жібереді. Яғни мұндай адам – рухани тұрғыда адам болудан қалады. Ал бұл дегеніміз – оның жер бетіне бұзғыншылықтан басқа әкелер ешқандай пайдасы жоқ деген сөз. Өйткені адам – саналы жаратылыс. Ал егер рухани құндылығын жоғалтатын болса, ақылы нәпсінің құлына айналады. Бір сөзбен айтқанда, ақылды хайуанға айналады. Ал ақылды хайуан – ақылсыз хайуаннан мың есе қауіпті. Бәлкім, осы себепті де олар жер бетінен жойылып кеткен болуы мүмкін. Бұл ақиқатты біз кезіндегі қауымдардың Алла тарапынан азапқа душар болып, жер бетінен жоқ етілгендігінен аңғарамыз. Дұрысын Алла біледі!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: