10:12
Риясыз рух

ШЕКТЕН ТЫС ҚОРҚЫНЫШ ЫҚЫЛАСТЫ АЗАЙТАДЫ

Қорқыныш шектен шықса, ниеттегі ықыластың тереңдігіне де әсер етеді. Бір істі қорқып жасау мен қорықпай шынайы көңілмен жасаудың арасында айырмашылық бар. Қорқып жасаған істен гөрі, шын көңілмен, ризашылық таныта отырып жасаған істе ықылас терең. Мәселен, әзірет али (р.а.) құлшылықтағы ықыластың тереңдік деңгейіне ишарат етіп:

«Аллаға бір адам тозақтан қорқып құлшылық қылады. Бұл – құлдың ғибадаты. Енді бір адам жәннатты қалап ғибадат етеді. Бұл – саудагердің ғибадаты. Ал мен тозақтан қорқып немесе жәннатты қалап емес, Алланың ғибадатқа лайықты болғандығы себепті Оған құлшылық жасаймын!» дейді. Сонда бір адам әзірет Алиден (р.а.): «Уа, мүміндердің әміршісі! Алла Елшісі Алладан жәннатқа кіргізіп, тозақтан қорғауын сұрамап па еді?» деген сауал қояды. Сонда әзірет Али (р.а.): «Әрине, солай деп дұға ететін. Бұған біз де куәміз! Алайда, егер тозақ пен жәннат болмаса, Алла Тағалаға құлшылық қылынбайтын ба еді?» деп жауап береді. Әзірет Алидің (р.а.( айтқан сөзінің түп негізі мына құдси хадисте жатқандығын аңғарамыз. Алла Тағала: «Жәннат пен тозақты жаратпасам, Маған құлшылық жасауды тоқтатасыңдар ма?» дейді. Яғни Алла тағала жәннат пен тозақты жаратпаса да, Оған – Алла болғаны үшін және бізді жоқтан бар еткені үшін құлшылық қылуға тиістіміз. Рабиғатул Адауия есімді тақуа әйелдің айтқан сөзі де осы мағыналас: «Алла тағалам! Саған тозақтан қорқып немесе жәннатты қалап ғибадат жасамаймын. Ғибадат жасалуға лайықты болғаның үшін Өзіңе құлшылық қыламын!»

Бұдан ұғатынымыз – адам Аллаға тозақтан қорқып немесе жәннатты қалап құлшылық жасауы мүмкін, бірақ бұл – ол адамдағы ықыластың – Оның разылығын көздеп және берген барлық нығметіне шүкір ретінде жасалатын ғибадаттағы ықыластан төмен екендігін көрсетеді. Айша (р.а.) жеткізген бір хадисте, Алла елшісінің (с.а.с.) түнде жылап тұрып намаз оқығандығы айтылады. Сонда Алла Елшісінен «Алла сені күнәнің үлкенінен де, кішісінен де қорғады, сөйте тұра өзіңді осыншама неге қинайсың?» деп сұралғанда, Ол:

«Аллаға шүкір етуші құл болуды қалаймын!» - дейді.

Хадистегі «Алла сені күнәнің үлкенінен де, кішісінен де қорғады, сөйте тұра өзіңді осыншама неге қинайсың?» деген сұрақтан құлшылықтың алғашқы деңгейі – қорқыныш (хауф( фазасында болатындығын аңғаруға болады. Алайда бұл деңгей ықыластың әлі де толыға түсу керектігін білдіреді. Ал Пайғамбардың «Аллаға шүкір етуші құл болуды қалаймын» деген жауабынан – құлшылықтағы кемелдікті, көңіл ризалығын, ықыластағы терең деңгейді көре аламыз.

Асылында, қорқыныш эмоциясы, кейбір психологтардың айтқанындай, негативті эмоцияның қатарына жатпайды. Себебі қорқыныш дұрыс қолданылған жағдайда, адамның нәпсәни қалауларын тежеуге көмектесетін фактор. Мәселен, нәпсінің қалауына еріп күнәға барғысы келген адам, мұның соңы өзін дүниеде немесе ақыреттегі азапқа душар ететінінен қорқып, ол ойынан бас тартады. Сол секілді біреуге қиянат жасаған адам ертең мұның сұрауы барын білгендіктен, әлгі адамға ақысын қайтарып, кешірім сұрайды. Ғибадат мәселесінде де адам қорқыныш (хауф) арқылы құлшылықтың алғашқы фазасын бастан кешіреді. Яғни қорқыныш (хауф) фазасы – адамға нәпсіні тәрбиелеп, оны өз дегеніне және белгілі бір жүйеге бағындыруға ықпал етеді. Себебі адам нәпсіні азапқа душар болудан қорқады. Оны тәрбиелеу барысында «егер күнәға бара беретін болсаң, сені бұ дүние және ақыреттің азабы күтіп тұр. Одан да дегеніме көн. Бақытқа кенелесің!» деген сынды қорқыту ескертпелері қажет. Мінеки, нәпсіні осындай ескертпелер арқылы сүйрелеп отыру деңгейі – адамда ықыластың әлі де тереңдеу қажет екендігін білдіреді. Ал адам нәпсіні тәрбиелеп, рухани кемелдігін шындаған кезде, оның ғибадат-құлшылығы, сөзі мен барлық іс-әрекеті – көңіл ризалығына, Алладан басқаны қаламау және Алладан именіп қорқу (хушуғ) фазасына көтеріледі. Имену (хушуғ) – бұл да қорқыныш категориясына кіреді, алайда имену (хушуғ) фазасында адамдағы ықылас деңгейі – қорқыныш (хауф) деңгейіне қарағанда терең. Сондай-ақ, имену (хушуғ) фазасы – адамдағы рухани кемелдіктің нышаны. Жоғарыда Алла Елшісінің (с.а.с.) «Аллаға шүкір етуші құл болуды қалаймын» деген жауабы – осы айтылған, яғни «Алладан именіп қорқу (хушуғ)» деңгейі. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: