09:17
Риясыз рух

ҚҰРАН мен ХАДИСТЕ ЭМОЦИЯ

Эмоция – адамдағы ішкі энергияның көрінісі. Сезім – эмоционалды күйдің әсері. Эмоцияны басқару – іштегі энергияны жағымды жаққа бұру. Эмоция басқарылмаса сыртқа көбіне жағымсыз энергия ретінде тепкі береді.

Қазіргі таңда психологияда «эмоционалды интеллект – EQ (emotion quality)» термині әсіресе батыста кең қолданысқа ие. Дербес ғылым ретінде зерттелуде.

Бүгінгі таңдағы зерттеулер нәтижесі, жетістікке жетудің бірден-бір себебі – адамның эмоциялық қырын дамытып, ұтымды қолдана білуі екендігін алға тартуда. Мәселен, сондай зерттеулердің бірі Гарвард университетінде жүргізілген.

Мамандар университет түлектерін 10 жыл бойы бақылауда ұстайды. Зерттеу нәтижесі анықтағандай, үздік деген түлектердің ішінде жетістікке жете алмағандары бар. Білімі төмендеу түлектер жетістік мәселесінде олардан озып кеткен. Мұның себебін қарастыра келе, мамандар мынадай қорытындыға келеді. «Құр интеллект адамды жетістікке жеткізбейді. Жетістіктің 20%-ы білімге, ал қалған 80%-ы эмоциялық интеллектке байланысты. Үздік түлектер білімі өте жоғары бола тұра жетістікке жете алмады. Мұның себебі – оларда эмоциялық интеллект жақсы дамымаған».

Эмоциялық интеллект – іштегі энергияны сыртқа жағымды формада шығарып, айналамен дұрыс әрі үйлесімді қарым-қатынас орнату. Олардың ұтылған тұсы да осы еді. Олар өздерінің әлсіз және артық тұстарын, мінездегі кемшілікті, эмпатиялық қабілетті, өзара тіл табысуды, түсінісуді, шиеленіс жағдайларынан шығуды білмейтін болып шықты. Соның салдарынан университетте алған білімді практикалық тұрғыдан өмірде тиімді пайдалана алмаған.

Тұлғалық кемшіліктері – олардағы білім әлеуетін өзгелердің көруіне кедергі келтірді.

Нәтижесінде, жеңіске қол жеткізе алмады. Эмоциялық интеллекттің осындай артықшылықтарын ескере отырып, Говард Гарднер бастаған ғалымдар тобы: «Балаға академиялық білім беру жеткіліксіз. Баланың эмоциялық қырларын да шыңдау керек. Баланың IQ көрсеткішіне ғана қарап, оған толық баға бере алмаймыз» деген.

«Қарым-қатынас кезінде эмоция орын алған жағдайда, эмоция мен реакция арасында белгілі бірі алшақтық болуы тиіс. Бұл ақылға жүгіну арқылы немесе эмоция басылғанша белгілі бір уақыт күтумен не болмаса орын ауыстырумен жүзеге асады. Осы аралықта эмоция суып үлгереді де ақылдың рационалды ойлау күші мен логикалық ойлау қабілеті қалпына келеді.

Асылында, сау адам эмоцияға берілмей жүре алмайды. Себебі бұл – адам болмысының һәм табиғатының ажырамас бір бөлігі. Ал эмоцияға мүлдем берілмейтін адам, демек, науқас адам. Алайда психотерапиялық зерттеулер науқастың да эмоция танытатындығын көрсеткен.

Қазіргі таңда эмоцияның ағзаның қалыпты өмір сүруіне де әсері барын ешкім жоққа шығара алмайды. Эмоциялардың әсерімен қан айналу, тыныс алу, ас қорыту, ішкі және сыртқы секреция бездерінің қызметі өзгереді. Шектен тыс толғаныстар және олардың шамадан тыс жиілігі мен ұзақтығы ағза жұмысының бұзылуына әкелуі де мүмкін. М.И.Аствацатуров былай деп жазады: «Жүрек қорқыныш арқылы жиі бұзылады, бауыр – ашу-ызамен, асқазан – апатия және енжар күймен бұзылады».

Мұсылмандық сенімде Құран – барлық заманға, барлық дәуірге тіл қатқан иләһи кітап. Құранның көптеген аяттарында, сондай-ақ хадистерде де адамның рухани болмысы мен психологиялық келбеті жайында баян етіледі.

Құранның аз уақыт ішінде барша әлемге әсер етуінің астарында адамның психологиялық келбеті мен эмоциялық күйіне өте мұқият көңіл бөлуі жатқандығы жасырын емес. мәселен, Айша (р.а.) анамыз жеткізген риуаяттан, Құранның бұл мәселеге қаншалықты маңыз бергенін аңғаруға болады. Айша анамыз:

«Адамдар Исламға көңілдері жібіп, әбден бойлары үйренгенше халал мен харам жайын баяндайтын аяттар емес, жәннат пен тозақ жайын баяндайтын аяттар түсетін еді. Егер сол кезде «арақ ішпеңдер» немесе «зина жасамаңдар» деген секілді бұйрықтар келгенде, адамдар: «Біз ешқашан арақ ішуден, зинадан бас тартпаймыз» деп айтар еді», - дейді.

Бұл бізге Құранның адамдағы эмоциялық күйді басты назарда ұстап, эмоцияның нәижесінде туындайтын реакциялық әрекетті жіті қадағалау арқылы, адамның нені қабыл етуге дайын, нені қабыл етуге дайын еместігіне аса мән бергендігін аңғартады. Мұнымен қоса адамның жылдар бойы әуестеніп, табиғатына әбден сіңген, тіпті мінезіне айналып кеткен кейбір әдеттерден қалай құтылу керектігін және сол үшін қолайлы уақыт пен оңтайлы сәтті қолданып, бірден емес, бірте-бірте тәрбиелеу тәсілін жалғастырғанын көрсетеді. Бұл – бүгінгі таңда бала тәрбиесі мен адамның тұлғалық даму алаңдарында қолдануға болатын таптырмас әрі өте тиімді тәсіл.

Асылында, Құранның ішімдікті бірте-бірте тыю әдісінің астарында үлкен хикмет жатыр. Бұл әдіс – арақ ішу әдетін мұсылмандардың бойынан түп-тамырымен жойып жіберді. Мәселен, әуелгі аяттар ішімдіктің пайдасынан гөрі зияны басымырақ екенін айтып, адамға психологиялық тұрғыдан дайындалуға мүмкіндік туғызды. Одан кейінгі аят ішімдік ішу адамның жеке және әлеуметтік қарым-қатынасына зарар келтіріп, құлшылық-ғибадатының дұрыс орындалуына кедергі екендігін айтты. Осы арқылы адамның ішімдікке деген жиіркенішін тудырды. Осылайша адам ғасырлар бойы бойға сіңіп, мінезіне айналған әдетінен оңай бас тарта алатын жағдайға жетті. Ал соңғы түскен аяттар арқылы ішімдікке тыйым салынған кезде, кеше ғана өлеңдерінде арақты жырға қосып жүрген адамдар бір сәтке де ойланып тұрмастан, ішейін деп тұрған арақ толы құтысын лақтырып жіберді.

Адам бойынан жаман мінезді түп-тамырымен қопарып алып тастауда Құранның үйреткен бұл тәсілі – тәрбиенің ең негізгі қағидаларының бірі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: