10:32
Риясыз рух

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРҒАНУ МЕХАНИЗМДЕРІ

Адам өзіне қандай да бір қауіптің төнгенін сезсе немесе қобалжу мен қорқынышқа душар болса, тез арада бұлардан арылудың жолын іздейді. Сөйтіп өзіндегі психологиялық қорғану механизмдерін іске қосады. Құран аяттарының көптеген жерінде бұларға ишарат етіледі. Мәселен, Пайғамбар дәуірінде Мәдиналық мұнафықтар іштегі күмән, сенімсіздік, тұрақсыздық, дұшпандық секілді рухани дерттері, мұсылмандар тарапынан әшкере бола ма деп қорықты. Осы нәрсе оларды психологиялық тұрғыдан қорғанысқа итермеледі. Құран олардың жүгінген үш түрлі қорғанысына ишарат етеді. Олар:

- Исқат (проекциялау). Өзіндегі рухани дерт пен жан-дүние күйзелісін басқадан көру;

- Тәбрир (рационализациялау): Өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысу;

- Тәкуин радд әл-фиғл (реактивті білім): Іштегі мотив пен сезімдерге қайшы әрекет қылу.

 

1. Исқат (проекциялау): Өзіндегі рухани дерт пен жан-дүние күйзелісін басқадан көру

Рухани дерт пен жан-дүние күйзелісін басқадан көру – іштегі психологиялық қиналыс пен күйзеліске, кемшілік пен сәтсіздікке өзге біреуді кінәлаумен көрініс табады. Мәселен, адам біреуге іштей қызғаныш немесе дұшпандық сезімде болса, біріншіден, мұнысын жасырады. Екіншіден, іштей мойындамайды. Нәтижесінде, қызғаныш пен дұшпандық сезімді әлгі кісінің тарапына ығыстырады. Осылайша қарсы тарапты кінәлі қылып, ақыр аяғы байланысты үзеді.

Егер іштей мойындаса, проблеманы шешудің алғашқы қадамын жасағаны. Бұлай жасау арқылы адам өзіне деген шынайылықты сақтап қалады. Нәтижесінде, саналы түрде өзіндегі дертпен күресе алады. Арадағы қарым-қатынас та үзілмейді.

Асылында, мұндай сезім ішкі әлемде ұнамсыз күйді, ал сыртқы әлемде жағымсыз атмосфераны қалыптастырады. Ешбір адам ішінде дәл осындай жағымсыз күй мен сыртқы әлемінде ауыр атмосфераның болғанын қаламайды. Сондықтан мұның ең оңай жолы – оны қарсы тарапқа ығыстыра салу. Мұның жағымсыз болуының тағы бір себебі адамның өзін алдаудан туады. Яғни адам өзіндегі күйзелістің себебі мен кемшілікті мойындамау арқылы өз өтірігімен өмір сүруге мәжбүр қалады.

Бір қызығы, адам өзін өтірікке мәжбүрлесе, жалғанның тұтқынына айналады. Өйткені қанша алдауға тырысса да, бәрібір адам өзінен қашып құтыла алмайды.

Рухани дертті емдеу үшін, ең әуелі оны мойындауы қажет. Осы кезде дерт ортаға шығады. Нәтижесінде, сәйкесінше жасалатын іс-әрекет те айқындалады.

Мәселен, кезінде мұнафықтар қарсы дұшпандық пен жек көрініш сезімдерін жасырды. Мұнымен қоймай, дұшпандықты мұсылмандар жағына ығыстырды. Сол себепті мұсылмандар тарапынан қандай да бір зиян келетіндігін ойлап, іштей қауіптеніп, үнемі қорқумен жүрді. Құран олардың құлағы естіген әрбір айқайды (яғни жаңалықты, оқиғаны, мәселені) мұсылмандар тарапынан өздеріне қарсы ұйымдастырылған дұшпандық әрекет болуы мүмкін екендігін ойлап, үнемі қорқумен жүргендіктерін әшкере қылады.

«...(Олар опасыз әрі сатқын болғандықтан, үнемі қорқып, үрейленіп жүреді, сондықтан да) айқайдың бәрін өздеріне қарата айтылған деп ойлайды. Олар қас дұшпан, сол үшін олардан барынша сақтан!..» («Мунафиқун» сүресі, 4-аят).

Аяттан ұғатынымыз, олар әрбір естігенін, мұсылмандар тарапынан өздеріне жасалған зиянды әрекет деп білді. Бұл – олардың іштегі дұшпандығы және сол дұшпандықты мұсылмандардан көруінің нәтижесі.

Аята «...айқайдың бәрін өздеріне қараты айтылған деп ойлайды» сөзінен кейін «Олар қас дұшпан, сол үшін олардан барынша сақтан!» деген ескертудің келуі, олардың мұсылмандарға қарсы іштей дұшпандық сезімде екендігін анық көрсетіп тұр.

Асылында, олардың мұсылмандар тарапынан айтылған әрбір сөзді өздеріне қарата айтылған сөз деп қабылдауы – жалған ой мен өздерін алдаудан басқа түк те емес. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 25 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: