09:17
Риясыз рух

ДІНДАРЛЫҚ (СЕНІМ) МОТИВІ

Діндарлық (сенім) мотиві – адам болмысында тумысынан бар рухани мотив түрі. Адам жүрегінің түбінде өзін және әлемді жаратқан Құдіреттің бар екенін біледі. Ол мұны пікір өрбіту мен қиналған сәттерінде мұң-мұқтажын айтып жәрдем тілеу кезінде сезінеді. Адамдағы бұл рухани мотивті тарихтың әр кезеңінен және әртүрлі қоғамнан аңғаруға болады. Әлемді түсіну мен Құдай жайындағы пікірдің, сондай-ақ ғибадат формасының әртүрлі болып келуі, адамдағы ой мен көзқарас алуандығын және қоғамдағы мәдениеттің ықпалын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, адамдардың Жаратушы жайындағы түрлі пікірі мен түсінігі және әртүрлі ғибадат жасауы – әлеуметтік тәрбие мен қоғамда қалыптасқан дүниетанымның көрінісі. Демек, адам өз болмысындағы діндарлық мотивін қай сенімге бұрса, бұл мотив сол сенімнің келбетін алады.

Құран адамдағы бұл рухани мотивке ишарат етеді: «Алайда сен (жалған сенім мен екіжүзіділіктен ада болған) пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде хақ дінге (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр! Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты. Алланың жаратқаны өзгермейді, оны өзгерту мүмкін емес. нағыз хақ, мінсіз дін, міне, осы. Алайда адамдардың көбі мұны білмейді» («Рум» сүресі, 30-аят).

Бұл аяттан біз адам болмысында ақиқатты тануға және қабылдауға деген түйсіктің барын аңғарамыз. Алайда рухтың денемен байланысы, дүниелік істермен шұғылдану, дүниеге махаббат қою, сонымен қатар талаптары мен әртүрлі мәдениет аясында қалыптасқан дүниетаным, көрген тәрбие – адам болмысындағы Жаратушыға деген таза (фытри) сенімді басқа да сенімдермен алмастыруы мүмкін.

Хадистер де адам болмысында ақиқатты қабылдауға деген дайындықтың бар екенін айтады. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте.

«Әрбір сәби дүниеге келгенде таза болмыспен (бір Аллаға деген саф сеніммен) туылады. Ата-анасы ол сәбиді яһуди немесе христиан не болмаса мәжуси (отқа табынушы) қылады» - делінген. Әбу Һурайра осы хадисті айтқаннан кейін қаласаңыздар Құрандағы: «Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты» («Рум» сүресі, 30-аят) деген аятты оқыңыздар», - деген.

Хадис әр сәбидің хақ дінді қабылдауға деген табиғи дайындықпен дүниеге келетіндігіне ишарат етуде. Сәбидегі сенімнің өзге сенімге ауысуына ата-ана тәрбиесі мен қоршаған ортаның, жергілікті аймаққа тән әдет-ғұрып пен мәдениеттің әсері бар екені де көрсетілген.

Басқа хадисте:

«Әрбір сәби тілі шыққанға дейін (сенімге қатысты) тап-таза болмыста (фытратта) болады. Кейін ата-анасы оны – яһуди немесе христиан дінінің өкілі қылады» делінсе, келесі бір хадисте «(Сенім сәселесінде) таза болмыспен (фытратпен) тумайтын сәби жоқ. Бірақ бұл жағдай баланың тілі шыққанға дейін жалғасады. Кейін ата-анасы оны яһуди немесе христиан қылады» делінген.

Бұл екі хадис баланың тілі шығып, бойында көргенін, естігенін үйрену қабілеті пайда бола бастаған кезде, сәбилік таза рухани болмысында (фытратында) да өзгерістер орын алатындығын білдіреді. Яғни, балаға бұл кезде сыртқы әсерді ықпалы өте күшті.

Баланың табиғаты әлі жаманшылықты білмейтін, түрлі мағлұматпен былғанбаған, қоршаған ортаны танып-білуге енді ғана ашылған тап-таза парақ іспетті. Бұл кезеңде бала табиғаты сырттан өзіне не әсер етсе, дәл солай қабылдап алады. Осы кезеңде ата-ана қай діннің өкілі болса, сол діннің негіздері баланың бойына сіңе береді. Ал жастайынан белгілі бір діннің тәрбиесін алған бала кейін өскенде де сол дінді ұстанатыны және сол діннің өкілі атанатыны белгілі. Өйткені ес білгелі тәрбиесін алған дін – бала үшін діндердің ішіндегі ең ыңғайлысы, ең ұнамдысы ретінде қабылданады. Демек, әрбір мұсылман бұл мәселеде мұқияттылық танытқаны жөн. Баланың тілі шығып, ес біле бастаған уақытта, баланың бойына мұсылмандық тәрбиенің негіздерін сөзбен және іспен үлгі көрсету арқылы сіңдіре беру өте маңызды.

Жаратылыс тұрғысынан бар нәрсе ерте ме, кеш пе, өз миссиясын орындау үшін міндетті түрде бой көрсетеді және өзінің қажетін талап етеді. Сондықтан бала болмысындағы (фытратындағы) тап-таза сенімнің қажеттігі жер кезінде және дұрыс берілуі тиіс. Сол кезде біз баладағы діндарлқ орнығып, дұрыс жолға бағытталуын қамтамасыз ете аламыз.

Діндарлық – адам тумысында бар мотив. Жоғарыдағы аят-хадистер Ислам дінінің адам болмысына, оның сыртқы және ішкі жан дүниесіне, рухани әлеміне қаншалықты маңыз беретіндігін білдіреді. Бұдан біз аят-хадистерді түсіну – адамның психологиялық және рухани келбетін тануға, ондағы мотивтердің түп-төркінін анықтауға жол ашатындығын аңғарамыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: