21:42
Риясыз рух

НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

3. Адамның өзін бақылауы және бақылаудан екенін білуі (мурақаба)

Алламен рухани байланыс орнатып, нәпсімен шарттасқаннан кейін, адам әрдайым өзін бақылауда ұстауы тиіс. Сонымен қатар, өзінің де Алла тарапынан бақылауда екенін ұмытпағаны жөн.

Өзін бақылау физикалық, психологиялық және рухани тұрғыдан жүзеге асқанда толыққанды болады.

 

Физикалық тұрғыдан өзін бақылау (мурақаба)

Бірінші кезекте денсаулыққа көңіл бөлу. Ол үшін адал ас пен дұрыс тамақтану қажет. Спортпен шұғылдану өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, салауатты өмір салтын ұстануды күнделікті әдетке айналдыру керек.

Одан кейін денені және барлық ағза мүшелерін күнәнің үлкені мен кішісінен сақтау маңызды. Мәселен, тілді ғайбаттан, көзді ұятты іске қараудан, құлақты жаман сөз тыңдаудан, аяқты күнәлі іске барудан, қолды күнәлі істі орындаудан, ұятты жерді күнәлі іске қолданудан т.б. Мына мәселені ұмытпағанымыз жөн. Ағза мүшелері – жүрекке апаратын саңылаулар. Денемен жасалған күнәнің әсері көз, құлақ, тіл секілді саңылаулар арқылы жүрекке жетеді. Нәтижесінде, жүректегі нәзік сезімдер әлсірейді. Осылайша адам бірте-бірте өзінің адамшылығын жоғалтады.

Алла елшісі (с.а.с.): «Адам күнә істесе, жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер жасаған күнәсіне тәубе қылса, әлгі қара дақ өшеді. Тәубе етпеген қалпы күнәлі істі қайталай беретін болса, қара дақ үлкейіп жүректі толығымен қаптайды. Ақыры жүрек қап-қара болады (яғни ештеңені сезбейтін өлі жүрекке айналады)», - деген.

 

Психологиялық тұрғыдан өзін бақылау (мурақаба)

Адам психологиялық тұрғыдан өзін бақылауға алмаса, алға қойған мақсатына жетуі қиындайды. Ол үшін адам не істеу керек бірінші кезекте, санасын мазалайтын ойлардан сақтануы тиіс. Ой дұрыс болмаса, адамды іштей кеміріп ауру етеді. Сондықтан адам ең әуелі өзі жайында, одан кейін өзгелер жайында да жақсы ойда болғаны жөн. Жақсы ой – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Жақсы ойдың тұрақтылығын сақтап отыру үшін, сырттан болан қандай да бір негативті әсерді (ол біреудің тарапынан сөз күйінде немесе іс жүзінде болуы мүмкін) санаға алмау қажет. Бұларды санаға қабылдау – өмірді қолдан қиындату деген сөз. Сол себепті жеңіл өмір сүрудің ең оңай жолы – қажеті жоқ сөз бен іс-әрекетті санаға қабылдатпау және көңілге алдырмау.

Бұл адамды ашу, стресс, депрессия, кекшілдік, қажетсіздік, өзіне деген сенімнің төмендеуі, жалғыздық секілді рухани дерттерден сақтайды. Бұлардан өзін сақтай білген адам, қай жағынан болсын, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.

 

Рухани тұрғыдан өзін бақылау (мурақаба)

 Бірінші кезекте, білім алуға және құлшылық-ғибадаттарға мән беру қажет. Күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырған жөн. Кітап оқу және білім алу – жүректің рухани азығы. Осыны ұмытпаған жөн. Жүрек өзіне тиесілі азықты алып тұрмаса, рухани әлем қаңырап бос қалады.

Рухани әлемде пайда болған бостық сыртқы әлемге әсер етеді. Нәтижесінде, адамның сыртқы әлемінде де бостық пайда болады. Уақытты босқа өткізу, бос нәрсемен айналысу, бос сөзге үйір болу – мұның бәрі рухани бостықтың сыртқы көрінісі.

Осыдан барып өмірден түңілу, жалығу, жалғыздық т.с.с. дерттер ортаға шығады. Мұнымен қоса рухани бостық – мінездегі құндылықтарды жояды. Мінездегі бостық болса, басқаларға еліктеуге әкеледі. Ал басқаларға еліктеу – қоғамды аяқта ұстап тұратын барлық құндылықтарды жоқ етеді. Бүгінгі таңда мұсылман әлемінің ұрынған қателігі де міне осы. Байқасаңыз, айтылғанның бәрі рухани бостықтан бастау алған кеселдер. Сондықтан адамның рухани тұрғыдан өзін бақылауда ұстауы өте маңызды нәрсе. (жалғасы бар)

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 45 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: