11:49
Риясыз рух

НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

2. Шарттасу (мушарата)

Адам – Алламен рухани байланыс орнатқаннан кейін, ең әуелі өз нәпсісімен шарттасуы тиіс. «Өзара шарттасу» мағынасына келетін «мушарата» сөзі тілдік тұрғыда – екі адамның саудада пайдаға кенелу мақсатында өзара келісім жасап, шарттасуы. Ал нәпсі тәрбиесіне қатысты қолданыстағы шарттасу (мушарата) – кешке және таңертең немесе күндізгі уақытта адамның өз нәпсісімен шарттасуын білдіреді. Ол – нәпсінің салиқалы амалдарды орындап, жаман әдеттерді тастауы үшін, онымен келісімге келіп, шарт жасау. Мәселен, адам нәпсісіне былай деп шарт қойғаны жөн:

«Ертең мына кітаптың 20 бетін оқуға тиістісің. Бұл саған шарт. Сонымен қатар мына әдетті ертең мүлдем жасамауың қажет. Осылайша бірте-бірте бұл әдетті тастайсың. Осы айтқанымды орындасаң, көп ұзамай сенің жетістікке жететініне кепілдік беремін. Мұнымен қоса, осы кітапты аяғына дейін бітірсең, сен үшін арнайы сыйлығым бар. Ал кітап оқуды немесе жаман әдетпен күресуді орта жолдан тастап кеткен жағдайда, жетістікке жетуің қиындайды. Олай істейтін болсаң, саған берер сыйлығымнан да бас тартамын. Ал егер бастаған істі орта жолдан тастап кетуді жиі қайталайтын болсаң, белгілі бір жаза түрін қолданамын».

Адам күнделікті өз нәпсісімен осылайша шарт жасасып отыруы тиіс. Сол кезде алға басу, жан-жақты даму үрдісі жүйеге қойылады. Әйтпесе адам кері кете бастайды. Адамда бір орында тұрып қалу деген нәрсе жоқ. Не дамиды, не кері кетіп, тоза бастайды. Адам әрдайым өзіне былай деп ақыл-кеңес айтқаны жөн:

«Ей, нәпсім! Менің уақыттан һәм өмірімнен қымбат байлығым жоқ. Өмірім кетсе, бар байлығым қоса кетеді. Бұл өмір маған бір-ақ рет берілген. Соны лайықты түрде сүруім қажет. Сен менің бір бөлшегімсің. Егер мені артқа тартып, өмірімді, мендегі энергияны, уақытты дұрыс қолданудан тосатын болсаң, біліп қой, сен де менімен бірге құрисың. Міне, Алла тағала бізге тағы бір күнді сыйға тартты. Тағы бір сәтке өмір сүру мүмкіндігін берді. бұл – екеуміз үшін де үлкен мүмкіндік. Ендеше, бұ дүниең мен ақыретіңе пайдалы болған іспен шұғылданып қал. Өзімізге де, өзгелерге де пайдамыз тисін. Егер бүгін тағы бір күн сыйға берілмегенде не істер едің?! Олай болса, ей, нәпсім! Алған деміңнің бірін де босқа жұмсама. Ақылды адам үшін әрбір күн – жаңа бір өмір екендігін біл» әр күніңді дұрыс ниетпен, татымды жоспармен өткізуге тырыс. Жылдар өтер, айлар өтер, уақыт сырғып бір орында тұрмайды. Алайда маңыздысы – сенің қай кезеңде, қандай жағдайда болмасын өз мақсатыңнан танбауың! Күндерің жақсы ниетпен, дұрыс жоспар құрумен басталсын және мұның бәрін іс-әрекетпен ұштастыра біл. Сол кезде нағыз биіктерден көрінесің! Өйтпеген жағдайда сенен бейшара адам болмайды. Таңдау өзіңді!»

Асылында, адамдағы жүрек пен ақыл – ақырет жолындағы саудагерлер іспетті. Олардың пайдаға кенелудегі негізгі мақсаты – нәпсіні тәрбиелеу, оны әртүрлі азғындық іс-әрекеттер мен жаман мінездерден тазарту, жан-жақты дамытып, кемел адам қылып қалыптастыру.

Сондықтан адам әрдайым нәпсісімен сұхбат құрып, оған пайданың қайда екендігін ұқтырып, арнайы түрде шарттасып, жүрек пен ақылға өз мұратына жетуіне жәрдемдесуі тиіс. Мұнымен қоса рухани әлемі мен дене мүшелерін тек Алла жолында және адамзаттың игілігі үшін қолданатындығына қатысты өзіне сөз беруі қажет. Бұл жерде ниетті жақсартып отырғаны жөн. Бұл оны жетістікке жеткен кезде тура жолдан тайқып кетуден сақтайды. (жалғасы бар)

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 42 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: