19:30
Риясыз рух

ӨЗІН және ӨЗГЕЛЕРДІ, СОНДАЙ-АҚ ӨМІРДІ ШЕКТЕН ТЫС ЖАҚСЫ КӨРУ СЕБЕПТІ ТУЫНДАЙТЫН НӘПСІНІҢ ДЕРТТЕРІ

1. Екі жүзділік (мұнафықтық)

Екі жүзділік – күпірлікті жүректе жасырып, иманды тілмен айту. Екі жүзді адамдағы дерттің барлығы – жүректе жасырған осы күпірліктің салдары. Мұның себебі: оның көңілі де, жүрегі де материалдық дүниеге байланған. Өмірді жақсы көретіні соншалық – мың жыл өмір сүрсем деп армандайды. Құран бізге екі жүзділік дертінің ең сорақы тұстарын баян етеді: «олардың күллі адамзат ішіндегі осы жалған өмірге ең құштар жандар екенін көресің. Тіпті олар (өмірге деген құштарлықта) мүшріктерден де асып түседі. Олардың әрқайсысы кем дегенде мың жыл өмір сүруді қалайды. Алайда ұзақ өмір сүру бәрібір оны азаптан құтқарып қала алмайды. Алла олардың не істеп, не қойып жүргенін көруде» («Бақара» сүресі, 96-аят).

Екі жүзді адам – нағыз эгоизмнің шыңына жеткен адам. Өзінен басқаны керек қылмайды. Сондықтан мұндай типтегі адам өзгелермен қарым-қатынасында жүрегінде жоқ нәрсені тілімен айтып, оларды алдайды, өтірік айтады, уәде берсе оп-оңай бұза салады, өзіне аманат тапсырылса ойланбастан қиянат жасайды. Өте сараң келеді. Бір сөзбен айтқанда, адами құндылықтар ол үшін түкке тұрғысыз нәрсе. Алла елшісі (с.а.с.) өзінің хадистерінде: «Екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды; аманатқа қиянат жасайды», - деген. Олардың табиғатындағы мұндай қырлары Құранның бірнеше жерінде баян етіледі:

«Жүректерінде болмаған нәрсені ауызбен айтуда. Алла олардың ішіне бүккен пиғылдарын жақсы біледі» («Әли Имран» сүресі, 167-аят).

«Екі жүзді ерлер мен екі жүзді әйелдер бір-бірінен айнымайды. Олар әркез жамандықты бұйырып, ел-жұртты жақсылықтан, ізгіліктен қақпайлауға тырысады. Қолдарын ашпайды (яғни Алла жолында қайырымдылық жасауға келгенде көк тиын шығарғысы келмейді)» («Тәубе» сүресі, 67-аят).

Құлшылық мәселесінде де екі жүзді адам өте жалқау келеді. Құлшылықты орындаған күннің өзінде, жүректегі күпірлігі себепті ықыластан жұрдай күйде. Әр ісін адамдар көрсін деп, мақтан үшін жасайды.

«Олар намазға тұрғанда, кежегесі кейін тартып, еріншектеп әрең тұрады һәм құлшылықты мүміндерге көз қылып жасайды. Сондай-ақ Алланың өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят).

Олар өте жасқаншақ, батылсыз, сол себепті жағымпаз келеді. Рухани жан дүниелері тұрақсыз әрі жүректері ешқашан тыныштық таппайды. Олардың белгілі бір рухани хәлі болмағаны секілді, өздерінен басқа сүйенер белгілі бір ортасы да жоқ. Құран бізге мұны былайша баян етеді: «олар екі арада (мұсылмандар мен кәпірлердің арасында жағымпазданып) жүреді, не мыналарға қосылмайды, не аналарға қосылмайды» («Ниса» сүресі, 143-аят).

Осындай рухани дертті емдемей, соған разылық танытып, бар өмірін босқа сарп еткендіктері үшін, сонымен қатар күпірліктерін жүректе жасырып, адамдарды алдап, қоғам ішінде бүлік жайғандықтары себепті, дініміз екі жүзді адамдарға ауыр азаптың барын айтып қатты ескертеді. Мұсылмандарды да бұдан сақ болуға шақырады. Алла елшісі әрдайым. «Уа, Алла тағалам! Бүліктен, екі жүзділіктен және жаман мінез-құлықтан саған сиынамын» деп дұға қылатын.

 

2. Қулық-сұмдық, айла, қастық

Бұл адамның жаман пиғылын көрсететін нәпсі ауруы. Мұның да аржағында эгоизм дерті жатыр. Адам қулық-сұмдыққа, айлаға, қастыққа, белгілі бір пайдаға кенелу үшін барады. Пайда табу мақсатында осы жолды таңдап, осындай әдіс-тәсілдерді қолдануы – оның рухани дертке шалдыққандығының айғағы. Ислам діні бұған қатаң тыйым салады. Пайдаға адал жолмен, ешкімнің ақысын жемей жетуді мақсат етеді. Бұған дейін айтқанымыздай, қулық, айла секілді тәсілдер тек соғыс жағдайында және төнгелі тұрған қауіптің бетін қайтару мақсатында ғана қолданыс таба алады. Ал бейбіт уақытта мұны қолданысқа енгізу – күнәлі іс. (жалғасы бар)

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: