07:26
Риясыз рух

НӘПСІ ДЕРТТЕРІ

Жалпы адам болмысындағы нәпсі дерттері «қалай, неден пайда болады және қалай дамиды?» деген сұрақ әр адамның санасын мазалайтыны белгілі.

Біріншіден, нәпсінің дерті – адамның жан дүниесінде пайда болатын құбылыс. Бұл әуелде түсініксіз сезім ретінде басталуы мүмкін және адам алғашында бұған таңырқай бастайды. Егер адамның нәпсі дерттерімен жұмыс жасау тәжірибесі аз болса, оның туындау себептері мен өзінің ол ауруды не үшін қабылдағандығын түсіне алмайды. Алайда нәпсі дертінің өз болмысынан туындап, барлық ағза мүшелеріне жайыла бастағандығын сезеді. Егер дер кезінде емдеуді қолға алмаса, көп ұзамай оның әсерінің сыртқы ортаға ұласып кеткенін байқайды.

Екіншіден, нәпсі дерттері адамға өзінің тұлғалық бейнесін сезіп-білуге кедергі келтіреді. Нәпсісі дертке шалдыққан адам өзінің кемшіліктері мен артықшылықтарын көре білмеуі немесе көрсе де елемеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде адамның кемелдік дәрежесіне жетуіне тосқауыл болады. Нәпсінің дерті күшейген сайын, адамдағы ішкі жан дүниенің тынышсыздығы, күйзеліс, қобалжу, абыржу, мазасыздық, түсініксіздік, жалғыздық т.с.с. негатив сезімдер де арта береді. Бұлар шектен шыққан жағдайда, адам өмірінің мәнін кетіретін дүниелер. Себебі жан дүниесі күйзеліске түскен адам айналасынан, адамдармен қарым-қатынастан, атқарып жүрген іс-әрекетінен рухани әрі психологиялық ләззат ала алмайды.

Үшіншіден, нәпсінің дерті адамның ішкі жан дүниесінде пайда болып, сонымен тоқтап қалмайды. Егер адам одан арылуға әрекет қылмаса, ол бірте-бірте денеге жайылады. Мұнымен де тоқтап қалмай, адамның дене мүшелері арқылы өзіне, сыртқы ортаға, айналасындағы адамдарға зиян беретін қалыпқа еніп, әсер ете бастайды. Бір сөзбен айтқанда, нәпсі дерттері емделмеген жағдайда, адам өзін іштей де, сырттай да құртатын ауыр науқасқа шалдығады.

Төртіншіден, адамның басым көпшілігі – есі ауысқан жынды адам мен нәпсі ретіне шалдыққа адамды шатастырып, екеуін бір нәрсеге балап жатады. Алайда бұл екі бөлек нәрсе. Жындылық деген – ақылдың ауытқуы. Сол себепті жынды адам өз ісіне есеп бере алмайды. Дінде де мұндай адамға ауруынан айығып, ақылы орнына келгенше міндеттемелер жүктелмейді. Барлық жағдайда болмаса да, көп жағдайда ақылынан ауытқыған адам өзі үшін және қоғам үшін қауіпті болып саналады. Сондықтан ондай адамды жалғыз өзін қараусыз қалдыру қауіпті. Ал нәпсі дертіне шалдыққан адам қоғамға зиян тигізе қоймайды. Оның тигізетін зияны көп жағдайда мағнауи, яғни рухани тұрғыда көрініс табады. Алайда кей жағдайларда нәпсідегі дерт дене мүшелері арқылы сыртқы ортаға да зиян әкеліп жатады.

Мәселен, біреуді қызғанған адам, тілімен және қолымен немесе басқа да дене мүшелерін іске қосып, нәпсідегі қызғанышты іс-әрекетпен жүзеге асырмаса, өзіне және айналасына рухани тұрғыдан ғана зиян тигізеді. Ал дене мүшелері арқылы іс-әрекетке асырған жағдайда қызғанышы материалдық көрініс тауып, адамға немесе қоғамға рухани ғана емес, тікелей де зиян әкеледі.

Сонымен қатар ақылы ауытқуға ұшыраған жынды адам өзінің науқас екенін сезінбейді және өзін ешқашан науқаспын деп санамайды. Керісінше, ол үшін өзге адамдардың барлығы есі ауысқан жынды болып есептеледі. Өйткені ол ақылдың ауытқуы себепті, өмір шындығымен тіршілік ету мүмкіндігінен айырылып қалған. Өзінің өмірге деген көзқарасын нағыз ақиқат деп таниды. Оның бұл хәлі – өзін толық жеткілікті санау күйінен туындайды. Яғни ондай адам үшін өзінен сау әрі құдіретті нәрсе жоқ.

Ал нәпсі дертіне шалдыққан адам жан дүниесіндегі күйзелісті немесе тұрақсыздықты сезеді. Оның ақылы сау болғандықтан, мұндай дерттерге қарсы өзін толық жеткілікті санау хәлін бастан кешіре алмайды. Әсіресе нәпсі дерттерін емдеуде тәжірибесі аз немесе мүлдем жоқ адам болса, бұл оның іштегі күйзеліс күйін арттыра түседі. Сол себепті нәпсі дерттерінің түрлерін біліп, оларды емдеу жолдарын үйрену өте маңызды.

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 58 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: